Майра Ілиясова: «Димаштың өнері елімізде бағаланбайды» деген пікірге қарсымын

/uploads/thumbnail/20170710021936444_small.jpg

Халық әртісі, ҚР Ұлттық өнер университетінің оқытушысы Майра Ілиясқызы Роза Рымбаева мен Қайрат Нұртастың Димаш Құдайбергеновке қатысты айтқан пікірлеріне қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды Baq.kz

Осыған дейін ҚР халық әртісі Роза Рымбаева «Димаштың елімізде сүйікті әнші атануына мүмкіндігі аз» деген пікір айтқан болатын. Ал еліміздегі ең танымал, жастардың сүйікті әншісі Қайрат Нұртас «Димаш өз әнiн таппағандықтан елде бағаланбады» деген ойын білдірген. Содан соң қазақ эстрадасының жарқын жұлдыздарының айтқаны әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен болатын. Алайда ҚР Ұлттық өнер университетінің оқытушысы Майра Ілиясқызы бұл пікірлермен келіспейтіндігін жеткізді. Оның пікірінше, Димаш Құдайбергеновтің өнері елімізде де жоғары бағаланатын болады.

«Жоқ, ол пікірге қарсымын. Розаның да, Қайраттың да жанашырлық білдіріп жатқаны өте дұрыс. Қазіргі таңда біздің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Балаға қараңдар» деп ҚР Ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаеваға, әрі ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына арнайы тапсырма берген болатын. Олар баланы қамқорлығына алып отыр. Менің ойымша, осы жағдайды ескере келе, мұндай жағдай болмайды. Дүниежүзі оны мойындап, үлкен музыка мамандары өз бағаларын беріп жатқан кезде біздің Димаштың өнері елімізде бағаланады», - деді ол.

Осы орайда танымал әнші Димаштың таланты бұрыннан елімізде жоғары бағаланғанын атап өтті.

«Халық бұрыннан да бағасын беріп жүр. Оның осы білім ордасына түскенінің өзі еңбегінің жоғары бағаланғаны. Сондай-ақ, еліміздегі үлкен шоу бағдарламаларға біздің Димаш қатысып жатады. Тіпті, ол мемлекеттік дәрежедегі маңызды концерттерде, Елбасының алдында әндерін айтып жүр. Әрине, Димаш осыдан 1-2 жыл бұрын жас болды. Қазір ол тәжірибе жинақтап жатыр. Ол Қытай Халық Республикасындағы тамаша бағдарламаға қатысып, «Азияның ең үздік әншісі» атанды. Осының барлығы оның еңбегінің бағалануы», - деді әнші.

Сонымен қатар Майра Ілиясқызы Қытайды мойындатқан қазақ баласының өз жерінде неге танымал бола алмағандығын былайша түсіндірді.

«Мәселе мемлекетте емес. Мәселен жарнамада. Бізде тырнақ астынан кір іздеп, осындай әңгіме айтып жүргендер бар. Белгілі өнер қайраткерлерінің және азаматтардың айтқан пікірін естідім. Ол дұрыс емес. Бұл жерде үлкен рөл ойнағаны жарнаманың кереметтігі. Есімде Майкл Джэксон қайтыс болған кезде жарты сағаттың ішінде дүниежүзі оның өмірден озғандығын білді. Сондықтан мұның барлығы жарнамаға байланысты. Қазақ елі өмір бойы өнерін сыйлаған», - деді ол.

Сөз соңында халық әртісі кезінде отандық продюсерлердің Димаш Құдайбергеновті сынға алғанындығына қатысты ойын білдірді.

«Жоқ, мен оны менсібеген деп айта алмаймын. Мен оны естіп жүрмін. Ол жерде біздің Димаш өзінің қазіргі деңгейіне жетпеуі, ол кездегі тәжірибесінің аздығы, жастығы әсер етті. Менің ойымша айтыскер айтыскерді, журналист журналисті, әнші әншіні бағалауы керек», - деп түйіндеді сөзін Майра Ілиясқызы.

Естеріңізге сала кетейік, 15 сәуірде Димаш Құдайбергенов «I’m singer» халықаралық ән байқауының ең соңғы шешуші сайысына қатысады.

Ақтық сайысты «Hunan TV» және «Хабар» телеарналары тікелей эфирден көрсетеді.

Оставить комментарий

Связанные Статьи