Осыдан бір ай уақыт бұрын Ералы Тоғжанов Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалды. Ералы Лұқпанұлы әкім болып тағайындала сала қызу іске кірісті. Әкімдік әрине Тоғжанов үшін тың қызмет емес. Ол 2001-2006 жылдары Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
Тоғжанов Әкім болып тағайындалғанда саясаттанушы Ерлан Саиров ол туралы «Ералы Тоғжанов – тәжірибелі менеджер. Ол жұмыс істеген кезеңде Қазақстан халқы Ассамблеясы тиімді органға айналды, яғни ҚХА ұлтаралық қатынастар саласындағы мәселелерді реттеуге қауқарлы. Соңғы 10 жылда бізде бұл салада теріс үрдістер, қоғамдық тәртіпті бұзудың асқынған жағдайлары орын алған жоқ. Маңғыстау өңірі ерекше аймақтардың бірі. Менің ойымша, осы өңірде гуманитарлық салада жұмыс істеп, дипломатиялық қабілеттің мүмкіндіктерін пайдалану керек» деген болатын.
Мемлекеттегі салмақты саясаткер
Сағынтаев пен Тәжин Маңғыстау мәжілісінде таныстырып кете сала Тоғжанов мүмкіндіктерін пайдалануда аянып жатқан жоқ. Бірден атқа қонып, ауыл-аудандарды аралады. 14 наурызда Батыстағы ірі облыстардың біріне Әкім болып тағайындалса, күн өтпей-ақ іске кірісіп, 15 наурыз күні Маңғыстау облысындағы бірқатар ірі өндірістік және өнеркәсіптік кәсіпорындардың, Ақтау қаласындағы әлеуметтік маңызды нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысты. Одан әрі әр күні өңірдегі аудандарға барды. Тыныс-тіршілігімен танысып, кем-кетігін көзімен көрді. Облыстағы мектептерді интернет жүйесіне қосуды жеделдетуді тапсырып, облыстың болашағын үшін білім мен ғылымның маңыздылығын атады.
Басты айта кетерлігі аймақ басшысы әр сапарында «Серпін-2050» - «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» атты мемлекеттік бағдарламаның артықшылықтары туралы ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жастарды кадр жетіспеушілігі байқалатын еліміздің басқа өңірлеріне оқытуға еңбек етуге жіберуді тапсырды. Жоғарыда аты аталған екі бағдарламаның Қазақстандағы саяси маңызының қаншалықты жоғары екенін жұрт біледі.
Аталмыш «Серпін» бағдарламасы туралы Ералы Тоғжанов ҚХА Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА Хатшылығының меңгерушісі кезінде де жиі айтып, жүрген жерінде насихаттайтын. Сол арқылы солтүстік облыстарда еңбек күшінің көбеюіне сеп болып, солтүстік өңірлердің дамуына әрі ондағы этнос аралық татулықтың нығаюына дәнекер фактор болатынын баса айтатын. Тоғжанов Наурыз мерекесінде Жаңаөзенге сапарында да халықтың бірлігі мен татулығын дәріптеп, тебірене сөйледі.
Әкімдіктегі алғашқы ай
Ералы Лұқпанұлы Маңғыстау өңіріне әкім болған соң 20 күн өткенде Президент Назарбаев өңірге 2 күндік іссапар жасады. Маңғыстау облысының тыныс-тіршілігімен танысқан Елбасы Ақтау портын арнайы аралап, облыс жұртшылығымен жүздесті. Бұл әрине жаңа тағайындалған әкім үшін үлкен сын еді. Осы сапарында президент Ералы Тоғжанов басқарып отырған өңірдің бұрынғыдай мұнайға тәуелді емес, шикізаттық емес өндіріспен айналыса бастағанына куә болды.
Президентке есеп берген әкім ауызсу мәселесін түбегейлі шешуге ден қойып жатқанын, биыл облыста 26 мың жаңа жұмыс орнын ашуды мақсат етіп отырғанын баяндады. Сондай-ақ әкім алдына қойған міндеттері туралы «Біз алдымызға мектептер мен балабақшалардың құрылысын озық қарқынмен жүргізу мақсатын қойдық, мектептерде оқу орнының жетіспеушілігін болдырмау мақсатында осы жылы 8 мектеп құрылысын бастаймыз» деп атап өтті.
Тоғжанов өзі басқаратын өңірмен ғана шектеліп қалған жоқ, ол биыл Қазақстан үшін саяси және экономикалық маңызы жоғары «ЭКСПО-2017» көрмесіне облысты ұйытқы болуға жұмылдырды. Көрмеге келетін қонақтарға қолайлы жағдай жасау үшін Маңғыстау облысы атынан 50 ерікті іріктелді. «Ақтау» сауда ойын-сауық кешенінде «ЭКСПО» билеттерін сататын кассалар орнатылып, жергілікті туристік фирмалар «ЭКСПО»-ға 12000 билет сатып алды. Маңғыстаулықтардың Астана қаласына баруына қолайлы жағдай жасалуы үшін 1 маусым күнінен бастап «Тальго» атты 2 жолаушылар пойызы, ал 1 шілде күнінен бастап тағы бір қосымша құрам жүргізілмек, күніне 600 адамды жіберу жоспарланған. Осыған байланысты арнаулы жиын өткізген Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов:
Көрме – еліміз бен аймағымыздың дамуының көрсеткіші, болашақта көркеюіміздің кепілі. Елбасымыз атап көрсеткендей, тек бәсекеге қабілетті елдер ғана көштен қалмайды, кейде оза жүреді. Біздің тапсырмамыз да осында. Мемлекеттік органдар үшін, үкіметтік емес сектор мен азаматтық қоғам институттары үшін бірыңғай амал ойлап тауып, барлығымыз да сол іске қатысуымыз қажет, - деп атап өтті. «ЭКСПО» халықаралық көрмесі аясында 15-18 тамыз күндері аралығында Астана қаласында Маңғыстау облысының күндері өтеді.
Шынайы шенеунік
Ералы Лұқпанұлы журналистерден қашпайтын шенді. Қандай қызметте жүрсе де мемлекеттік БАҚ бетінде талай рет ашық сұхбаттар берді. Алайда ол өзге шенеуніктер сияқты жасалған істің есебін ғана емес, елдегі болып жатқан саяси жағдайларға талдау жасап, әсер етуші факторларды саралайды. Бұндай ашықтығын ол бір сұхбатында «Бір ортаға барып, балалардың өздерімен кездесіп отырып, өзіңнің айтқан сөзіңе өзің сенбейтін болсаң, оны жас та, кәрі де сезеді. Шынайы ішкі дүниелеріңмен, шын ниетіңмен айтпайтын дүниелер болатын болса, оны тыңдаушы да түсінеді, халық та түсінеді. Ешкімді алдай алмайсыз» деп сипаттаған.
Ол Ассамблеяда жүрген кезінде Қазақстанда тұратын барлық диаспоралардың жер иесі қазақ халқына алғыс айтуы керек екенін естеріне жиі салды. Сондай-ақ, Қазақстандағы ұлт пен этностардың ғана емес, шекара шетінде жүрген 5 миллионға жуық қандастың тағдыры үшін де талай алаңдап, сұхбаттар берді.
Ералы Тоғжанов Ассамблеяда қызмет еткен ҚХА-ның халық арасындағы имиджі айқын қалыптасты деуге болады. Ол сұхбаттарының бірінде Ассамблея туралы «Басқа ұлттардың ғана жоғын жоқтайтын, қазаққа қарсы ұйым емес. Ассамблея деген сұрақ келісім мен бірліктің сұрағы. Тіпті ең алдымен қазақтың келісімі. Қазақтың келісімі болмай қазақстанда келісім болуы мүмкін де емес. Ассамблеяның негізгі мақсаты мен бағдары қазақтың бірлігін сақтай отырып, басқа этностарды оның айналасына топтастыру» деді.
Тіл жанашыры
Ералы Лұқпанұлының тіл жанашыры екенін былайғы жұрт жақсы біледі. Маңғыстауға барғалы бері Ералы Тоғжанов жиналыстарында тек қазақ тілінде сөйлеп жүр. Ол Ассамблеяда жүрген кезінде де тіл жанашыры екенін көрсетіп, іспен дәлелдеген. Мысалы «Мың бала» жобасы. Аталған жоба түрлі этникалық топтардың мектеп жасына дейінгі балаларға және мектеп оқушыларына қазақ тілі мен мәдени ортасына бой үйретіп, мемлекеттік тілді меңгеруіне, қазақтың тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын бойына сіңіру мүмкіндіктерін көздеген еді. «Мың бала» жобасының бағдарламасы «мәдени-тілдік бой үйрету» халықаралық тәжірибесінің нәтижелерін ескере отырып құрылғандықтан, барлық қатысушылардың мәдени және тілдік ортаға толығымен ұйысуына мүмкіндік берілді. Республика көлемінде барлық дерлік өңірлерде мемлекеттік тілде түрлі конкурстар мен сайыстар жүзеге асқан.
2015 жылы өткен жоба аясында Астана және Алматы қалалары, облыс әкімдіктерімен ұйымдастырылған шаралар бойынша 235 мың 71 бала қатысқан. Қазақ тіліне үйретудің авторлық курстары бойынша 7 мың 863 іс шара жүзеге асты. Тұтастай алғанда, «Мың бала» жобасы аясында 44 мың 497 бала мемлекеттік тілді еркін әрі сапалы меңгеруге қол жеткізді.
Алматы телеарнасына «Өткір тіл» бағдарламасына берген сұхбатында ол осы жоба туралы:
Мың бала жобасы ҚХА 20 жылдығына сәйкес көтерілді. Ең үлкен сұрақтың бірі тіл сұрағы. «Мың бала» жобасы тек мың балаға тіл үйретуді көздеген жоқ. Оған 240 мыңға жуық бала қатысып, оның ішінде 240 бала қазақ тілін шешендік деңгейде сөйлейтін деңгейге жетті.
Қазақстанда қазақ тілін білмей бірлік болады деген сұрақтан аулақ болу керек. Тілдің сұрағы бірліктің үлкен факторы. Мемлекеттік тілді білмей объективтік түрде қоғамда болып жатқан өзгерістердің бәрін терең білу мүмкін емес. Қазақстанда тұратын ұлттардың бәрі Қазақ тілін білуге міндетті», - деп ашық айтқан болатын.
***
Сөз соңында, «Амал күні» киелі Маңғыстауға әкім болып барған Тоғжановтың табысты қызметімен халықты қуантатын күні әлі алда екені рас. Тоғыз жолдың торабында тұрған өңір Маңғыстау Қазақстанның экономикалық және Әлеуметтік тұрғыдан қарыштауына тірек болар өңір. Ал өңірдің жандана түсуіне әкім Ералы Лұқпанұлының қажыры мен қайраты да, тағылым мен тәжірибесі де жетері сөзсіз.
Нұрғали НҰРТАЙ
Оставить комментарий