Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек «Авто Алма Транс» автобус паркінің құрылтайшылары мен басшыларына автопарктің техникалық ахуалының нашарлығына байланысты сөгіс берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
«Бюджеттен қосымша 15 миллионды аласыздар. (...) 65-ші маршрутты қараңыз, кім осындай автобусқа мінеді? Сіздердің билеттеріңіз «Оңай» терминалының жанында сатылуда, әрине, адамдар мұндай автобусқа ақша төлемейді. Нарықта жүргендеріңізге қанша жыл болды? 20 жылдың ішінде осы үшін ұялмадыңыздар ма? Қане, сіздердің автобустарыңызбен қаланы аралайық. 65-ші маршрут, бір терминал жоқ, төбесі шұрқ тесік. Бұл Алматыда! Төбесі шұрқ тесік! Мен сіздердің орындарыңызда осындай бизнесті жауып тастар едім, ұятқа қалмас үшін», - деген Бауыржан Байбек автопарк басшылығы мен құрылтайшыларына сөгіс берді.
Қала басшысы мұнымен тоқтамады. Ол автобус төбесіндегі көмкермелер ахуалының нашарлағаны, жарықтандыру плафонының жоқтығы, еден жабынының жыртықтығы, жарықтың түспеуі туралы сөз қозғады.
«Сіздерді қала түгілі, облысқа кіргізбеу керек. Тұтқа сынып қалған, еден жабыны талапқа сай емес, билеттерді қайталап сатасыздар, жолаушылар орындығы бекітілмеген. Сіздер қаладан бірдеңе дәметесіздер. Бірінші өздеріңіз үлес қосу керексіздер», - деп жалғастырды әкім. Әкім жағдайды түзету үшін автопарк басшылығына екі апта уақыт берді. Жүргізушілердің еңбек ақысын да назардан тыс қалдырмады.
«Сіздердің жүргізушілеріңіз жетпіс мың теңгеге жұмыс жасайтын, қайдан өзі, Марстан ба? Greenbus жүргізушілерінің орташа жалақысы 115 мың, ал сіздерде - 70 мың. Барлық жүргізушілер бірдей, олар бір-бірімен араласады. Олардың отбасы, балалары бар... Жалақыларын көтеріңіздер, шешіңіздер. Сапасына мән беріңіздер», - деді әкім автопарк өкілдеріне.
Өз кезегінде автопарктың атқарушы директоры Азат Ахласов бұл салада жағдайдың күрделеніп, қосалқы бөлшектердің 50% қымбаттап, коммуналдық төлемнің қымбаттап, 4 гектарлық жер төлемінің өсіп жатқанын тілге тиек етті. Автопаркте жалпы 692 қызметкер жұмыс жасайды. «Біз қаржылық жағынан қолдау танытуларыңызды сұрап едік. Бұл айда 33 миллион теңге бөлінді. Ақша қосалқы бөлшек сатып алуға кетеді, автопарк халыққа 90% қызмет көрсету үшін 650 автошина, 380 аккумулятор сатып алу керек», - деді ол.
Оставить комментарий