Қазақ айтысының 2000 жылдардағы әйгілі тарландары айтысты сағынып қалған секілді. Енді Фейсбук желісінде айтысуға көшіпті, деп хабарлайды «Қамшы» порталы. Ұлттық құндалақтарымызды қашан да насихаттап жүретін айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек өз парақшасында «Қазақтың ат әбзелдері қадым заманнан қажеттілік пен комфорттың құралы болса, бүгін ол алыс ауыл мен жақын музейден ғана көрер этнографиялық этюд (үзік) болып барады. Әйтпесе, басқасы былай тұрсын, шылбырдың иісі-ақ ата-бабамыз аттың жалында жүріп әлемнің тең жартысына әмірін жүргізген замананың ароматы ғой… Тұрмысымыз түбегейлі өзгерсе де, ұлттық түп-тамырымыз осылардан екенін ұмытпайық», — деп жазған еді. Айтыскердің бұл жазбасына дауылпаз ақын Дәулеткерей Кәпұлы өлеңмен былай деп пікір айтты:
«Жонжайлауда өскесін кешіп айдын,
Түйесі жоқ қазақтың көші — қайғым.
Араптың даласынан қайтқан болсаң,
Мұхажан, атқа мінсең, осылай мін!»
Аталған шумаққа Мұхамеджан Тазабеков те қарап қалмай, өлеңмен жауап беріп соңы айтысқа ұласты да кетті:
«Жоқ менде Қазақиядан өзге құнды ой,
Қанымнан, қағымнан да безбедім ғой.
Сыртымнан Арабияның даласына
Апарып, әкеп жүрген өздерің ғой…»
Дәулеткерей де жауапсыз қалмады:
«Мұртсыз сақал желпілдеп тамам аста,
Араб боп әңгіме айтып алақашпа.
Астыңа мінгенің де «арабыдан»,
Ат басын қашан бұрдың мама ағашқа?!»
Мұхамеджан:
«Мінгенім «арабы» емес, «жапондық ат»,
Бабаңның сипаты еді сақал тым-ақ.
Жолы түзу жан айтса жұрт сенбейді-ау,
Аузы қисық пенде айтса, закон бірақ…», —
Дәулеткерей:
«Астыңнан ақсамасын «жапондық ат»,
Ал, «мұртсыз жараспайды сақал бірақ».
Арабы бас білмейтін асау құсап,
Басыңда ала қаштың, шо там, брат?!»
Мұхамеджан:
«Екеуміз неғыламыз енді алысып,
Бауыр боп аяқтайық, кел, қауышып!
Не мінсе де түспесін Қазақ аттан,
Жүрейік үзеңгіні тең қағысып!»
Дәулеткерей:
Мұхажан, бола қалдың қай нағашы?
Жігітсің аттан түспес айналасы.
Қауышсақ қауышайық осыменен,
Мен емес, «аузы қисық бай баласы»!- деп айтысты аяқтады. Желідегі екі ақынның айтысына пікір білдіріп баға берушілер де болды.