"АҢЫЗ АДАМ"-ға ҚАТЫСТЫ СОТ ШЕШІМІ - ТІКЕЛЕЙ МӘСКЕУДІҢ НҰСҚАУЫМЕН ШЫҒАРЫЛҒАН НАХАҚ ШЕШІМ...
Алматы қаласының Алмалы аудандық соты бүгін "Аңыз адам" журналына нахақ шешім шығарып, оны журналды сотқа берген 13 "ардагерге" бір-бір миллионнан, барлығы 13 миллион теңге төлеуге міндеттеді.
Біріншіден, менің сот шешімін "нахақ" деу себебім, арнайы заңгерлік білімі, сот жүргізу тәжірибесі бар судья тұрғай, аталмыш журналды оқыған кез-келген қатардағы азамат үшін бұл журналдың Гитлерді және фашизмді насихаттамағаны, керісінше, әшкерелеп, айыптағаны - айдай анық ақиқат. Ал, бұдан шығатын қорытынды - сот көпе-көрнеу әділетсіз, заңсыз шешім шығарып, журналға ашықтан-ашық қиянат жасап отыр. Екіншіден, "ардагерлер" сөзін тырнақшаға алу себебім, басқасы - басқа, ал, Екінші дүниежүзілік соғыстың шын ардагерлерінің ешқайсысы, егер олардың журналды оқығаны рас болса және жалпы ниеттері дұрыс болса, "Аңыз адамды" ешқашан сотқа бермейді, керісінше, Гитлерді әшкерелеп, айыптағаны үшін оған алғыс айтады. Демек, 13-тің журналды айыптап, сотқа жүгінуі, меніңше, бұл адамдардың ардагер атына лайық емес екендігін және бұл әрекеттің оларды ақшамен қызықтыру арқылы билік тарапынан ұйымдастырылған әрекет екендігін көрсетеді. Үшіншіден, бұл сот шешімінің тікелей Мәскеудің нұсқауымен шығарылғандығына менің еш күмәнім жоқ. Неге десеңіз, Ресейдің Украинаға фашистік шабуылына орай Гитлер мен гитлерлік фашизмді Путин мен путиндік фашизмге орынды теңеген журнал саны шыққан соң іле-шала, үш күннен соң (21.04.2014 ж.) Кремль Қазақстан билігінен "Аңыз адамды" жазалауды талап етті (қараңыз: "Москва призывает к мерам в связи с выходом журнала о Гитлере"). Одан беріде еліміздің сатқын билігі Ресеймен Еуразиялық одақ құру туралы бодандық келісім-шартқа қол қойғаны белгілі. Енді, міне, "қазақ" сотының мынадай масқара шешімі шықты. Ал бұл, өкінішке орай, - Қазақстанның бұдан былайғы жерде Қазақстан заңдарына немесе Қазақстанның тәуелсіз еркіне сай емес, Мәскеудің отаршылдық нұсқау-бұйрықтарына сай өмір сүретіндігінің айқын дәлелі...
Жасарал Қуаншалин
Оставить комментарий