Солдат өлімінің сыры

/uploads/thumbnail/20170709195538262_small.jpg

  Сорлы солдаттарым-ай.  Біздегі бірде-бір генерал осылай жылай ала ма? Өзінің қол астындағы жауынгеріне жаны ашырлықпен және қамқорлықпен қарай алмайтын полковник пен майордан, қаһарлы болса да әділетті дұшпан артық.

     Әуелде ойда жүрген бірақ басқым келмей жүрген тақырып еді. Амал жоқ ауызды аштық
      Әттең! Әттең! Дейсің. Неге біздің сарбаздар айдың күннің аманында атылып болмаса асылып майып болып жатыр? Ел шетіне жау тиген болмаса оғы түскен жоқ. Аңырап анасы, зар илеп туыс-туғаны қалғаны. Жап-жас, өрімдей жігіттер. Біреуі енді ғана келген әскерге, біреуі әне-міне ай-күнін санап үйіне асыққан жас солдат. Арманына қол созым қалғанда көктей қырқылып, аяқасты ажал құшып жатыр. Кесілген ғұмыр, желге ұшқан үміт. Осы тақырып мың жерден айтылса да әскердегі әлімжеттік жасау басылмай-ақ тұр. Адамға адам емес, хайуан ретінде қарау армияда шегіне жетті. Әскери өмірдің ең үлкен қателігі әркімнің жеке бас ар-намысына басқыншылық жасау. Жас солдаттың жан дүниесіне себепсізден-себепсіз қол сұғу. Біз әлі күнге дейін қорлауды тәрбиелеу деп қабылдап келеміз. Сол арқылы бағындыру, ұстау, сындыру деген орыстың түрмесінен тараған жаман әдетті закон етіп келеді.  Шынымды айтсам дәл осындай қорлыққа төзбей өліп кеткен сарбаздарды нағыз намысшыл еркектер дер ем. Ойласаңыздар, кім-кім-ақ, шын ашынғанда, бүйтіп мал болып жүргенше өлгенім артық демей ме. Ал, өлгісі келмей аман-есен үйіне келгендер ертең не істемек? Егер құдай сақтасын елге жау тисе, жаңағы қорлық көрген солдатың жауды ата ма, әлде алдымен өзінің намысын таптаған саптасын ата ма? 

      Біздегі қателік сәл төмен шенді болса арадай талай жөнелетін, жоғары шендіні көрсе шыбындай үймелеп артын жалай қалатын арам тамақтығымыз да. Қоғамдық ортадағы жабайылау қарым-қатынас, әскери өмірде одан да ауыр түрде жүргізіліп келеді. Біз 21 ғасыр қазақтары бірімізді-біріміз қорқытып сыйлатуды қоймасақ, қатардағы жауынгерлердің ажал құшуы әзір-бүгін тоқтамайды. Талаптанып, талпынып келген жас жауынгердің жан дүниесін қорлағанша, тан дүниесін машық пен жаттығуға аямай салып неге темірдей шыңдамаймыз? Неге біреудің өрімдей баласын өлімге итермелеп, өзіміздей иісі қазақ нәсілін табанның астына салғанша, оның рухын жанып, елі-жері үшін шаһит болуға неге баулымаймыз? Миллиард қытайдан естімеген сұмдықты 20 миллионға жетер жетпес халықтан естіп, көріп жатырмыз. Біз не, жүрегі жоқ халыққа айналғанымыз ба? Не үшін былық етпейміз? Тіпті кейістік білдіруге де шама келмей жатқандай. Ойласаңыздар, бұл дегеніңіз өте үлкен трагедия, ауыр өлімдер.


Жақсыбек ҚАҚАН

Связанные Статьи