Ұзынағаштағы үш ағайынының өліміне қатысты сот процесі аяқталып келеді. Ағайындыларды өлтірген бас күдікті өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы бүгінгі сот отырысында белгілі болды, деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Мемлекеттік айыптаушы бас күдікті Талғат Сүлейменовке өмір бақи бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұрады. Ал Мұрат Оңалбаев 24 жылға сотталуы мүмкін. Сондай ақ куәгер бола тұра ешкімге аталған қылмыс жөнінде тіс жармаған Бақыт Байқасымов 4 жылын темір торда өткізуі мүмкін.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, жәбірленуші тарап қылмыскерлерді өлім жазасына кесуді сұраған еді.
Естеріңізге салсақ, 18 қыркүйекте Алматы облысы Жамбыл ауданында жоғалған үш азаматтың қылмыскерлер қолынан қаза тапқаны, осы қылмысқа қатысты күдікті ретінде 24 қыркүйекте екі азаматтың ұсталғаны хабарланған болатын. Аталған үш азамат, 1979 жылғы Долданұлы Жарқынбек, 1973 жылғы Зарлыханұлы Мұқият пен Әлімхан Қадылбек есімді жігіттер Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданынан 40 бас мал сатып алып, оны екі жүк көлігімен 17 қыркүйек, сенбі күні, Алматы маңындағы Ұзынағаш базарына шығарған. Қаза болғандардың артында 8 баласы және жарлары қалды.
Ерлан Төлеубай
Оставить комментарий