Алматы әкімі Ахметжан Есімов Горький атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағын жаңғырту мәселелері бойынша жұмыс жиынын өткізді. Қала әкімі саябақта болашақта пайда болатын дельфинарий мен мұз аренасының жобасын мақұлдады.
Бұл обьектілердің жалпы көлемі 7300 шаршы метрді құрайды. Аумағы 1000 шаршы метр болатын дельфинарий 750 орынды болмақ. Ал мұз аренасының сыйымдылығы 900 орынды құрайды. Жыл соңына дейін жобалау жұмыстары аяқталып, құрылыс басталуы тиіс.
Алматы әкімі бұл объектілердің әлеуметтік-мәдени мәні зор болатындығын ерекше атады. Дельфинарийде түрлі сырқатқа ұшыраған балалар емдеу-сауықтыру курстарынан өтетін болады.
Қазіргі кезде саябақ айналасында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 10 мың шаршы метр жерге көгал жасалып, 2,5 мың шаршы метр жер гүлзарға айналды. Амфитеатр мен орындықтар жаңартылып, жаңа автокөлік паркі салынуда.
Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылы аталған саябақ қаланың коммуналдық меншігіне қайтарылды, деп мәлімдеді әкімнің баспасөз қызметінен.