Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, қазақстандықтарға шетелдік әнші Рианнаның еш қажеті жоқ, деп хабарлайды Информбюро, мәліметтің қазақша нұсқасын «Қамшы» порталы оқырман назарына ұсынады.
Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ЭКСПО қарсаңында Астана қаласында Рианнаның өтуі мүмкін концертіне қатысты мәлімдеме жасады.
«Рианнаның ешқандай да концертін біз ұйымдастырып жатқан жоқпыз. Біз Димаш Құдайбергеновты, Қанат Исламды, La Scala, Пласидо Доминго және басқаларын ұйымдастырып жатырмыз», - деп мәлімдеді ол.
БАҚ өкілдері Министрліктің сайтында жарияланған Рианнаның концертіне қатысты ақпаратты тексеріп көрді. Министрдің ойынша, техникалық қателіктер жіберілген болуы мүмкін.
«Бұл – техникалық қателіктер шығар, бұлай болуы мүмкін емес. Бәлкім, біреу мұндай ақпаратты әдейі жүктеп қойған. Шынымды айтсам, барлық ұйымдастыру шараларымен өзім айналысып жатырмын. Рианнаның бізге не қажеті бар? Министрлікке жүктелген міндет – ЭКСПО-ның ұйымдастырып жатқан барлық шаралары, бұл іске барлық қала және біз бірлесіп жұмыс атқарып жатырмыз», - деп түсіндіре кетті Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Барлық бағдарламалардың жиынтығына «Астана ЭКСПО-22017» АҚ жауапты екенін айтып өтті.
«Мүмкін бұл жинақта Рианнаның концерті тұрған болар. Бұл – жалпы бағдарламалардың жиынтығы», - деді Мәдениет Министрі.
Сонымен қатар, ол басшылық етіп отырған бөлім Рианнаның концертін ұйымдастырушылар емес екенін қоса айтты.
«Оны Мәдениет Министрлігі өткізбейді», - деді Министр.
Естеріңізге сала кетсек, Мәдениет және спорт Министрлігінің сайтында 6 шілде күні Рианнаның концерті өтеді деген ақпарат жарық көрген болатын.
Бірнеше уақыттан соң сайт бетіндегі ақпарат жоғалып кетті, ал Мәдениет Министрлігі Астана қаласында Рианнаның концерті өтпейтіндігін хабарлады.
Аударған: Назерке Лабихан