Үкіметтің Ұлттық қордың түбіне жететін түрі бар. Бүгін үш жылдық бюджетті бекіткен депутаттар осылай деп дабыл қақты. Дағдарыс кезінде қажет ақшаны министрлер оңды-солды шашып жүр дейді мәжілісмендер. Сондықтан Мәжіліс бюджет тапшылығын сылтауратып, Ұлттық қорға қайта-қайта қол сұғуды доғаруды талап етті. Бірақ министрлер кабинеті биыл халықтың тұрмысын көтеріп әлеуметтік салаға көп көңіл бөлетіндеріне сендіруде.
Бұл туралы Ктк арнасы хабарлайды.
Басты қаржылық құжатты қорғауға келген Бақытжан Сағынтаевқа бюджетті бекіту оңайға соққан жоқ. Депутаттар алдағы үш жылдық шығын және табыспен таныса салысымен, министрлер кабинетіне дүрсе қоя берді.
Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты:
-Алдағы үш жылда Ұлттық қордағы қаржы 9,5 миллиард долларға азайып қалады екен. Түсімі де төмендейді. Сіздер бюджеттің кез-келген шығынын Ұлттық қордағы қаржымен жабуды әдетке айналдырып алдыңыздар. Бұл түрлеріңізбен қордағы ақшаны тауысып бітіресіздер.
Ұлттық қордағы ақша оңды-солды жұмсалып жатыр деген жанайқайға шенеуніктер селт ете қоймады. Есесіне, бюджет бекітілсе жұрттың тұрмысы түзелеріне сендіріп бақты.
Бақыт Сұлтанов, Қаржы министрі:
-Жылына 47 мың азаматты жұмыспен қамту қарастырылады. Ол үшін үш жылдық бюджетте 113,5 миллиард теңге жоспарланады. Екіншіден, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікті қолдау үшін алдағы үш жылға 46 миллиард теңге қаралады. Қолжетімді тұрғын үйге 143 миллиард теңге.
Екінші кезекте білім беру саласы тұр. Мәселен, апаттық жағдайда тұрған мектептерді жөндеуге және жаңа оқу орнын салу үшін бюджет пен Ұлттық қордан 94 миллиард теңге жұмсалмақ. Сондай-ақ, базалық зейнетақы да 9 пайызға өседі екен. Инфляция деңгейі бір қалыпты, бюджеттің тапшылығы да белгіленген мөлшерден аспайтын көрінеді. Бірақ бұған депутаттар алдана қоймады.
Нұртай Сабильянов, Мәжіліс депутаты:
-Біз жылына бірнеше рет осы республикалық бюджетті нақтылаймыз. Үкімет те өз тарапынан көптеген түзетулер енгізеді. Сайып келгенде Үкімет түпкілікті нәтижеге қол жеткізетін бюджетті қамтамасыз ете алмай отыр. Мемлекеттік бағдарламалар толық орындалмайды, көрсеткіштер орындалмайды, есеп берілмейді.
Бюджетті қайта қарауға әлі талай келетіндерін премьердің өзі де мойындап отыр. Табыс пен шығын мұнай бағасына тікелей тәуелді болғандықтан, қаржылық құжатты бірнеше рет өзгертуге мәжбүрміз дейді Сағынтаев.
Бақытжан Сағынтаев, Премьер-министр:
-Мұнайдың бағасы геосаяси жағдайларға өте тәуелді. Оған қосымша Ирактағы, Сириядағы болып жатқан жағдайлар да көп әсерін тигізіп отыр. Сол себептен де бүгін талқылауға салып отырған бюджетке қарасақ, кірістердің 45 пайызы негізінен мұнай саласына түскен қаржыға тәуелді.
Депутаттар басты қаржылық құжатты төрт сағатқа жуық талқылап, ұзақ тартысқанымен, соңында бір ауыздан қолдап дауыс берді. Бір анығы үкімет алдағы үш жылда 25 триллион теңге жұмсамақ. Ал бюджет мұнайдың баррелі 35 доллармен есептелген. «Қара алтынның құны» жиі құбылатынын ескерсек, түрлі салаға бөлінген миллиондар кез-келген сәтте қысқартылуы мүмкін.
Оставить комментарий