ҚР Парламенті Мəжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қаралды. Отырыста допинг мәселесін көтерген депутат Азат Перуашев тыйым салынған дәріні қолданғандар сыйақысын қайтарып беруі тиіс екенін айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі Бек Төлеуов.
Аталған заң жобасы туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндама жасады.
Жалпы, бұл заң жобасы Парламент Мәжілісінің жұмыс тобының 4 отырысында талқыланды. Онда депутаттар 56 түзету енгізді. Соның ішінде 41 түзету бойынша Үкіметтің оң қорытындысы алыныпты.
Мәжіліс депутаты Азат Перуашев жалпы отырыста допинг мәселесін көтерді. «Ақжол» партиясының төрағасы спортшылардан допинг табылып жатса, сыйақысын мемлекетке қайтарып беруі тиіс деп отыр.
«Олимпиадаға қатысатын спортшылар бала емес. Еліміздің намысын қорғап жүрген мықтылар ғой. Дегенмен өз ісіне жауап беруі керек. Сол үшін Олимпиада алдында спортшылармен келісімшартқа отыруымыз қажет. Яғни, кейін қанынан допинг табылып жатса, медалін ғана емес, мемлекет берген сыйақыны да қайтарып беруі тиіс», – дейді А.Перуашев.
Егер, допингпен ұсталған спортшы заң жүзінде жазаланатын болса, жаттықтырушысы да сыйақысынан айырылуы мүмкін.
«Қазіргі кезде біз халықаралық тәжірибені зерттеп жатырмыз. Себебі бұл мәселе пысықтауды қажет етеді. Жауапкершілік деңгейі бойынша допинг саласына қатысты өзгерістерді Парламентке енгізбекпіз. Таяуда Австрияда біздің биатлоншыларға қатысты оқиға орын алған болатын. Онда тек дәрігердің техникалық кінәсі бар. Дәрігерге қатысты қандай шара қолдана аламыз? Ол тек кешірім сұрады да, қызметінен кететіндігі туралы өтінім жазды. Ал осы жағдайда ықпал ету шаралары жоқ. Біз заң нормасын жазғаннан кейін, әрбірінің жауапкершілігі артады. Осы орайда, әкімшіліктен бастап, қылмыстық жауапкершілікке дейін барлық нормаларды қамтимыз»,– деді А.Мұхамедиұлы.
Мәжіліс депутаттары аталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.