Ресейдегі әрбір екінші адам Қазақстанды дамыған елдер қатарында деп есептейді

/uploads/thumbnail/20170709185014698_small.jpg

Ресейлік әрбір екінші азамат Қазақстанды пост-кеңестік елдер арасындағы ең дамығаны деп есептейді, деп хабарлайды inform.kz

Көршілес ел халқының 52 пайызы өзіне жақын әрі қарым-қатынасы нығайған ел деп Қазақстанды атайды. Оның үстіне Ресей президентінің Нұрсұлтан Назарбаевпен достығы да зор маңызға ие. Бүкілресейлік әлеуметтік пікір орталығы зерттеуінің нәтижесі осындай.

Мәскеу мемлекеттік университетінде өткен ғылыми-зерттеу конференциясында осы ой-пікірлер талқыға түсті. Жиынды Қазақстанның Ресейдегі елшілігі ұйымдастырды. Қоғам қайраткерлері Қазақ елінің жетістіктерін таразылап, тарихшылар тамыры терең, діңгегі берік мемлекет екенін айтты. Ширек ғасыр шежіресін саралаған ғалымдар, Қазақстанның саяси тұрғыда қалыптасып, экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізгенін тілге тиек етті. Әртүрлі ұлыстардың, түрлі дін өкілдерінің бір шаңарық астында тату-тәтті өмір сүруі әлемдік аренада көп кездесе бермейтін мысал. Жиынға қатысушылар мемлекетаралық қарым-қатынасты нығайтуда Қазақстанның септігі мол екенін ерекше атап өтті.

«Нұрсұлтан Назарбаев ширек ғасыр бойы елді басқарып жүріп, Ресейдің нағыз жақын досы екенін көрсетті. Ол кісі саясатта сабырлы, стратегиялық көзқарасы зор тұлға. Қазақстан экономикалық тұрғыда керемет қадам жасады. Бұрыңғы кеңес елдерінің ішінде көптеген мемлекеттер секілді 90-жылдардағы қиын-қыстау кезеңді бастан өткерді. Дегенмен, өз қатарластарынан оқ бойы озып кетті», дейді Бүкілресейлік әлеуметтік пікірлерді зерттеу институтының бас директоры Валерий Федоров.

«25 жылдың ішінде бұл мемлекет көптеген қиындықтардан өтті. Дамудың дұрыс жолын таңдап, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартты. Бұл оқиғалар Қазақстанды сенімді серіктес ретінде көрсетеді. Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы одан әрі нығая түссе одан екі мемлекетте ұтылмасы анық», - деген пікірін білдірді ММУ Азия және Африка елдері институтының президенті Михаил Мейер.  

Оставить комментарий

Связанные Статьи