ҰҚК сотқа дейінгі тергеу шеңберінде елордада «Хизб-ут-Тахрир» діни-экстремистік ұйымының батауыш ұйымын құруға ниеттенген Астана қаласының тұрғыны «А.К.» ұстады деп хабарлайды qamshy.kz ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін ақпан айында «Хизб-ут-Тахрир» идеясын насихаттайтын парақшаларды тарату кезінде оның Алматыдағы жақтасы «М.Е.» ұсталған болатын.
Аталған фактілер бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, «Хизб-ут-Тахрир» өзін «әлемдік халифат» құруды көздейтін саяси партия ретінде көрсетеді.
Ол үшін әлемнің түрлі елдерінде діндар адамдар арасынан жақтастар тартумен айналысатын жасырын бастауыш ұйымдар құруда. «Хизб-ут-Тахрир» идеологиясы зайырлы үкіметке қарсы қарулы күреске де рұқсат етеді.
Аталған ұйым Ресейде, Пәкістанда, көптеген араб мемлекеттерінде, Еуропа, Оңтүстік Шығыс және Орта Азия елдерінде лаңкестік ұйым ретінде заңмен қудаланады.
Қазақстанда «Хизб-ут-Тахрир» қызметі 2005 жылдың наурыз айында Астана қаласының сотымен экстремистік деп танылып, тыйым салынған.
Сол уақыттан бері құқық қорғау және арнайы органдар оның 160 басшысы мен белсенділерін қылмыстық жауапкершілікке тартты. 700-ден аса адам экстремистік идеологиядан өз еркімен бас тартты.
Қазақстанда «Хизб-ут-Тахрир» әрекеттерін қайта жандандырудың жекелеген ұмтылыстары әдетте сыртқы насихат ықпалы арқылы көрініс табуда.