Қазақстан коммунистік партиясы (ҚПК) мен Жалпы ұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, саясаткерлер, ғалымдар қатысуымен 31 мамыр күні Алматы қаласындағы «Қазақ концерт» залында «Ел билігін халыққа қайтарайық» деген ұранмен өткен жиында «жалпыұлттық азаматтық жиналыс» құрылды. Бұл туралы «Азаттық радиосы» жазды.
Жиын барысында аталған азаматтық жиналыстың екі тұрақты құрылымы – азаматтық кеңес пен төралқа жұмыс істейтіні мәлімденген. Жиынға Қазақстанның түрлі өңірінен 1000-ға тарта адам қатысып, Қазақстанның қазіргі экономикалық саясаты мен авторитарлық режимін сынаған баяндамалар жасалды. «Азаматтық кеңесті» басқаратын президиум сайланып, оның құрамына ЖСДП лидері Жармахан Тұяқбай, ҚПК жетекшісі Ғазиз Алдамжаров, «Аман-саулық» үкіметтік емес ұйымының басшысы Бақыт Түменова, Қазақстанның адам құқықтары бюросы жетекшісі Евгений Жовтис, баспасөзді қорғайтын «Әділ сөз» ұйымы басшысы Тамара Калеева және басқалар кірді. Айта кетерлігі Кеңестің лидері болмайды, оны осы азаматтар бірігіп басқармақ.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, азаматтық кеңес «президенттің өкілеттіктерін шектеу, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін құру, конституциялық сотты қалпына келтіру, шикізат өндіруші кешендерді кезең-кезеңімен мемлекеттің меншігіне қайтару» т.б. бағытта жұмыс істемек. Жиынға қатысушылар мамырдың 29-ы күні Қазақстан, Беларусь және Ресей президенттері қол қойған «Еуразия экономикалық одағы туралы» келісімді сөз етіп, «пайдасынан зияны көп интеграцияны» сынаған.