Ұлыбританиялық Айрис Грейс Хэлмшоу 7 жастағы суретші қыз. 2011 жылдың желтоқсанында дәрігерлер қызда аутизмнің барын анықтаған. Айрис кішкентай кезінен адамдармен араласуын доғарған.
Бірақ, Алла Тағала адамға бір кемістік берсе, оның орнын міндетті түрде өзгелерде жоқ артықшылықтармен толықтырып отырады. Иә, түрі ұсқынсыз болған шығар, бірақ таланты тас жарады. Қол-аяғы жоқ шығар, бірақ сұлулығы бәрінен асып түседі.
Бұндай асыл қасиет Айристен де айналып өтпеді. Өз ойын адамдарға жеткізе алмағанымен, кішкентай ару ішіндегісін қылқаламмен қағаз бетіне түсіреді екен.
«Сурет салумен айналысу Айристің қарым-қатынас жасауына көмектеседі деп сенгенбіз,- дейді қыздың анасы Арабелла Картер-Джонсон: Бірақ, қызымыздың бойында асқан талант бар екенін білмей жүрген екенбіз. Қылқаламды қолына алған бойда 2 сағат тоқтаусыз сурет салуға кірісіп кетті. Алғашында, аутизммен ауыратынына қынжылатынбыз. Алайда, дәл осы ауру оны сурет өнерімен таныстырды. Ол сөйлей алмаса да, қоршаған ортаны бар жанымен сезіне алады».
Қыздың картиналары бүгінгі таңда үлкен сұранысқа ие. Кейбір коллекция жинаушылар оның картинасын қомақты сомаға сатып алады.
Айрис бүгінде әлеуметтік желі қолданушыларын қызықтырып отырған білікті суретші. Деректерге сүйенсек, оның сурет салуына жақын досы, мысығы – Тулу көмектеседі екен.



