Назарбаев: экс-министр Бишімбаевқа қатысты тергеу шаралары жүргізіліп жатыр

/uploads/thumbnail/20170709191930971_small.jpg

Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

ҚР сыртқы істер министрлігінің басшыларымен кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық экономикадағы тағайындауларда болып жатқан өзгерістер жайлы айтты.

"Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев "Бәйтерек" холдингіндегі қызметінде пайда болған мәселелер үшін ұлттық экономика министрі қызметінен босатылды. Қазіргі уақытта оған қатысты тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Ұлттық экономика министрі болып Тимур Сүлейменов тағайындалды. Ол алда қойылған тапсырмаларды шеше алады деп ойлаймын", - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, кеше, 29 желтоқсанда Тимур Сүлейменов ұлттық экономика министрі болып тағайындалған болатын. Оған дейін бұл министрлікті Қуандық Бишімбаев басқарған болатын. Ол бұл қызметте 8 ай ғана болған. Қуандық Бишімбаев ұлттық экономика министрі қызметіне дейін "Бәйтерек" холдингін басқарған. 

17 қарашада "Бәйтерек DEVELOPMENT" АҚ басшылары ұсталған болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы "Бәйтерек DEVELOPMENT" АҚ басшысының пара алу дерегіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізген еді. Тергеу барысында "Бәйтерек DEVELOPMENT" АҚ лауазымды Жақыпов А. (Басқарма төрағасының орынбасары), Айтымбетов Б. (мемлекеттік-жекеменшік серіктестік дирекциясы департаментінің басшысы) және Сариев Ғ. (басқарушы директор) есімді лауазымды тұлғалар жүйелі түрде "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында жалдамалы тұрғын үй кешенін сату қызметтерін көрсететін құрылыс компанияларынан ірі көлемде пара алғаны анықталды.

Связанные Статьи