Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдарында террорлық әрекеттер мен исламды байланыстырып көрсетіп, террористердің қантөгіс әрекеттерін исламға таңу кеңінен орын алуда. Исламды терроризммен байланыстыру, тіпті бұл екі ұғымды қатар атаудың өзі - үлкен қателік, яғни ислам дініне жағылған күйе десек те болады. Мұны ұғыну үшін осы екі ұғымның негізгі мәніне тоқтала кетсек деп жазады qamshy.kz.
Терроризм сөздікте «қорқыту», «үрей салу», «шошыту» деген мағыналарды береді. Терроризм - саяси-идеологиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін халықты өлтіру, қырып-жою арқылы қорқыту, ұйымдасқан түрде жазықсыз адамдардың өміріне қол салу. Олай болса белгісіз мақсатта бейкүнә жандарды аяусыз қырып жатқан террористер әрекетінің адамгершілік пен ізгілікке шақыратын ислам дінімен қандай байланысы болуы мүмкін?
Ислам діні ешқашан да біреудің қанын төгуге, соғысуға жол бермейді. Оның бейбітшілік сипатқа ие екені баршаға аян, өйткені, «ислам» сөзінің өзі «бейбітшілік», «тыныштық» деген мағынаны береді. Ислам сипаттарын бойына сіңірген мұсылман адам -осы бейбітшілікті өз бойына сіңірген адам. Исламда адамның өмірі ең құнды нәрсе болып бағаланады. Сондықтан адамның өмір мен ар-ожданына, еркіндігі мен сеніміне, ақыл және мүлкіне ешкім қол сұға алмайды. Исламда жазықсыз адам өлтіру үлкен қылмыс, ауыр жаза болып саналатындығы туралы Құранда көптеген дәлелдер бар. Мысалы, Мәида сүресінің 32-аятында жазықсыз адамды өлтірген адамның бүкіл адамзатты өлтіргенмен тең саналып, бір адамды өлімнен құтқарған адамның барша адамды құтқарғанмен тең саналатындығы баяндалған. Ислам ғалымдары бұл аятты: «Яғни, жазықсыз бейкүнә адамның өмірін қиған бүтіндей адамдарды өлтіргендей ауыр күнәға батады, ал бір адамды өлім аузынан құтқарған жан күллі адамзатты құтқарғандай сауапқа кенеледі» деп түсіндірген. Сонымен қатар жер бетінде орынсыз шектен шығуға болмайтындығы, зұлымдық жасап, нақақтан адам өлтірушілердің жазаға тартылатындығы туралы бұдан басқа Құранда [Шура, 42; Әнғам, 151; Ниса, 29-30; Ниса, 90] көптеген дәлелдер келтірілген.
Негізінде исламның терроризммен қатар айтылып, екі ұғымның байланыстырылуының негізгі себептерінің бірі «жиһад» ұғымының бұрмалануы болып саналады.
Діни ұғымдардың шынайы мәнін бұрмалап түсіндіру теріс пиғылды ағымдар ұстанатын буквализм түсінігіне негізделеді. Буквализм - Құран аяттары мен хадистердің мазмұнын түсінбестен, оларды сол қалпында, сөзбе-сөз түсіну, оларды ақыл қорытып түсінбеу дегенді білдіреді. Ақыл қорытып, ой жүгіртуге шектеу қоятындықтан олардың қатарына жаңадан қосылған адам еркін ойлау қабілетінен айрылып мәңгүртке айналады. Өйткені, ондай адам аяттың, хадистің астарына үңілуге дәрменсіз, өйткені оның білімі жеткіліксіз. Осындай буквалистік идеялар салдарынан көптеген діни ұғымдардың негізгі мағынасы бұрмаланып түсіндіріліп, сол арқылы қазіргі кезде экстремизм мен терроризм мәселесі өршуде. Теріс пиғылды ағым өкілдерінің діни ұғымдарға берген қате түсіндірмесін қабылдаған көптеген азаматтар өз туған жерін, елін тастап, Алла жолында «жиһадқа» аттанады.
Елдің санасын улаушы террористік ұйымдардың бірі болып саналатын және Таяу Шығыста өзін «Ислам мемлекеті» деп жариялаған ДАИШ ұйымы да дәл осылайша өз әрекеттерін «жиһадқа» теңеп, бұған дәлел ретінде діни мәтіндерді өздерінің мақсаттарына сәйкестендіріп бұрмалап түсіндіру арқылыдіни тұрғыдан сауатсыз адамдарды өз қатарларына қосуда. Осындай радикалды ағымдардың үгіт-насихаттарының нәтижесінде саналары уланған азаматтар айдың-күннің аманында «жиһадты» желеулетіп қантөгіс майданына аттануда. Олардың түсінігіндегі «жиһад» - өздері «кәпір» деп санаған адамдарын аяусыз қыру, қатар тұрғызып ату, әйелдерді, балаларды құлдыққа салу, оларды жан түргішерлік азаптармен қинау сияқты қатігез, озбырәрекеттер, Алла жолында өзін жарып жіберіп, «шәйіт болу». Олардың қатарына Қазақстаннан да бірқатар азаматтардың қосылып, қандастарымыздың жалған жиһад алаңы болған Сирия жеріне аттанғаны жасырын емес. Мұндай келеңсіз жағдайлардың орын алуының басты себебі ең алдымен діни сауатсыздық деуге болады. Яғни, жастар «нағыз ислам елін» аңсап, өз жандарын құрбан етіп, «шәйіт» болуға сауатсыздық немесе шала сауаттылық себебінен аттанды.
Олай болса, бұл ұғымдардың шынайы мәні қандай? Шын мәніндегі жихад ұғымы өзге дін өкілдеріне, намаз оқымайтындарға қарсы соғыс дегенді білдіре ме? Шәйіт болу - террористік іс-әрекетті жасау жолында жан тапсыру ма?
Исламда біреудің өміріне, жанына қол сұғу былай тұрсын, адамның өз жанына, тіпті малға да зарар келтіруге жол берілмейтінлігі туралы жоғарыда айттық. Исламдағы жиһад – «белгілі бір мақсатқа жету үшін күш-жігерін салу, күресу» деген мағынаны білдіретін сөз. Ал шариғаттағы мағынасы – ақиқат үшін күресу, исламға шақыру, ислам дінінің туын жоғары көтеру, дінді, жанды, отанды, мал-мүлікті т.б. қорғау үшін малымен, жанымен күресу. Ең алдымен адамның өзінің ішкі дүниесін, жүрегін тазартуы. Яғни, өз бойындағы жаман қасиеттерден арылуға, көркем мінезді болуға күш салуы деген сөз.
Қорыта айтқанда жиһадқа біреуді түзету үшін оған қарсы соғысу емес, өзіңді түзету үшін нәпсіңді тәрбиелеу деген анықтама беруге болады. Шәйіт ұғымы лаңкес ұйымдардың ұрандатуымен жарылғыш затты тағынып, өзі мен мен айналасындағылардың жанын қиюды білдірмейді, ислам дінінде бұл керісінше ауыр күнә болып саналады. Шәйіт - елінің дамуы жолында тер төгіп еңбек етіп, отанын жаудан қорғау үшін жанын құрбан еткен адам.
Міне, осылайша діни ұғымдарды бұрмалайтын теріс пиғылды ағымдардың көздегені елдің ішінде жік тудырып, халықтың өз ішінде ыдырауына жол ашу ғана. Сауаты жеткіліксіз адамның бұл ұғымдардың мәнін осындай кері түсінікте қабылдап, санасының улануы әбден мүмкін. Сондықтан да халықтың, әсіресе өскелең ұрпақтың діни сауаттылығын арттыру, олардың діни мәліметті тек сенімді қайнар-көздерден алуына жағдай жасау - қазіргі күннің басты талабы болып отыр. Бұл жолда мемлекет тарапынан ауқымды істердің атқарылып, оңды нәтижелерге қол жеткізіліп жатқаны да белгілі.
Теріс пиғылды ағымдар өз түсіндірмелерінде дәлелдерді қолдану мәселесіне баса назар аударатындықтан олардың идеологиясына, жалпы экстремизм мен терроризмге қарсы тұрудың бір жолы - Құран мен сүннеттен дәлелдер бере отырып, мәтіндерді дұрыс түсіндіру арқылы исламда қантөгістің жоқ екенін, өлтірмек тұрмақ, ешқандай жандыға зарар келтіруге болмайтынын, ислам мен терроризмнің бір-біріне кереғар ұғымдар екенін ұғындыру. Бұл дегеніміз -халыққа шынайы мұсылманның еш уақытта террорлық әрекетке бармайтынын, басқаларға ісімен де, тілімен де зарар, зиян келтірмейтінін исламның қайнар-көздері - Құран мен хадис мәтіндерін бере отырып ұғындыру, насихаттау. Бұл мәселеде ислам діні саласындағы мамандарға, теолог мамандарға, имамдарға артылар жүктің басым екені айқын.
Еліміздің тарих бетінде ұлт ретінде сақталып, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі дінінен, тілінен, ділінен ажырамауы үшін сырттан келген жат ниетті ағымдардың таралуына тосқауыл болып, дәстүрлі құндылықтарымыз бен тәуелсіздігімізді сақтап қалуға атсалысу баршамыздың азаматтық борышымыз деп санаймын.
Теңлібаева Жанар Қантемірқызы,
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының жетекші ғылыми қызметкері
Оставить комментарий