АТА-АНАЛАР ДІНИ АҒЫМДАР ҚЫСЫМЫНА ҚАРСЫ!

/uploads/thumbnail/20170708154528811_small.jpg

Ардақты ата-аналар, қадірлі қауым!

Біз, сүйікті еліміз Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұрып жатқан ата-аналар, өз балаларымызды, әсіресе, әлпештеп өсірген қыздарымызды арандатушы адасқан діни ағым өкілдерінің, атап айтқанда, «қысқа балақтылар» мен «теке сақалдылардың» қысымынан қорғау мақсатында арнайы Республикалық қозғалыс – қоғамдық ұйым құру туралы Сіздерге үндеу тастап отырмыз.

Мұндай қадам жасауға бізді өмірдің өзі мәжбүр етіп отыр.

Біздің әлпештеп өсіріп, жоғары білім беріп, бағып-қаққан балаларымыз, әсіресе, қыздарымыз аранданушы адасқан діни ағым өкілдерінің – «қысқа балақтылар» мен «сақалдылардың» құрбандары мен күңдеріне айналуда.

Осынау арандатушы адасқан діни ағымның «қысқа балақты», «теке сақалды» өкілдері Қазақстанның дін істері мәселесіне байланысты заңдарының осалдығын пайдаланып, біздің қыздарымызды алдап, өздерінің тұсауларына түсіріп жатыр.

Иманды, қазақ халқының дәстүрлі дінін ұстанып, намаз оқитын отбасылардың мәпелеп, әлпештеп өсірген қыздарын әртүрлі жолдармен уыстарына түсіріп, отбасын құрып алған соң, олар біздің перзенттерімізге рухани қысым көрсетіп, өзін дүниеге әкелген ата-аналарымен және туыс-бауырларымен қарым-қатынас жасауына күштеп тиым салуда. Соның салдарынан қаншама жоғары білімді қыздарымыз «қысқа балақтылар» мен «теке сақалдылардың» босағаларында солардың баласын бағумен ғана шұғылданатын, тек қана үйде отыратын, қоғамдық өмірге мүлдем араласпайтын, ешқайда, ешқандай қызмет істемейтін КҮҢГЕ айналуда!

«Қысқа балақтылар» мен «теке сақалдылар» діни жоралғыларды, әсіресе, қасиетті Ораза айын желеу етіп, Қазақстанда қыздарды күң ретінде ғана жұмсайтын феодализм заманын орнату үшін қолдарынан келгеннің барлығын жасап жатыр!

Мұндай бейбастақтыққа қарсы аяусыз күрес жүргізуге тиісті Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, еліміздің Бас прокуратурасы мен Жоғарғы Соты, басқа да құқық қорғау орындары, салалық министрліктер, агенттіктер мен жергілікті әкімдіктер тиісті заңдардың осалдығын желеу етіп, дәрменсіздік танытып отыр!

Еліміз бойынша жүздеген, мыңдаған отбасының әлпештеп өсірген қыздары – күңге, «қысқа балақтылар» мен «теке сақалдылардың» айтқанына көніп, айдауына жүретін тірі робот-құлтемір – қуыршаққа айналған!

Біз, ата-аналар, енді бұған төзе алмаймыз!

Өзіміздің әлпештеп өсірген қыздарымыздың саналарын улап, бастарын айналдырып, босағаларында күң ретінде жұмсап отырған мұндайларға қарсы бітіспес аяусыз күрес жариялаймыз!

Иман әркімнің жүрегінде болуы тиіс. Иманды екенің сыртқы киіміңнен емес, ішкі ниетіңнен, адалдығыңнан, т.б. көрінуі қажет. «Теке сақал» өсіріп алған «қысқа балақтылардың» «нағыз діншілдер – бізбіз» деген пиғылмен өктемдік көрсетіп, қыздарымызды бүркендіріп, үсті-басын бүркемелетіп, қазақ халқының тарихында мүлдем болмаған жиіркенішті «сән үлгісімен» күштеп киіндіріп, қоғамдық өмірден мүлдем қол үздіруіне енді бұдан былай жол бере алмаймыз!

Қазақтың халықтық салт-дәстүрлерін мойындағысы келмей, өздерін діннің «нағыз данышпандары» санайтын «қысқа балақтылар» мен «теке сақалдылар» Қазақстан Республикасының Конституциясын өрескел бұзып отыр!

Ата заңымыздың 27-ші бабында былай делінген:

«1. Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттiң қорғауында болады.

  1. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрi мiндетi.
  2. Кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi».

Ендеше, барлық ата-аналар ұлын үйлендірсе де, қызын тұрмысқа берсе де, олармен жиі және тұрақты түрде қарым-қатынас жасап, балаларына қамқорлық жасап, тәрбиелеу ісінен қол үзбеуі керек. Сол сияқты балалары да ата-аналарынан қол үзбеуі тиіс.

Сондай-ақ Ата заңымыздың 34-бабы бойынша:

«1. Әркiм Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi».

Ал діни ағымның «қысқа балақты» және «теке сақалды» өкілдері Қазақстан Республикасы Конституциясының осы талаптарын өрескел түрде бұзып, қазақ қыздарына халықтық салт-дәстүрлерімізге жат киімдер кигізіп, оларды тек қана бала тауып, бала бағушы ретінде ғана үйлерінде күштеп ұстап, басқа адамдардың, яғни біздің қыздарымыздың құқықтары мен бостандықтарын, абыройы мен қадiр-қасиетiн аяққа таптап отыр!

jihad

Қазақстан Республикасы Конституциясының осы екі бабының негізінде-ақ «қысқа балақтылар» мен «теке сақалдылар» уағыздап жүрген теріс діни ағымды насихаттаушылар мен олардың топтарын арнайы сот шешімімен Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған экстремистік ұйымдардың тізіміне қостыру қажет!

Ислам дінінің шынайы қағидаларын бұрмалап, қыздарымызға қазақ халқына мүлдем жат киімдерді күштеп кигізіп, өз балаларымызды өзімізге қарсы қойып, айдап салып отырған мұндай арандатушы, адасқан, қазіргі қоғамымыз үшін өте қауіпті діни ағым өкілдеріне тиым салуға ресми орындардың күші жетпесе, енді біз, ата-аналар, нақты іске кірісеміз!

Біз, ата-аналар, ұл-қыздарымызды «қысқа балақтылар» мен «теке сақалдылардың» қысымынан арашалап алу үшін ымырасыз күрес жүргізу үшін бірігеміз!

Біз, ата-аналар:

- ұл-қыздары «қысқа балақтылар» мен «теке сақалдылардың» құрбанына айналып отырған отбасылар туралы мәліметтер қорын жинақтап, оларға мемлекеттік ресми органдар тарапынан рухани және қаржылай көмек берілуін талап етеміз;

- ел Парламентінен «теке сақалдылар» мен «қысқа балақтылардың» арандатушылық адасқан іс-әрекеттеріне тиым салатын арнайы заң қабылдауды талап ету жөнінде жұмыс жүргіземіз;

- қазақ қыздарының санасын улап, алдап-арбап, өз топтарына қосып алып, қазаққа жат киімдер кигізіп, аңқау қыздарымызды ата-аналары мен туған-туыстарынан ажыратып отырған «теке сақалдылар» мен «қысқа балақтыларға» және оларға қаржылай қолдау көрсетіп жатқан ұйымдарға қатысты арнайы сот шешімін шығартып, Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған экстремистік ұйымдардың тізіміне қостыру, ұл-қыздарымызды өздерінің құлдары мен күңдеріне айналдырып отырған «теке сақалдылар» мен «қысқа балақтылардың» сот алдында лайықты жазаларын алуы үшін күресеміз!

Қадірлі халайық!

Ардақты ата-аналар!

Өз ұл-қыздарымыздың «қысқа балақтылар» мен «теке сақалдылардың» құрбандары мен күңдеріне айналуына жол бермейік!

Өзегімізді жарып шыққан асыл перзенттеріміздің ХХІ ғасырдың озық ғылыми-техникалық өркениетінің толағай табыстарын игерген, ой-санасы биік азаматтары болып қалыптасып, сүйікті Қазақстанымызды одан әрі өркендету үшін қызмет етуіне өз үлесімізді қосайық!

«Қысқа балақты» және «теке сақалды» діни ағым өкілдері – қазақ қоғамы үшін өте қауіпті екенін есте ұстайық!

Ораза ұста, мешітке бар, намаз оқы, бірақ қазақ екеніңді ұмытпа!

Біз ұлдарымызды «теке сақалдылар» мен «қысқа балақтылардың» құлдары мен құрбандары болу үшін, ал қыздарымызды «теке сақалдылар» мен «қысқа балақтылардың» күңдері болу үшін дүниеге әкелген жоқпыз!

Біз өз ұл-қыздарымыздың қазақ қоғамының озық ойлы, тең дәрежелі өкілдері болуын қалаймыз және сол үшін күресеміз!

Ұл-қыздары «қысқа балақтылар» мен «теке сақалдылардың» арандатушы діни ағымдарының құрбандары мен күңдеріне айналып отырған ата-аналардан, сондай-ақ ұсыныс-пікір білдіргісі келетін тілектес азаматтардан мына электрондық мекен-жай бойынша mzhakyp@mail.ru хат-хабар күтеміз!

 Құрметпен,

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

«Ата-аналар діни ағымдар қысымына қарсы!» Республикалық қозғалысын құру туралы бастамашы топтың қоғамдық негіздегі төрағасы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадиожурналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті, PhD докторы, филология ғылымдарының кандидаты, of Associate Professor.

Астана қаласы, 2014 жылдың 23 қыркүйегі.

Оставить комментарий

Связанные Статьи