Германия әлеуметтік желіде өшпенділік пен азғындықты насихаттайтын жазбаларға шектеу қойды. Енді елде бұл мәселе заңмен реттелмек. Жаңа құжат бойынша әлеуметтік желі тыйым салынған контентті дер кезінде алып тастамаса, оған ірі көлемде айыппұл салынады. Германия үкіметі осыған қатысты арнайы заң қабылдады,-деп хабарлайды Қамшы ақпартаттық агенттігі khabar.kz телеарнасына сітеме жасай отырып.
Ел үкіметі бұған дейін де Facebook, Twitter, YouTube сияқты сайт қолданушыларын жөнге келуге шақырғанымен, нәтиже болмады. Енді халық арасында іріткі тастап, арандату мақсатында жазылған әрбір контент үшін жауап береді. Осындай ұлтаралық шиеленіс пен өшпенділік тудыратын жазбалар желіге салынған жағдайда 24 сағаттың ішінде алынып тасталуы тиіс. Енді жаңа заң бойынша желінің Германиядағы өкілдігіне 5 млн евро, ал компанияның өзіне 50 млн евроға дейін айыппұл салынбақ. Германия халқының жаңа заңға деген пікірі екіге жарылды. Мәселен, осы елдің журналистер одағы мен бірқатар саясаткерлер жаңа заңды жаппай сынға алды. Олар бұл сөз бостандығын шектеу деп санайды. Ал тұрғындардың дені әлеуметтік желіде талаптың қатайтылуына қолдау білдіріп жатыр. Әлеуметтік желіні бақылау мұнымен шектелмейді. Сонымен қоса желіге жалған ақпарат салуға да тыйым салынды. Алғаш болып, Facebook заң аясынан шықпайтындығын мәлімдеді. Компания мәліметті тексеретін мекемелермен де бірігіп жұмыс істеуге дайын. Технологиясын да осыған орайластырады.
Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский
Оставить комментарий