Еліміздің ең қарт тұрғыны 115 жаста: «150 жасауға әл-дәрменім жетеді»

/uploads/thumbnail/20170709221556564_small.jpg

Еліміздің ең қарт тұрғынының жасы бүгінгі күні 115-те. Ғасырдан да ұзақ ғұмыр кешкен кейуананың денсаулығы бірқалыпты. Өздігінен жүріп-тұра алады. Қимылы да шира, ойы да сергек. Санаулы жалдардан кейін қостанайлық Марфуға Селтеткенованың есімі Гиннес кітабына ғаламшарымыздың «Ең қарт тұрғыны» есебінде жазылуы мүмкін, деп хабарлайды «Қазақстан-Қостанай» телеарнасы.

3-наурыз күні 115 жас мерейтойын қарсы алған Марфуға әжейдің жүрегіне әлі де әжім түспеген. 112-ге толғанша 5 уақыт намазын қаза қылмапты. лт-азаттық көтеріліс, нәубет пен соғыс жылдарының куәсі болған кейуананың тұңғыш қызы 97 жаста. Өскемен шаһарында тұрады. Келіні 93-те.  115-тегі ел анасының күтімі, алтыншы қызы Жібектің еншісінде.

Қазақстандағы ең қарт тұрғынның 1902 жылы, 3-наурызда туғанын растайтын төлқұжаттарын да өз көзімізбен көрдік. Көрдік те, ғажайыпқа еріксіз сендік. Оныншы мүшел жасқа аяқ басқан қарт ана шөбере-шөпшек тұрмақ, жетінші ұрпағы неменесінің алақанынан су ішкен. Бір әулеттің мәуелі бәйтерегі барша қазақ еліне өзінің ақ батасын берді.

Алла аузына салған шығар асыл әже «150 жасауға әл-дәрменім жетеді», - деп қалды. Гиннестің рекордтар кітабына енген әлемдегі ең ұзақ жасаған әйел Осакалық Мисао Окава Жапон елінен шыққан. Ал, қостанайлық ғасыр-ана жапондық кемпірдің рекордын жаңартатындығына сенімді. Өйткені, Марфуға әжейдің анасы 123 жасында дүниеден озған. Біз де Марфуға әжейге шуақты да ұзақ ғұмыр тіледік!

Оставить комментарий

Связанные Статьи