2017 жылдың 11 сәуірі күні «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында тәрбие, құқық, кадр мәселелеріне жауапты мамандардың басын қосқан алқалы жиын өтті. Өңірлік қолбасшылыққа қарасты барлық әскери бөлімдермен тікелей байланыс орнатылып, күн тәртібіндегі өзекті жайттар жіті сараланған селекторлық жиынды «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Сабыржан Сүлейменов ашып, жүргізіп отырды деп хабарлайды "Қамшы" ақпараттық агенттігі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ, шараға Алматы әскери прокуратурасының әскери прокуроры әділет капитаны Арман Қалымов қатысты. Алдымен күн тәртібінде Ұлттық ұланның Петропавл қаласындағы Әскери институтына оқуға талапкерлерді зерделеу жұмыстарының барысы қаралды. Бұл жөнінде өңірлік қолбасшылықтың кадр бөлімінің бастығы полковник Ж.Есімхановтың атқарылған жұмыстар бойынша баяндамасы тыңдалды.
Бұл мәселе төңірегінде полковник С.Сүлейменов: «Баршамыз білеміз – жастар біздің болашағымыз. Өмір алмасады, жастар жаңа орынды басады. Сондықтан да елдің қорғаны да, келешек иесі де жастар. Ел қорғау зор абырой. Әскери қызмет үлкен сенім. Біз Отан қорғау қызметіне маман дайындауда өте жіті әрі байыпты жұмыстар жүргізе білуіміз керек. Жастардың бойындағы отансүйгіштік рухының, талпысының, өр мінезі мен әскери адамға тән қайсарлығының табын бірден байқап, сол оқуға жолдама беретін жастың болашақта жақсы маман болатынын аңғара білсек ол міндетімізге жеткеніміз», - деп тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
Жиынның соңында әскери полиция бөлімінің бастығы полковник Д.Әбдібеков әскери бөлімдердегі құқықтық тәртіптің қазіргі күнгі ахуалы жайлы баяндады. Лауазымды тұлғаның айтуы бойынша қазіргі күні әскер құрамында ауыр құқық бұзушылық деректері белсенді төмендеген. «Бұл нәтижеге тәрбиеші мамандардың, әскери полиция, психолог, командирлердің үдайы қадағалау шараларын тыңғылықты жүргізулерінің арқасында қол жеткізілді», - деп атап өтті.
Оставить комментарий