Сергей Пудовкиннің продюсерлік орталығы қытайлық телеарнаға, қытайлық компанияға немесе әртістерге қатысты шағым түсірмеген. Бұл туралы Витастың продюсері Сергей Пудовкин мәлімдеді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Витастың мүддесін қытайлық адвокаттар конторасы қорғайды екен. Бұл контора қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің I am a Singer байқауында «Опера №2» әнін орындауына байланысты шағым түсірген.
«Мен шағым түсірген жоқпын. Витас та шағымданбаған. Шын мәнінде менің келісімім бойынша менің қытайлық серіктесім болып келетін компания шағым түсірген. Бұл компания ҚХР территориясында интеллектуал мүлікті қорғаумен айналысады. Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл заң бұзушылық осы мемлекеттің территориясында болды. Сондықтан сол елде осындай процесс жүргізіліп жатыр. Нәтижесін бірге көреміз», — деді Пудовкин.
Еске салайық, Витастың өкілдері шағымды Hunan арнасының үстінен түсірген. Оған Димаш Құдайбергеннің I am a Singer байқауында «Опера № 2» әнін айтуы себеп болған. Әзірше телеарна бұған қатысты ресми пікір білдірген жоқ. Ал Димаш Құдайбергеннің PR-менеджері Алпамыс Шаримов бұл әнді орындау конкурс режиссерінің таңдауы болғанын хабарлаған. Ал кейін даусын ресейлік әншімен салыстырғандарға Димаш Құдайбергеннің өзі жауап берген. «Мен «Екінші Витас» емеспін!» деп мәлімдеген еді Димаш Құдайберген.
Оставить комментарий