«Көппен көрген ұлы той» - деп жатамыз. Шынымен, қуанышың мен қайғыңды көппен бірге ортақтасып, көппен бірге бөліссең, ол – жақсы, әрине.
Дегенмен, Абай атамыздың мына бір қара сөзін оқып отырып, өзгеше ойға қаласың: «Қазақтың жұбанышы - жалғыз біз бе елдің бәрі де сүйтіп-ақ жүр ғой, көппен бірге болсақ, боладыдағы деген сөзді жұбаныш қылады. Оған құдай тағала айтып па, көптен қалмасаң болады деп, көпке қаһарым жүрмейді деп. Көпке тұзағым жүрмейді деп. Көпке қорлық жүрмей ме? Бір үйдің іші түгел ауырса жеңіл тие ме? Жер білмеген көп адам адасып жүрсе, бір жер білетұғын кісінің керегі жоқ па?»- деген еді.
Бүгінде жалқау қазақтың жанына «Көппен бірдейміз ғой», «Жұрттан қаламыз ба?», «Көптен қалмасақ болды-дағы» деген жеңіл сөздер жұбаныш. Көптің көкейіндегісін айтар бір жақсы болса, адасқан көпке бағыт-бағдар берер бір жан болса, несі жаман? Көптің бірі емес, көштің «бірі» болу дұрыс шығар.
Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, қандай нәрсенің болмасын екі жағы болады. Қай кезде де көппен бірдей болу міндет емес қой. Көп сөзіне еріп, айтқанына көніп, айтақтағанына жүрсең өз қолтаңбаңды қалай қалдырасың, өз жолыңды қалай саласың, өз іргетасыңды қалай қаламақшысың? Кейінгі ұрпақ күндердің күнінде ата-бабам көптің бірі болып жүріп, көркем дүние қалдырмаған десе, несі жақсы?! Шынтуайтына келгенде, көкейдегіңді көмескілемей, көңіліңді алдамай, жалаң үгіт, жайдақ ақылға ермей, аңдай отырып, ақырын басып, ақыл таразысына сала білгенге не жетсін?!
Ойымды түйіндер болсам, «Өзен ағысымен өлі балық қана жүзеді»,- деген қанатты сөзді ойға алар болсақ, шыға ойлап, шығандап тірлік еткеніміз абзал.
Наргиза Ерес
Оставить комментарий