Димаш Құдайбергенов «I am singer» байқауының финалында 2-ші орынға ие болды, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі.
Қытайдың Чанша қаласында Үш айға созылған "Мен әншімін" байқауы бүгін өз мәресіне жетті.
Димаш жоба барысында екінші орынды иеленіп, Гонконг әншісі Sandy Lam жеңіске жетті деген ақпарат ғаламтор бетін шарлап жүр. Димаштың өз сөзін қайталап өткіміз келеді: "Мен қандай орын алсам да, өзімді жеңімпаз сезінемін". Қазақ елі үшін Димаш абсолютті жеңімпаз.
Айта кетейік, жеңімпаздардың тағдырын көрермен залында отырған 500 адам шешкен.
Финалдың трансляциясы Астана уақытымен сағат 20.00-де Қытайда басталды. Ал байқаудың қорытындысы шығып қойды.
Әлемді аузына қаратқан әнші Димаш Құдайбергенов «Мен әншімін» жобасына қатысып, бүкіл әлемді таң қалдырған болатын. Байқаудың ақтық сынында Димаш танымал қытайлық әнші Шан Вэньцзенмен қосылып поп-музыка королі Майкл Джексонның Earth Song әнін орындаған.
Димаш Құдайбергенов бірге ән айтатын жұбымен күні кеше қызыл кілеммен жүріп өткен болатын.
Димаштың "Мен әншімін" байқауына қатысуы Қазақстанның да беделін көтергені анық. Байқаудың басынан бастап таза қазақ тілінде сөйлер жүрген ол Қазақ елінің абыройын асқақтата білді. Әр кезең сайын ерекше қойылыммен, ерекше әнмен сүйсіндіре білген Димаш - бүгінде әлем жұлдызы.
Байқаудың бастапқы кезеңінен жұртшылықтың назарына ілігіп, әлемнің назарын өзіне аудара алған Димаш 18,47%, жеңіске жеткен Гонконг әншісі 22,6% дауыс жинаған.
Димаштың финалда көрсеткен өнерін назарларыңызға ұсынамыз.
Оставить комментарий