Геннадий Джейкобсты 6 раундта құлатады деп болжалды

/uploads/thumbnail/20170709225841488_small.jpg

Алдымыздағы аптаның соңында, яғни демалыс күні жарты əлем асыға күткен отандасымыз Геннадий Головкиннің америкалық  Дэниел Джейкобске қарсы жекпе-жегі өтеді. «Гиннестің рекордтар кітабына қарсыластарын көбірек нокаутпен жеңгені үшін енген Генаның нокауттар сериясы ары қарай жалғаса ма?! Осы уақытқа дейін кіл мықтылармен қолғап түйістірген отандасымыздың алдағы қарсыласы қаншалықты мықты?» деген сұрақтардың төңірегінде бокс өнерінің майталмандары мен өнер жұлдыздарынан сауалнама жүргізіп көрдік.

1.   Дэниел Джейкобс Головкинге қаншалықты жəне несімен қиын қарсылас деп ойлайсыз?

2.   Головкин бастаған қазақ былғары қолғап шеберлерінің елордада бокс кешін өткізуі жайлы не айтасыз?

 

Жанқош ТҰРАРОВ, кəсіпқой боксшы:

ДЖЕЙКОБС ӨТЕ ЖЫЛДАМ БОКСШЫ

1.   Менің ойымша, Джейкобс Головкинге ешқандай да қиындық тудырмайды. Əрине, бұл боксшы да оңай шағылатын жаңғақ емес, соққылардан дер кезінде қашып, барынша қарсыластың соққысын тигізбейтін сияқты артықшылығы бар. Головкиннің басқа қарсыластарына қарағанда Дэниел өте жылдам жұдырықтасатын боксшы. Дегенмен, 6 мен 8 раундтың арасында Головкин қарсыласын сұлатады деген ойдамын.

2.   Головкиннің қатысып-қатыспайтынын нақты білмеймін, бірақ Қанат ағаларымыз бастаған боксшылар ЭКСПО кезінде елімізде керемет бокс кешін өткізуі мүмкін. Егерде бокс кеші өтетін болса, міндетті түрде қатысамыз деп ойлаймын.

 

Жəнібек ƏЛІМХАНҰЛЫ, əлем чемпионы:

ГОЛОВКИН ДЖЕЙКОБСТЕН БІР БАС ЖОҒАРЫ 

 

1.   Жалпы спортта əлсіз қарсыластар болмайды. Джейкобстың жекпе-жектеріне көз жүгіртіп көрдім. Бір байқағаным: бұл спортшы алғашқы раундта жоғары қарқынмен жұдырықтасады екен. Дегенмен, Головкинге ешқандай да қиындық туғыза қоймас. Техникалық тұрғыдан да, соққы жағынан да Головкин Джейкобстен бір бас жоғары екені анық. Сондықтан Джейкобс Головкинге қарсы тек бес раунд қана төтеп бере алуы мүмкін.

2.   ЭКСПО кезінде тамаша бокс кеші өтуі ғажап емес. Елімізге келген əлемнің алпауыт мемлекеттеріне қазақ боксшыларының қайсарлығын, жалпы қазақ халқының мықтылығын танытқымыз келеді. Егерде ЭКСПО кезінде сондай мүмкіндік болатын болса, біз міндетті түрде Қазақ еліне,жалпы əлемге керемет бокс кешін тарту етеміз деп ойлаймын. Жалпы, елімізде бұндай додалардың жиі өтіп тұрғанын қалаймын.

 

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ, журналист:

ДЖЕЙКОБС ОТАНДАСЫМЫЗҒА ЕРЖҮРЕКТІГІМЕН ҚИЫН

 

1.   Джейкобстың аса қауіпті ауруды жеңіп, боксқа қайтып оралуының өзі ерлікке пара-пар. Мынадай нəрсені байқадым: жекпе-жек алдында аузыңа не келсе, соны айтуға болады. Өзіңді мықты ғып, ержүрек қып көрсет, қарсыласыңды көміп тастайтыныңды айта бер. Бірақ шаршы алаңға шыққанда Головкиннің алғашқы ауыр соққысын көтере аласың ба? Стивенс те, Рубио да, Лемье де сөйтті, кездесу алдында уəдені үйіп-төкті. Бірақ Генаның алғашқы соққысының өзі-ақ оларды тəубесіне түсірді. Джейкобсті де іс жүзінде бір-ақ көрген дұрыс. Брукпен жұдырықтасқанда Головкин ашық жүрді, көп соққы жеді. Осыны азайтса екен деймін. Джейкобс отандасымызға ержүректігімен қиын. Бəрін шаршы алаң көрсетеді.

2.   Егер мемлекет өзі қызығушылық көрсетіп жатса, ЭКСПО аясында айтулы бокс кешінің өткені дұрыс. Бұл – біздің жетістіктеріміздің көрмесі ғой. Онда неге барымызды көрсетпеске? «Əлем барысы» турнирі де сол уақытқа жоспарланып жатыр. Ендеше, Қанат Ислам, Жанат Жақиянов, Бейбіт Шүменов, Геннадий Головкин секілді мықтылар да, жаңа бой көрсетіп келе жатқан Мадияр Əшкеев, Батыр Жүкембаев, Иса Ақбербаев, Əли Ахмедов секілді жігіттер қатысатын кеш ұйымдастырылса, елдің рухы көтерілетін шара болатынына сенімдімін.

 

Ермахан ЫБЫРАЙЫМОВ, Олимпиада чемпионы:

ЕКІ ҚАРСЫЛАС АСА БІР АШЫЛЫП ЖҰДЫРЫҚТАСА ҚОЙМАС

 

1.   Джейкобс соққысы жойқын боксшылардың бірі болғандықтан, алғашқы раундтарда екі қарсылас аса бір ашылып жұдырықтаса қоймас. Геннадий алғашқы үш раунд бойы қарсыласының осал тұсын бағамдап, тек 4-5 раунтарда ашық шабуылға шығады. Ал 6-7 раунд-тың аралығында Гена қарсыласын нокаутқа жібереді деп ойлаймын.

2.   ЭКСПО қарсаңында Головкин мен Қанат Ислам бастаған былғары қолғап шеберлері шаршы алаңға шығып, күллі қазақ жанкүйерлеріне керемет бокс кешін тартуы тиіс деп ойлаймын.

 

Бағлан ƏБДІРАЙЫМОВ, əнші:

ГОЛОВКИН ДЖЕЙКОБСТЕН КІШІГІРІМ

НОКДАУН АЛАТЫН СИЯҚТЫ

 

1.   Расында Головкиннің карьерасындағы ең мықты, қауіпті қарсылас Джэйкобс болайын деп тұр. Джэйкобстың мелжемді боксшы екені баршаға аян. Менің пайымдауымша, Головкин Джейкобстен кішігірім нокдаун алып, елдің зəресін алатын сияқты. Содан кейін ғана Головкин қаһарына мініп, тамаша жекпе-жек шоу көрсетіп, 6-7 раундта Джейкобстың мысын басады деп ойлаймын.

2.   Головкин, Қанат Ислам, Жанат Жақиянов, Бейбіт Шүменов, Мадияр Əшкеев, Батыр Жүкембаев, Иса Ақбербаев, Айдар Шəрібаев сияқты кəсіпқой бокстың саңлақтары ЭКСПО кезінде, елордамыздың төрінде бокс кешін өткізсе, ЭКСПО үшін де, Қазақ халқы үшін де керемет дүние болар еді.

 

Данияр ЕЛЕУСІНОВ, Олимпиада чемпионы:

ДЖЕЙКОБС ГЕНАНЫҢ ҚАТЕЛІГІН

ҰТЫМДЫ ПАЙДАЛАНЫП КЕТУІ МҮМКІН

 

1.   Дэниел Джейкобс – аса қатерлі дертті де жеңе білген өте шыдамды боксшы. Шаршы алаңда қарсыласының іс-əрекетінің дер кезінде түсініп, аяғымен жақсы жұмыс істейді. Қашып жүріп, өзінің қолайлы сəтін күтіп, Генаның жіберген қателігін ұтымды пайдаланып кетуі мүмкін. Бірақ Геннадий өзінің айла-тəсілімен, жойқын соққысының астына алып, Джейкобске еш мүмкіндік бермейді деп ойлаймын.

2.   Əрине, ЭКСПО қарсаңында мұндай кеш өтсе, өте тамаша болар еді. Бокс десе, жалпы спорт десе, ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлерді бақытқа бөлеп, марқайып қалатыны анық. Қазақ боксшыларына, қазақ елінің жанкүйерлеріне бүкіл əлем тамсана көз тігіп қарайтын сəт туатын еді.

Сауалнаманы дайындаған Дәурен ТҮЛКІБАЙ

 «Ұлан», №11

Оставить комментарий

Связанные Статьи