Еліміз EXPO-2017 көрмесіне қызу дайындалуда. Осы көрме арқылы Қазақстанның ғылыми-технологиялық потенциалы да танылмақ. Мәселе, өзгелер қолданған жобаларды қайта жаңғыртуда емес, өзіндік төл туындылармен әлем жұртшылығының назарын аударуда. Бұған дейін аталмыш көрмені өткізген елдің бірі Жапония (EXPO-2005) келушілерге қандай тың жобаларын ұсынды екен, енді соған назар аударайық.
EXPO-2005 көрмесінде Жапония 100 пайыз өз жерінде жасалған және тек жапон ғалымдары жасаған төл идеяларын жұртшылыққа ұсынды. EXPO-2005 көрмесін ұйымдастырушылар үш мәселені басты назарды ұстады:
1. Аталмыш көрмеге келген әр адам қоршаған орта, табиғат ресурстары, энергетика, т.б. жөнінде өзін толғандырған сұрақтарға жауап табуы керек. 2. EXPO-2005 адам мен табиғат достығының әлемдік лабораториясына айналуы қажет. 3. EXPO-2005 көрмесінің тағы бір мақсаты — әлемдік қоғамдастықта Азия елдерінің рөлінің өсуіне байланысты адамзат назарын Азиялық дамуға аудару.
Жапон жерінде өткен халықаралық көрмеге қарапайым тұрғындар да атсалысқан. Жобаларды ұйымдастырушы Кавата Синахоның айтуынша жеке кісілерден 195 жоба келіп түскен. Жер шарын жасыл желекке айналдыруды мақсат еткен «Global Village» Үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Гото Хисанори 30 жоба жасағанын айтады. Болашақтың технологиясын бүгін жасап, жүзеге асырып, көзге көрсетіп отырған Жапония EXPO-2005 көрмесінде техникалық жетістіктерін ел назарына жеткізіп берді. Толығымен Жапонияда, жапон мамандарының қолымен жасалған технологиялық туындыларға әлем жұртшылығы таң қалды. Ұраншылдық, науқаншылдық, көз бояушылықты білмейтін жасампаз елдің EXPO-ны өткізудегі өнегесін одан кейін көрмені ұйымдастырған Испания, Қытай мен Корея негізге алды. EXPO көрмесін өткізетін әр ел төл идеясымен, өз өнімдерімен танылса игі.
Сарапшылар EXPO-2005 көрмесін беске бағалады. Дүниежүзінің 121 мемлекетінен 200 компания қатысқан Нагоядағы көрме жапон жерінде өткізілген саны жөнінен төртінші және ең үздігі екен. EXPO-2005 көрмесін шет елдік сарапшылар беске бағалаған. Ал француз павильонының бас коммисары Бернар Тестю «10 балдық көрсеткіш бойынша 2005 жылғы Нагоя көрмесіне 10 балл қоямын» депті. Сарапшылар 25 наурыз бен 25 қыркүйек аралығында өткен көрмеден ешқандай мін таппаған, бір ғана кемшілігі павильон алдындағы ұзыннан ұзаққа созылған кезек деседі. Бірақ бұны да кемшілік дегеннен гөрі артықшылыққа балаған дұрыс. Өйткені, мамандар көрмеге 11 миллион адам келеді деп болжаса, келушілер саны 22 миллионнан асып кеткен. Жабылу салтанатына мұрагер ханзада Нарухито мен сол кездегі премьер министр Дзюничироу Коидзуми қатысқан көрме елге үлкен пайда әкелді. Тек кіру билетінен түскен пайда 42,5 миллирд иен (308 миллион евро) болды. Көрмеден түскен таза табыс көлемі — 90 миллион доллар. «Йомиури» газеті 25 қыркүйектегі санында көрменің соңғы күні сағат 16 -да келушілер саны 200 мың 285 адам екенін жазса, «Japan Economic Newswire» басылымы 27 қыркүйектегі санында көрмеге қатысты Бельгия делегациясының пікірін жариялаған. Делегация басшысы Альфенс Бесманс EXPO-2005 көрмесінен Бельгияға қомақты пайда түскенін мәлімдеген. Бельгия павильонына келушілер алты айда барлығы 45000 литр сыра ішіп, 900000 вафли, 100000 -нан астам балмұздақ, 20 тонна шоколад жепті.
Көрмеге арнайы әкелінген 18000 жыл бұрынғы мамонт қаңқасы қайтадан Саха Республикасына жіберілсе, экспонатты көруге 7 миллионнан астам адам келіпті. Тарихи экспонатты еліне қайтару үшін орап жатқанда мамонт қаңқасы жапон мамандарының жіті бақылауында болған. Көрмеде гид роботтан басқа 200000 ерікті жұмыс істеген. Еріктілер келушілерге бағыт көрсетумен бірге олардың қоқысты төрт түрлі жәшікке бөліп тастауын қадағалаған. Жапонияда қалдық атаулы қайта өңделетіндіктен, қоқыс тастайтын орында төрт түрлі жәшік тұрады. Яғни, көрме кезінде Жапонияның қоғамдық заңдары сақталуына мән берілді.
Көрмеге қатысқан әр өңір өз ерекшелігін барынша танытты. Нагоя қаласы осы көрмеге арнап «Жер мұнарасын» тұрғызды. Үш бұрышты мұнараның қабырғалары жергілікті тұрғындардан жиналған қағазбен қапталған. Бұл ғимарат айналаға жарық шашып, түсін құбылтып тұрады. Қасындағы үш жел диірмені желмен бірге айналып, айналаны әсем әуенге бөлейді. Жарық, су, желді бейнелейтін мұнара табиғаттың үндестігін көрсетеді.
«Ниппония» басылымына берген сұхбатында Канада делегациясының жетекшісі Норман Моэр «1851 жылдан бері өткізіліп келе жатқан EXPO көрмесіне Канада үздіксіз қатысып келеді. Канадада мынандай жақсы дәстүр бар. Көрме өтіп жатқанда мектептерде сол мемлекет туралы дәрістер ұйымдастырылады. 2005 жылы Нагояда көрме өткенде Канада мектептерінде Жапония туралы сабақтар жүргізілді» деген.
Шарафат Жылқыбаева
жапонтанушы
Оставить комментарий