Тәжікстан азаматтары жамбылдық полицейлерден жәбір көргендерін айтуда. Сөздеріне сенсек, Мәскеуден үш жүк көлігімен келе жатқан жүргізушілерді қазақстандық тәртіп сақшылары қорқытып, 250 мың ресей рубльін тартып алған. Тоналғандар дереу арыз жазып үлгерген соң осы іске қатысы бар деген күдікпен екі инспектор мен тағы бір жергілікті тұрғын ұсталып отыр. Қазір осы іске қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Бұл туралы Ктк арнасы хабарлайды.
Қарашаның бірі күні Қырғызстан асу үшін Ресейден келе жатқан үш жүк көлігін Жамбыл облысының аумағында тәртіп сақшылары тоқтатады. Олар жөндеріне жіберу және шекараға жол сілтеу үшін ақша сұрапты. Пара беріп құтылғандар полиция жол сілтеуімен жүріп, түн жарымда тұйық жолға тіреледі. Артынша сол жерге мемлекеттік нөмірі жоқ жеңіл көлікпен алты жігіт жетіп келген. Жәбірленушілердің айтуынша, форма киген екеуі өздерін полицейміз деп таныстырып, қызметтік куәлігін көрсеткен. Қуғыншылар сол жерде шетелдіктерге бас салып, тонап кетіпті.
Самад Нұрмахамади, Тәжікстан азаматы:
-Біз ақшаны қалдырып кетуін сұрап жалындық, тыңдамады. Біздің барымыз осы, үйде бала-шаға күтіп жатыр, қалай жетеміз деп жыларман болдық. Ол сендердің шаруаларың деп жауап қатты. Арасында 50 мыңдай теңге бар еді соны қалдырып, орыс ақшасын түгел алып кетті. Сөйтіп, соңымыздан еріңдер деді. Біз соңғы көлікті кері бұрғанша олар жоқ, кетіп қалыпты.
Жәбірленушілер жолда тоқтатқан полицейлер мен артынан қуып келгендердің сыбайлас екендеріне сенімді. Сондықтан қақпанға алдап түсіргендерге қатысты арыз жазған. Бұл ақпаратты облыстық ішкі істер департаменті де растап отыр. Қазір осы дерекке қатысы бар деген үш күдікті ұсталып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
-Осы қылмыстық іске қатысы бар деген күдікпен екі жол патрульдік полиция инспекторы, сондай-ақ, тағы бір жергілікті тұрғын тергеу абақтысына жабылды. Қазір бұл қылмыстық іске қатысы бар болуы мүмкін өзге де азаматтар іздестіріліп жатыр. Ал Тәжікстан азаматтары өз елдеріне қайту үшін Қырғызстанға қарай шығып кетті.
Айта кетейік, тәжіктердің 5 мың рублін қағып алған жол сақшылары шу шыға бастаған соң өздеріне сол ақшаны қайтап беріпті. Бірақ бұл туралы ешкімге тіс жармауын өтінген. Жәбірленушілер шекара асып, үйлеріне кеткенімен, 250 мың рубльдерін қайтара алды ма, жоқ па, ол жағын тергеу анықтамақ. Ал тәжікстандық ақпарат құралдары жамбылдық тәртіп сақшыларының ашкөздігі туралы жарыса жазып жатыр.
Оставить комментарий