Қазақстанды барша әлемге танытқан этно-рок стиліндегі «Ұлытау» ұжымының жетекшісі, белгілі әнші, продюсер Қыдырәлі Болмановты бүгінде танымайтын қазақ жоқ. Бірде жары Қарақатпен дуэт болып ән шырқаса, енді бірде өзінің жеке орындауындағы әндерімен саханаларда бой көрсетіп келеді. Айтатын әндерін жұрт қосыла айтады. Қыдырәлінің орындауындағы халық сүйіп тыңдайтын сондай әндердің бірі – «Сүгірдің термесі».
Ал енді сол терме жайында тосыннан жаңа ақпараттар пайда болды. Қыдырәлі 20 жылға жуық орындап келген «Сүгірдің термесі» жайында ҚР Мәдениет қайраткері, профессор Амандық Көмекұлы Фейсбук парақшасында өз шындығымен бөлісті, деп хабарлайды «Қамшы» порталының тілшісі.
Бірнеше жыл бойы Сүгірдің термесі деп орындап келген Қыдырәлі Болмановтың бұл термесі Сүгірдікі емес, Баубек Елбайдың термесі екен.
«Оның ішінде бір ауыз Сүгірдің сөзі жоқ. Бұл нұсқаны Қыдырәлі Голливудқа барар алдында Ақтауға барған сапарында Секен Тұрысбеков екеуі біздің үйде екі күн қонақ болып, сонда Қыдырәліге Сүгірдің сөзінің орнына Елбайдың сөзін салып жазып бергенмін.
1985-жылдары, жастарды термеге тарту үшін Сүгірдің Ата қонысы Маңғыстауға көшерінде бауыр басып қалған Бес қала xалқымен қоштасарда айтқан ұзақ толғауының «Ауылға Сүгір келді деп» деген бөлшегін, Көшкі Жеменей Омар жыраудың сазын пайдаланып эстрадаға бейімдеп өзім салғанмын. Алғаш рет бұл шығарманы үлкен саxнада, «Әнші балапанда» орындаған шәкіртім Ақылбек Жеменей Аязбайұлы Оңдасынов еді. Онда сөзі Сүгірдікі болғанымен, сазы-әуені Сүгірдікі емес, Омар жыраудың «Ноғайлық» жыр сазы еді. Ал Қыдырәлінің орындап жүрген «Сүгірдің термесінің» Сүгірге сөзінің де сазының да қатысы жоқ. Ол Бәубек Елбайдың сөзі, сол Көшкі Омар жыраудың сазы, өңдеген А. Көмекұлы».
Ал, Айгүл Елшібаеваның орындап жүрген «Ауылға да Сүгір-ай келді деп» деген нұсқаның сөзі Сүгірдікі, сазы сол Омар жыраудікі екен. Сөзін өңдеп, Айгүл Елшібаеваға үйреткен Амандық Көмекұлының өзі екен. Әрі қарай пікірін былай жалғады:
«Бұл тұрғыда Қыдырәлі «иттің ағы не, көгі не!» немесе «соқыр тауыққа бәрі бидай» - деген көз қараста ма, әлде білмей ме, әйтеуір Сүгірдің термесі деп айтып жүр...»
Бұл айтқанына жазылған пікірлер санында есеп жоқ. Бірі Амандық Көмекұлының сөзін қолдап, тың ақпаратқа алғыстарын білдіріп жатса, кейбір оқырманы қарсы пікірлерін жаудырды. Осы термені Қыдырәлінің аузына өзі салып бергенін айтып, 20 жылдан соң ақиқатты айтып қалғанына ашуланды. Тіпті, екеуінің арасында бір даудың болғанын алға тартқандар да бар.
Бұл сынды пікірлерге Амандық Көмекұлының жауабы дайын болды:
«Бұл жерде ешқандай құпия да, біреуді кемсітейін деген пиғыл да жоқ. Кезінде қате Қыдырәлі тарапынан кетті. Не болса да қазақтың өнер айдынында абыройлы іс болды. Дегенмен ертелі кеш кім-кімнің сөзін айтып жүргені айтылуы керек қой. Бір сазбен айтылған екеуі екі басқа терме. Елбайдікі 90 жыл бұрын, Сүгірдік 50 жыл бұрын айтылған сөздер. Соншама аспанға шапшитын не бүлінді, халқым-ау?!» деді.
Кей оқырмандарының пікірінше, бұл терме Сүгірдің тірі кезінде Елбайдың термесі болып айтылып жүрген екен.
Енді кейбірі осы уақытқа дейін Сүгірдің термесі деп келген термені енді басқанікі деу орынсыз деп ашуларын білдірді.
«Сүгірдің термесін» орындап жүрген әнші Айгүл Елшібаева да ойымен бөлісті:
«Амандық ағамыздың кінәсі не? Жазығы үйреткені ма? Қыдырәлі Елбайдың термесін Сүгірдің термесі деп айтса, Махамбеттің термесін Майлықожаның термесі деп айтқанмен тең».
Оның үстіне бұл ақпарат тың емес, бұл жайында кезінде Еларнадан Тамара Асар жүргізген «Әлі есімде» бағдарламасында айтылған екен.
Қыдырәлі Болманов әзірге жауап бере қоймаған.
Оставить комментарий