Жақсылықты ұлдан көресің бе, қыздан көресің бе?

/uploads/thumbnail/20170709190927696_small.jpg

Бұл оқиға өзіміздің көршілес Өзбекстанда болған. Өмірде болған, естіген оқиғамды айтып отырмын. Екі жас неке қиып, үйленеді. Олар кейбір отбасылар секілді араларында бала болмай, бірнеше жыл күтпейді, өз уақытында әйелі бір қыз босанады. Келесісінде тағы бір қыз туады. Ақымақ күйеуі қыз туа бердің деген сылтаумен, әйелін екі қызымен бірге көшеге қуып шығады. Әуел баста ұл болады деп, өзін қатты сендіріп қойған-ау.

Содан әйелі байғұс қайтсін, бірін жетектеп, бірін құшағына қысып, екі қызын алып, басы ауған жаққа кете барады. Басында өз жұрты аз-кем көмектескен болар, бірақ қыздары еңбектей бастағаннан-ақ, ана байғұс екі қыздың қамын ойлап, жұмыс істей бастайды. Жұмыс таңдауға шама жоқ. Табылғанын істейді. Не көрмеді дейсіз? Ауыр болса да, қандай жұмыс болса да, бала болашағының қамы үшін бәріне де көнді. Үмітінің ақталғаны болар, қыздары мектепті үздік бітіріп, жоғары оқу орындарына тегін түсті. Екеуі де дәрігерлік мамандықты таңдады. Оқуын аяқтаған соң, ауруханаға жұмысқа тұрып, өз саласының үздігі ретінде көзге түсе бастады. Қызметтері де жоғарылай берді. Біреуі бас дәрігерлікке дейін көтеріледі.

Ал, бұл кезде ақымақ әке басқа біреуге үйленеді. Әлгі бейбаққа ұл бала сүю бұйырмапты. Екіншісінің де тапқаны өңшең қыз болады. Төрт рет құрсақ көтеріп, төртеуінде де қыз босанады.

Екі қыздың анасы көп қиыншылық көрді дедік. Көп уақыт көше сыпырушы болып жұмыс істеді. Пәтерден пәтерге көшіп жүргенде, уақыты келіп үкіметтен үй алады. Қыздарын адал, арлы болуға тәрбиелейді.

Екі қыз бойжетіп, біршама жасқа келгенде, қатыгез әкелері де бірқалыпта тұрсын ба? Ол да қартаяды. Бір күні кенеттен жүрек талмасына ұшырап ауруханаға түседі. Мұны естіген бұрынғы әйелі екі қызына ол кісінің әкелері екенін ескертеді. «Сен бізді тастап кеткенсің» деген сөз айтпай, қыздары әлгі кісіге жақсылап қарайды. Сол кездегі әкелерінің өкінішін айтсаңызшы. Еңіреп жылап, қыздарынан әлі күнге дейін кешірім сұрайды дейді.

Иә, пенде бұл өмірде ненің қайырлы, ненің қайырсыз екенін білмей жатады. Қыз деген жанашыр халық. Жақсылықты көргенде қыздан көресің деген үлкен кісілердің сөзі тегін емес-ау.

Muslim.kz сайтынан алынды

Нұрқанат Байзақ

Оставить комментарий

Связанные Статьи