...Шапқан ұлтты «қызылы» бар, «ағы» бар,
Іштен шыққан қалың сатқын тағы бар.
70 жылғы қызыл індет және де
Діңкелеткен ширек ғасыр жағы бар...
Әлі күнге кім ұялмай қыртады?
Көмейімде қаншама ойлар тұр тағы...
70 жылғы құл-құтанның билігі,
Ширек ғасыр сол құлдардың ұрпағы...
Содан бергі бір ғасырдай уақытта,
Қарағанмен түрегеп те, жатып та,
Асып-тасқан барлық, ақыл кемері,
«Барма,- деймін,- бөленген Ұлт Бақытқа?..»
Көрместі рас, кейде көзім көреді,
Көрген сайын тіріліп, мың өледі.
Қанша асқанмен, тасқанменен, шіркіндер,
Құтылмайды, түбі жауап береді...
Бұлар бөлек әңгімеге тақырып,
Дастарханға түкірген кім қақырып?
Қазақты ашық аздырғаннан түбінде
Күнде туар сұрақ алар ақырып!..
Борсиды екен, тұрған су да қозғалмай,
Бара жатыр айтатын да сөз қалмай...
Бәрінен де бататыны жаныма,
Бір ғасырда Қазақ азып, тозғандай...
Кім болса да, бір өлу жоқ, бір тудың,
Бүйтер ме еді «астындағы ел Бір Тудың?..»
Өздері құл - тұтас ұлтты құл етіп,
Шетіне әкеп тіреп қойған құртудың...
Артық көрген мына «қырттан» - ол «қыртты»,
Деп кім айтар: «барлығын да сол құртты!..»
Құрғақ Уәде!
Мақтау!
және
Мақтану:
Осы «Үш Дерт те» - Қазағымды болдыртты.
Осы «Үш Дерттен» - Қазақ оңбай ұтылар,
Ана құлдар – Ұлт ұтылса, құтырар.
Өз алдына ел болғанмен, ұқпадым,
Осы «Үш Дерттен» - Қазақ қалай құтылар?
Шындықты айтсам, сөз ұқпаған сол қайғы,
Миғұланы – топас қана қолдайды.
Құрғақ Уәде,
Мақтау
және
Мақтану:
Құрымаса, Қазақ – Қазақ болмайды!..
RS
ТҮЙІН
Иілме Ұлтым, мен дағы иілмейін,
Көріп, сезіп, мен қалай күйінбейін?..
«Қайран елім, қазағым, қалың жұртым...»,
Деп Абайша ойымды түйіндейін...