Brent мұнайының бағасы бір жарым жыл ішінде алғаш 57$ асты 2016 жылғы 12 желтоқсан Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (ОПЕК) мен картельге кірмейтін мемлекеттер арасында мұнай өндірісін қысқарту туралы келісімге қол жеткізілгеннен кейін, Brent маркалы мұнайының фьючерстер құны 2015 жылдың 21 шілдесінен бері алғаш рет 57 доллардан асты. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Мұны Лондондағы ICE Құрлықаралық биржасының сауда-саттық мәліметтерінен көруге болады. Сенбі, 10 желтоқсан күні Венада ОПЕК-ке мүше емес елдер министрлерінің картельге енбейтін мемлекеттер өкілдерімен кездесуі аяқталды. Отырыс алты сағатқа жалғасып, нәтижесінде мұнай өндірісін шектеу туралы келісімге қол қойылды. Ресей энергетика министрі Александр Новактың хабарлауынша, келісімге ОПЕК-ке кірмейтін 11 мемлекет қосылды. Олар алғашқы жартыжылдықта мұнай өндірісін шамамен тәулігіне 560 мың баррельге дейін азайтатын болады. Айта кетейік, 30 қараша күні ОПЕК құрамындағы мемлекеттер мұнай өндірісін қысқарту туралы келіскен болатын: 2017 жылдың қаңтар айынан бастап ол тәулігіне 1,2 миллион баррельге дейін қысқарады. Сол күні Новак Ресейдің отын өндірісін тәулігіне 300 мың баррельге дейін азайтуға дайын екенін хабарлады.
Айта кететін болсақ, осыдан үш жылдай уақыт бұрын мұнай бағасы қазіргіден екі есеге көп еді. Атап айтқанда, 2014 жылы 17 ақпан күні Brent маркалы мұнай барреліне 109,40 доллар көлемінде бағаланды. Ал WTI маркалы мұнай барреліне 100 долларға жетіп, екеуінің айырмасы 8,54 долларды көрсеткен болатын. Мұнай бағасы отыз долларға дейін құлдырап кеткендіктен Қазақстан валютасы екі есеге құнсызданып кеткен еді. Мұнай бағасы көтерілуін жалғастыратын болса, валютамыз теңге нығаюы мүмкін.
Оставить комментарий