Менің замандастарым қандай мамандық таңдап жатыр, олар өз болашақтарын қандай мамандықпен байланыстыратындары қазіргі кезде өзекті. Сол себепті мен замандастарым мен құрдастарыма «Қандай мамандық таңдадыңыз?» деген сұрақ төңірегінде сауалнама жүргізген болатынмын. Сауалнама қорытындысын назарларыңызға ұсынып отырмын:
Мағжан Сембаев – 11 сынып оқушысы.Атырау облысы Қызылқоға ауданы Кенбай орта мектебінің оқушысы:
- Балалық шақтан арманым дәрігер болу еді.Міне, Алла қаласа, осы арманыма жеткім келеді. Ата-анам да ақ халатты абзал жандар болғандықтан менің осы мамандықты таңдауыма олар да қарсы болмады. Қазіргі кезде медицинаға көп көңіл бөлінуде. Ауылдық жерде мамандар тапшы болып келеді. Міне, осы жағдайды біле отырып, мен сапалы білім алып, болашақта білікті маман болып, ауылыма келіп мамандығым бойынша жұмыс істеп, еліме пайдамды тигізгім келеді.Әрине, ол үшін үлкен сынақ ҰБТ-ден жоғары балл алуым қажет.Тек бәрін ҰБТ шешетін болды ғой қазір...
Жаңылтай Жексенбаева, 11 сынып оқушысы:
- Мектеп бітіруші түлектер үшін мамандық таңдау – маңызды әрі жауапты іс .Оқушыны айналасындағы қыр-сыры көп мамандықтардың барлығы да қызықтырады.Бірақ, әрбір адамның белгілі бір мамандық түріне бала кезден бейімі мен қызығушылығы болуы керек. Сол сияқты менің де бала кезімнен арман еткен мамандығым – тележүргізушілік.Бұл мамандықты таңдауда ата-анаммен және ұстаздарыммен көп ақылдастым.Мені бұл мамандық саласы өте қатты қызықтырады.Барша жұртқа жағымды жаңалық таратып, бүкіл жұртпен дидарласу – менің үлкен арманым. Мен өзіме үлгі ретінде жаңалықтар жүргізушісі Гүлназ Әлімгерей, Мейіржан Әлібекұлы, Айзада Жақсылық, сонымен бірге «Әуесбайдың Қанаты» деген өзіндік стилі бар Қанат Әуесбай, Қымбат Досжан аға-әпкелерімді айта аламын.Таңдаған мамандығыма кез келген жерден қызмет ету мүмкін емес, соған қарамастан мен бұл мамандықты таңдаудағы шешімімді өзгерткем жоқ.Себебі әр адам өзі сүйген мамандықты таңдаудан бас тартпауы тиіс деп білемін және сол мамандыққа жету жолында алдына үлкен мақсат қоя біліп, еңбек етіп тер төгуі тиіс.
Еламан Жайлыбай,11 сынып оқушысы:
- Мамандық таңдау әрбір азамат пен азаматша үшін аса қажетті болып табылады.Менің таңдап отырған мамандығым - әскери өрт сөндіру қызметінің маманы.Бұл мамандыққа таңдау пәні – физиканы таңдадым. Физика мен үшін қиын болса да ,арманыма жету үшін аянбай оқып, ҰБТ-ден жоғары балл жинап, еліміздегі Көкшетау әскери училищесіне түскім келеді.Өзім қатаң тәртіпті, жауапкершілікті ұнатамын.Әскери адам бойында қаталдық, жауапкершілікті болу басты қасиеттердің бірі деп білемін. Барлық ҰБТ тапсырушы талапкерлерге сәттілік тілеймін!!!
Майра Жанәділова, 11 сынып оқушысы:
- Мамандық таңдау мектеп қабырғасынан басталады.Бүгінгі таңда мектеп бітіруші түлектер үшін мамандық таңдау – жауапты іс.Жалпы мамандық – білімділік пен біліктілікті қажет етеді.Өмірден өз орнын тауып , елімізге қажетті маман иесі болу бәріміздің арманымыз.Менің таңдау пәнім – қазақ әдебиеті.Қазақ әдебиеті пәні мұғалім болғым келеді.Менің ойымша, педагогикалық мамандықтар ешқашан да жұмыссыз қалдырмайды.Мұғалім қашан да керек мамандық.Оның үстіне келешегі де жақсы,қазіргі таңда бала санының көбеюіне байланысты көптеген жаңа мектептер салынып, мұғалімдер жетіспей жатыр.Мамандық таңдаудың ережесін түсінбей, оңай олжаға қол жеткізуді ойлап түлектер өздері қызықпайтын, болашағы қалталы деген мамандықтарды таңдап жатады.Әйтсе де нақ осы мамандықтар бойынша оқу бітіріп, қанағаттанбай, реніш сезімдері туып жатады.Соның салдарынан болашағына жоспар құрғысы келмей, әртүрлі құрылыстарда, көлік жуу орындарында жүрегндері қаншама.Сондықтан талапкерлер мамандық таңдау барысында алдына мақсат қойып, ата-анасымен ақылдасқаны жөн.Себебі, қандай ата-ана болса да қанаттыға қақтырмай , тұмсықтыға шоқтырмай өсірген баласымен мақтанып, белгілі бір маман иесі болғанын қалайды.Алға ұмтылып, арманыма жетіп, белгілі бір маман иесі болып , ата-анамның үмітін ақтаймын деген сенімдемін.
Фариза Жамбыл, М.Х.Дулати атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы.Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы Ықыластемір ауылы
- Мен ҰБТ-де бесінші пән ретінде өзім қалаған химия пәнін таңдадым. Өйткені мен бала кезімде мұғалім болуды армандайтынмын.Кейін келе 8-сыныпқа аяқ басқанымызда химия пәнін оқи бастадық.Химия пәні мені бірден өзіне баурап алды.Содан бері сүйіп оқимын.Негізінен анам дәрігер болуды қалады.Өйткені «қыз балаға дәрігер мамандығы ыңғайлы мамандық әрі кез келген жерде сұранысқа ие мамандық» екенін айтты. Алайда мен қалаған мамандық болмағандықтан ,өзім қалауым бойынша осы химияны таңдап, болашақта инженер-химик болғым келетінін айттым.Ата-анам да қазір түсініп, маған «ақ жол» тілеп, «Алтын белгі» қорғауыма сәттілік тілеп отыр.Барлық абитуренттерге жоғары балл жинауларына тілектеспін!Өздеріңіз қалаған мамандықтарыңызды таңдаңыздар!
Сонымен, замандастарымның да пікірін естідім. Бір өкінәштісі жалпы мектеп бітіруші 11 сынып оқушыларының ішінде ұл балалар аз болады. Барлық мектептерде де осы жағдай. Неліктен? Сонда ұл балалар «колледж» бітірсе жарайды, қыздар оқысын дегеніміз бе ?...Әлде «құласаң нардан құла» деген есті қазақтың мақалын естен шығарып, «құласа қыз құласын» дегеніміз бе?...
Тағы бір жайт, мамандықтарын кейбірі өз қалауымен, арман ретінде таңдаса, бірі ата-анам осыны қалайды, негізгі мамандығым бұл емес еді, дейді, енді бірі таңдау пәнім оңай, соған байланысты бір мамандықты алып шықсам екен, әйтпесе физика, химия деген пәндерге тісім өтпейді дейді..., ал ендігі біреулері мамандығымды әлі таңдағам жоқ, әлі шеше қоймадым, ҰБТ сынағы үстінде қай пән оңай жағынан келеді, соны таңдармын деді...Өкінішті-ақ , әрине...
Замандастарыма қарап отырсам, бірі таңдау пәнін І тоқсан аяғында мамандығына байланысты ауыстырып жатса, енді бірі осы таңдаған мамандығына қандай пән таңдайтынын да білмепті. Бәрін де арман біреу - ҰБТ-ден жоғары балл жинап, ата-аналарына салмақ салмай грант ұтып, жоғарғы оқу орнында оқу. Армандарыңызға жетіңіздер! Біз – еліміздің ертеңгі болашағымыз. Сондықтан аянбай тер төгіп, оқып, елге пайдамызды тигізейік!
Айзада Жайыққызы
Сурет "Массагет" сайтынан