«Алаш рухты ақын» атты аймақаралық «Таңжарық оқулары» өтті

/uploads/thumbnail/20170710035335976_small.jpg

Талдықорғандағы І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде аймақаралық "Таңжарық оқулары" өтті.

Алашорданың 100 жылдығына орайласқан игі шара Халықаралық "Таңжарық зерттеу" қоғамдық қорының ұйымдастыруымен аталған оқу орнының қолдауымен өткізілді. Оған Алматы мен Талдықорғандағы 7 университет пен колледжден 30-ға жуық үміткер ниет білдіріп, іріктелген 19 студент жарысқа қатысты. Филология ғылымдарының докторы, профессор, Таңжарықтанушы ғалым, қордың ғылыми кеңесшісі Темірхан Тебегенов, қоғам қайраткері, қор кеңесшісі Рахым Айыпұлы, белгілі айтыскер ақындар Серік Қалиев, Әбдіғани Бәзілханұлы, Жұматай Оспанұлы қазылық еткен байқауда қатысушылар Таңжарық өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқудан және ақын өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап беруден жарысқа түсті. Жеңімпаздар ақшалай сыйлыққа қол жеткізді.

Бас жүлде мен оған белгіленген 50 000 теңгені(қор кеңесшісі, әдебиет сыншысы Омарәлі Әділбекұлы тағайындаған) ҚызПУ-дың студенті Ақгүл Айдарбекова алса, 1-орынды Талдықорған политехникалық колледжінің 1-курс студенті Жұлдыз Бекмұратқызы(40 000) иеленді. Ал жүлделі 2-орындарды Абай атындағы ҚазҰПУ студенті Салтанат Әнапияева мен ҚызПУ-дың студенті Айжан Мелдебек еншіледі. Сондай-ақ, әрқайсысы 15 000 теңгені құрайтын 3 жүлде Жетісу университетінен қатысқан 3 студентке бұйырды.

Жастардың Таңжарықтануға деген ықыласы мен пейілі жоғары, алған әсері мен түйген білімі мол болды. Оған дәлел, мамандығы басқа Талдықорған политехникалық колледжінен 10-ға тарта студенттің ақын өлеңін жаттап, өміріне үңіліп, аса зор ынта танытуы. Түстен кейін өткен әдеби-сазды кеште белгілі әнші Нұржан Жанпейісов, Сәулежан Тақзия, "Аманат" тобы, т.б. әншілер және Алматы мен жетісулық жас ақындар қатысып Таңжарықтың әндерін орындап, ақын рухын асқақтатып айтыс жасады. Осылайша, жыл өткен сайын Таңжарық ақынға деген жастардың танымы, құрметі мен зерттеп-зерделеуге деген құлшынысы артып, деңгейі де жоғарлап келеді. Бұған дейін қатарынан 3 жыл бойы Алматыда қалалық деңгейде өткен " Таңжарық оқулары" биыл алғаш рет аймақаралық әдеби бәсекеге көтерілді.


Ескерте кетейік, Таңжарық Жолдыұлы – шетелдегі қазақ әдебиетінің өкілдері ішінідегі алғашқы әрі бірден-бір арнайы шығармашылық оқуы өткізілген әдебиет пен өнердің ірі тұлғасы ретінде тарих сахнасында, жастар жадында жаңғыра түсті.

Жарқын Сәленұлы, журналист

Оставить комментарий

Связанные Статьи