Алматы прокуратурасы «Вконтакте» әлеуметтік желісіндегі «Курицы Алматы» тобын жабуды және заңсыз деп табуды талап етті. Қызы жарияланған бұл топтың қызметіне әкесі шағым түсірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Прокуратурада әлеуметтік желілерде қыздардың беделіне нұқсан келтіретін мәліметтермен бөлісіп, жала жабатынын алға тартты.
«Vk.com интернет-ресурсында адамдардың рұқсатынсыз суреттерін жүктеп, жеке бастың арына тиетін сөздерді жазып, жағымсыз кейіпте сипаттайды және сондай-ақ, жалған мәлімет береді», – деп хабарлайды мекеме.
Мекемеде анықтағандай, желіде 300 қыздың суреттері жүктелген. Сондай-ақ, бұл топқа 5 мыңнан аса ер кісілер тіркеліп, суреттерді қызу талқылаған.
Қадағалаушы органдардың тапсырмасымен Қазақстан аймағында аталмыш материалдарға тосқауыл қойылды.
Бұған дейін де Вконтактідегі «Курицы Актобе» деген топта суреті жүктелген ақтөбелік 17 жасар қыз өз-өзіне қол жұмсаған болатын. Өз-өзіне қол жұмсаған қыздың өліміне ағасы дәл осы топты кіналап отыр. Павлодарлық блоггер, әртүрлі топтардың белсенді қатысушысы Антон Тыщенконың айтуынша,мұндай топтардың негізгі аудиториясы бір-бірін ғайбаттайтын 14 пен 20 жас аралығындағы жас жеткіншектер.