Тарих қойнауында бүгінгі күнге дейін сыры ашыла қоймаған бір құпия болса, ол Шыңғыс хан құпиясы. Оны біреулер қайталанбас үлкен тұлға деп бағалап жатса, енді бірі қанышер жауызға балайды. Шыңғыс ханның нағыз келбеті қандай болған? Бұның сыры белгісіз болып қала берер, бәлкім. Алайда, тарихшы-ғалымдарымыз Шыңғыс ханның патшалық еткен заманы жайында өз шындықтарымен бөлісті.
Мұхтар Мағауин: «Орыс советі идеологиясы келіп жеткенге дейін бүкіл қазақ шыңғыс ханды құрметтеген, қадір тұтқан. Ал одан кейін ұлттық санамыздан айырылғанымыз соншалық, орыстың идеологиясымен ғана емес, мектеп оқулығы дәрежесіндегі шовинистік идеологиямен әбден миымыз уланған. Шыңғыс ханды әлі күнге дейін жауыз деп жүргендер сол санадан әлі арыла алмай отыр».
Бексұлтан Нұржекеев: «Шыңғыс хан әлемде өте кең таралған тұлға. Оны оқыған адамның бәрі біледі. Біреулер Шыңғыс хан адамзатты көп өлтірген қанышер дейді. Олай болса, бізде батырлардың бәрі қанышер. Қабанбай, Наурызбайладрды батырларымыз дейміз, олардың бәрі кісі өлтіргендері үшін батыр болған. Ал, енді Шыңғыс хан неге Қытайды басып алды, Хорезмді басты дейсіздер? Ол өз халқының алғашында әлсіз болғанын білген. Моғол мемлекетін құрды. Ол мемлекет енді мәңгі болу керек қой. Ол үшін не істейді? Бұл елдің төңірегінде мықты мемлекет болмау керек. Ол өз елінің баянды да мәңгі болуы үшін Қытайды да бағындырды, орысты да бағындырды, Хорезмді де бағындырды. Ертең менің халқымды қиратады-ау деген мемлекетердің бәрін құртты. Бұны өз халқының болашағын ойлап істеген».
Тілеуберді Әбенайұлы: «Егер Шыңғыс ханды түркілердің, мұсылмандардың майданында тұрып айтса, мұсылмандық тұрғыдан алғанда, ол кісі – нағыз ғадауатшы. Ал, түркілер тұрғысынан айтқанда, түрік халқын бірлікке келтіруші. Адамзат тұрғысынан қарағанда, ол кісі күллі адамзат тарихында зайырлы қоғам құрған адам. Оны барлық заманның ғалымдары, тарихшылары «Дүниеге бейбітшілік әкелген адам» деп мойындайды. Шыңғыс хан адамзат тарихындағы ең парасатты тұлға болды...».
Марал Ысқақбай: «Біз тарих сабағында міндетті түрде орыстың тарихын оқыдық. Сыр тарихы деген аты ғана болмаса, негізі орыстың тарихы болды. Қазақтың тарихы деген болған жоқ. Алайда, қазақ тарихына қатысты амалдары жоқтығынан оқытатын бір тақырып болды, ол Азияға қатысты Шыңғыс ханның орысты жаулауы. Біз солай деп қабылдап өстік.
Шыңғыс хан жаулап алған жерлерінің ішінен тек діни ортаға тиіспеген. Діни халықты сыйлаған. Оларды салықтан босатқан, құдайдың өкілі деп санаған. Ерекше көмек көрсеткен, мешіттер салуға жәрдемін тигізген».
Оставить комментарий