Естеріңізге сала кетсек, 17 желтоқсан күні «Қамшы» порталында Әли Оқапов пен Қайрат Нұртасқа бағытталған Марал есімді қазақ қызының хаты жарияланған болатын. Хатта Әли мен Қайраттың «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері атанғаны жайлы айтылып, әншілерге «Өздеріңізді алған орден-медальдарыңызға лайықпын деп санайсыздар ма?» деген сауал қойылған. Осы сұраққа әншілердің өз аузынан жауап алу мақсатында «Қамшы» тілшісі телефон арқылы оларға хабарласып еді, алайда бірден жауап алу мүмкін болмады. Араға бір апта салып, тілшіміз оларға қайта хабарласып, аталған хатқа байланысты жауабын білмек болды. Хатта аты аталған әншілердің бірі – Қайрат Нұртастың директоры Лаура ханым: «21 желтоқсан күні өткен концерттің есебін жасап отырғандықтан, қазір жауап беруге мүмкіншілігім жоқ», - деп себебін түсіндірсе, Әли Оқаповтың тілшімізге берген жауабы мүлдем басқаша болды.
«Не себепті маған тікелей хабарласып отырсыз, әртістің жеке номеріне хабарласуға ешкімнің де құқы жоқ», - деп әй-шәй жоқ, осылай бастады әңгімесін Әли Оқапов. «Мен төрт күн бойы ұйықтағаным жоқ, сізге де түн ортасында, ұйықтап жатқан жеріңізде хабарласса ашуыңыз келеді ғой... Мен сіздердің қандай хат бойынша хабарласып тұрғандарыңызды білемін, оны оқып шықтым. Алайда, мен оған жауап беруге міндетті емеспін. Хат болса, хат күйінде қалсын. Бұл менің ешқандай да тәкаппарлық немесе біреуді менсінбегендігім емес, маған қойылған сұрақтардың барлығына жауап беріп отыратын менің мүмкіндігім жоқ. Мұндай тірліктермен айналысатын менің арнайы адамым бар, осындай жағдайларды шешіп отырсын деп сайлап қойғанмын. Неге сол кісіге хабарласпайсыздар?» - деп ашулана кетті.
Әлидің айтып отырғаны, оның директоры – Ерлан Әлімов. Негізінде ең бірінші кезекте дәл сол Ерланға байланысқа шыққан едік. Ерланмен бір рет емес, бірнеше рет тілдестік. Аталмыш сұраққа байланысты Ерланның айтқан жауабы мынадай болды: «Бұл хат Әлиге тікелей арналған хат екен, мұндағы қойылған сұраққа мен жауап бере алмаймын. Әлидің өзіне хабарласып, жауабын өзінен алыңыздар».
Міне жақында ғана «Дарын» сыйлығының иегері атанған Әли Оқаповтың жауабы осылай болды. Ал, тағы бір «Дарынды» әнші, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Нұртастың жауабын келесі аптада «Қамшы» порталынан оқитын боласыздар.
Қамшыгер: Назерке Лабихан
Оставить комментарий