ЖАСТАРДЫҢ СҮЙІКТІ ЖАЗУШЫСЫ САТТАР ЕРУБАЕВТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖОЛЫ

/uploads/thumbnail/20170710080121776_small.jpg

Саттар 30-шы жылдарғы әдеби ортаға тұлпар шабыспен екпіндеп, жарқырап кірді. Ол Алматы зиялы қауымын жан-жақты білімімен, журналистика саласындағы білікті ізденістерімен, әдебиеттегі жаңашыл сыни ой-пікірімен, жаңаша жазылған өлең, баллада, пародияларымен елең еткізді. Ленинградтың тарих-лингвистика институтын бітіріп келген жылы күзде, комсомолдың туған күніне орай, 1933 жылғы 29 қазандағы санында «Казахстанская правда» газеті ол туралы болашағы зор ұлттық кадр ретінде үлкен очерк жариялады. Мұндай құрметке Саттар өте лайық-тын. Ол Ленинград жоғары оқу орыны қабырғасында белгілі сыншы, әдебиетші, профессор Павел Николаевич Медведевтің жетекшілігімен «Орыс неоромантизмі және қазақтың буржуазиялық ұлтшыл әдебиеті» деген тақырыпта диплом жұмысын жазды, үздік қорғады, жұмысы елеулі ғылыми еңбек ретінде басылуға ұсынылды. Оқу бітіруші жас түлекке ғылымға ден қою мүмкіндігі – аспирантураға қалдыру жайында ұсыныс жасалды. Алайда, қазақ өлкелік комсомол комитеті оны Алматыға шақыртып алады. Сталиндік-голощекиндік ашаршылық саясаттан халқы қырылып, шаруашылығы әбден күйзеліп біткен кезеңде басшылығы өзгеріп, жас республика қайта жаңғыруға енді-енді бет алған, тиісінше, жаңа кадрлерге мұқтаж болып тұрған. Сол кезде алғашқы жарияланымдарымен өзіне жұрт назарын аударып үлгерген қабілетті, талантты студентті де диплом қорғасымен өлкені көркейтісуге тарту – уақыт талабынан туындаған қажет шара еді...

Саттар 1933 жылы әуелі «Ленинская смена» газетінде әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, сол жылдың соңынан 1934 жылдың ортасына дейін «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеті редакторының орынбасары, сонымен бірге «Пионер» (қазіргі «Ұлан») газетінің редакторы болды. Және жоғары ауылшаруашылық мектебінде диалектикалық материализмнен дәріс оқып жүрді. Жастар баспасөзі Саттардың қаламын ұштады, журналистік-ұйымдастырушылық шеберлігін шыңдады, қоғамдық белсенділігін арттырды.  Ол газеттерге қызықты, пайдалы материалдар жариялау, өткір де зәру тақырыпқа өзі де тікелей жазып атсалысу арқылы өмірдің, шаруашылықтың, мәдениет, әдебиет пен өнердің тәрбие ісімен үйлесе өркендеуіне үлес қосуды мұрат етті. Алайда оның творчестволық ізденістерге толы қауырт қызметі 1934 жылғы 8 маусымда күрт үзілді – өлкелік комсомол комитетінің бюросы «жікшілдікке апаратын мақалаға орын беріп қана қоймай, өзі де жазғаны үшін» «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары Саттар Ерубаевты сөгіс жариялай отырып орнынан алды. Алайда, «көреген» функционерлердің дарынды қаламгерге күш көрсетуі – адал атқарған жұмысынан «саяси залалды әрекет» тауып жазықсыз жазалауы – шүкір, Саттардың сағын сындыра алған жоқ. Саттар комсомол газетінен аласталғаннан кейін де – комсомолға сол комсомолдың төрешіл «көсемдерінен» әлдеқайда артық пайдасын тигізді. Жаңа өмірдің жақсы нышандарын жырлады, түрлі қиғаштықтарға қарсы, қазақ тілін жек көретін қазақтарға қарсы қалам-қаруымен күресе берді. Жастар игілігіне қызметі озбыр әкімдердің қай-қайсысынан да пәрменді болды: ол өскелең ұрпақтың әр келер буынына рухани азық боларлық мәңгі өлмес көркем ескерткіш соқты. Парадоксты қараңыз: көзі тірісінде мұқатуға асыққан комсомол оны, арада ширек ғасыр өткенде, сыйлығының тұңғыш лауреаты етті.  Осылай, жанама түрде болса да, 30-жылдардағы комсомол төрелерінің Саттарға нахақтан көрсеткен өктемдігі түзетілді. Әділет салтанат құрды, өкінішке қарай,  Саттардың өзінсіз...

Бізбен бірге оның өлмес мұрасы бар. Құмарта оқып сусындайсың, ләззат аласың. Бір ғажабы – Саттар шығармашылығынан рухани нәр ғана емес, Саттардың заманы, өмір сүрген ортасы және өзі жайында да көп мағлұмат табасың... Мына жолдарды қалай тебіренбей оқырсың: «Бір адамның бір өмірі маған аз ғой деуші едім, Туып, өліп кетуді де маған аз ғой деуші едім. Ағаш-екеш ағаш-тағы көп көгеріп, қуарар, Сенің өмірің бір-ақ рет көгерер де, суалар». Мейірімсіз ажал сол бір ғана өмірдің өзін шолтитып кесіп тастамақ...  Шындықты, қатал ақиқатты сезініп тұрған ақынның жан сыры емес пе мына жолдар:  «Өмір деген өксігімді баса алмаған жан едім, өнерімнің барлық гүлін аша алмаған жан едім...». «Өлім деген суық сөздің тілінде» жүрген Саттар Ерубаев мәңгілік өмір сүрудің құпиясына сұрау салады:  «Бәсе, қане, мәңгі жасау, өлмеушілік қайда екен? Өте ұмытшақ уақытқа көнбеушілік қайда екен?» Мазасыз жүрек аласұрып тыным таппайды: «Сонан бері көп іздедім өлмеушілік жасауды, Мәңгіліктің етегінен мәңгі түрде ұстауды...» Лирикалық кейіпкері аузынан шыққан ақтық сөзіне көңіл қойыңыз:  «Бір сыр бар ед сақтап жүрген жүрегімнің түбінде. Сол сырымды айтайын мен, өлмей тұрып тірімде.  Қарап тұрсаң төңкеріске, отаныңа,  тарихқа: Адамдағы қымбат қасиет – берілгендік халыққа... Менің қаным миллионның тамырында ағады, Бір жүрегім миллионның жүрегі боп соғады. Менің бақытым, қуанышым бүкіл елдік болады, Мен жасасқан жаңа өмір жайнап өсед, жанады». Саттардың қысқа ғұмырының мәніне айналған терең сенім осындай, – бұл бүгінгі таң үшін де зәру иланым – халқың үшін еңбек ету! Жарық жұлдыздай жарқырай ағып өткен қас-қағым тіршілігінде ол өзін халқының адал перзенті ретінде көрсетті. Артына шағын да болса салмақты, құнды әдеби мұра қалдырды. Ел мүддесіне берілген сан ұрпақтың қанын қыздырып, жүрегін толқытатын туындылары тұрғанда ол бүгін де біздің арамызда. Оның ғұмыры халқымыздың әрбір жас буыны қатарында жалғасады. «Мәңгі өмір, өлмеушілік осылайша табылған, Бақытпенен, Отанменен қаланып бірге салынған!»

ХХ жүзжылдықтың қатыгездік пен әділетсіздікке толы, сонымен бірге жарқын болашаққа көзсіз сену сезіміне де толы 30-шы жылдарында көз қарықтыра жарқ етіп сөнген Саттар Асқарұлы Ерубаев шығармашылығы бүгінгі ұрпаққа да мол тағлым бере алады. Ол келешек өскіндермен де құрдас, халқымыздың барша болашақ толқынымен замандас, сырлас бола бермек. Тек бізге оның есімін рухани тыныс-тіршілігімізде лайықты дәрежеде пайдалана білу ләзім. Тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде  «жаңа қазақ» дейтін ұғым пайда болған еді. Сол шақта «жаңа қазақтың» үлгі-бейнесі менің санамда жасөспірім шағымнан мен мұндалап тұрғаны ойыма келген. Сол ой әлі өзгерген жоқ. Мен үшін мәңгі жаңа қазақ – Саттар Ерубаев. «Менің қаным миллионның тамырында ағады, Бір жүрегім миллионның жүрегі боп соғады. Менің бақытым, қуанышым бүкіл елдік болады, Мен жасасқан жаңа өмір жайнап өсіп, жанады», – дейді мәңгі жаңа қазақ Саттар Ерубаев. Ол жаңа заман төлі-тін. Оны жаңа заман тәрбиеледі, оны бүгінде көпшілік теріс батасын берген кәдімгі коммунистік партия тәрбиеледі. Мұндай тәрбиеден миллиондар өтті, әйтсе де солардың ішінде жалғыз Саттар ғана жаңа тұрпатты қазақ азаматы, шын мәніндегі жаңа қазақ бола алды. Білімді. Адал. Ақжүрек. Отанына берілген. Халықтың тұрмысы түзелгеніне, мәдениетке қол созғанына қуанды. Халық шаруашылығын басқарушылардың өнерді өгейсітпеуін қалады. Қазақ тілінде газет оқымайтын қазақ басшыларын сынады. Руға бөлінушілікті жек көрді. Ол жақсы өмір үшін күресті. Қаруы – қалам еді. Ол жаңа сезімді, жасампаз сезімді жырлады. Ол жасампаз идеяға сенген жаңа адамдардың бейнелерін жасады. Бірақ бар қуатын көрсете алмады... Ол өмірге құштар еді, оның атқаруға тиіс жұмысы көп болатын. Бірақ өмірі қысқа болды. Ол жиырма үш-ақ жасында, бұдан сексен жыл ілгеріде дүние салды. Сол аз ғұмырының соңғы үш-төрт жылы ғана саналы, белсенді тіршілікке, көркем шығармашылыққа, публицистикаға арналғаны түсінікті. Әйтсе де жалғыз оларға емес. Тәнді шалған аурумен күреске қанша алтын уақыты кетті. Жанды ауыртқан солақайлықтан зардап шегу өлшеулі тіршілігін қалай аяусыз кемірді...

Ол философия мен поэзияны жақсы көретін. Конфуцийден Ленинге шейін шұқшия оқыған, Джойсты түсінген, әлем әдебиетінен білмейтіні жоқ. Ол Жаровты, Светловты, Прокофьевті, барлық ұнатқан ақындарының өлеңдерін жатқа айтатын. Оның есте сақтау қабілетіне замандастары қайран қалатын, мұның басы граммзапись пе дейтін... Ол «р» дыбысынан айрықша әуез табатын, өйткені одан арыстан мен Маяковский табиғатын көретін еді... Ол бидай арағын іше отырып классикалық музыка тыңдау үшін, классикалық музыкадан ләззат алып тынығу үшін ресторанға баратын... Ол жауапсыз махаббат азабын тартты... Оның замандастарынан көш ілгері білімділігі мен жақсылыққа риясыз қызмет етпек ақ ниеті қара күштердің түрлі реңкті қарсылығына душар болып отырды. Арам пиғылдың саяси желеумен бүркемеленуі оңай, ол «Лениншіл жас» газетінің орынбасар-редакторлығы мен «төңкерістің үшінші буыны» мүддесін күйттете бастаған «Пионер» газетінің редакторлығы қызметтерінен қуылды... Ол Қарағандыда жаңа өмір орнатушылар жайында тұңғыш та ақтық көлемді көркем туындысын жазды. Жаңа сезіммен. Жаңа тәсілмен. Жаңа леппен. Қарағандыға келіп жатқан, қолжазбасының талқылауына қатысқан атақты жазушыдан жылы сөз күтті. Ал анау жаңа тұрпатты Сальери болып шықты...

Оның романы өзі дүниеден өткеннен соң араға екі жыл салып барып жарық көрді. Роман бізге Саттар түзген қалыпта жеткен жоқ. Саяси сүзгі, басқа да енді бізден мәңгі жасырын күйде қала бермек себептер Саттардың аққу әнін өз еркінсіз өзгерістерге ұшыратты, аяғын жоғалтты... Бітпей қалған алып құрылыс. Алайда нобайының өзі есіңді алып, ұмытылмас рухани ләззатқа бөлей алатын құдіреті күшті Әсемдік. Жаңа қазақтың жаңа адамдар жайындағы ғажайып жыры. Бұл – «Менің құрдастарым»... Студент уақытымда, алпысыншы жылдардың екінші жартысында, жастық көңіл-күйге өзгеше, жаңаша түр-сипатымен әсер еткен таңсық шығармалармен танысқан едім. Ремарктың «Үш жолдасы» қайран қалдырды, Сэлинджер «Қара бидай ішіндегі ор алдындасымен», Казаков «Көк-жасылымен» классиктерден оқшаулана, сананы жаулады. Дегенмен Ерубаев «Менің құрдастарымымен» бәрінен ерек бір төбе болып тұруынан танған жоқ... Жетпісінші жылдары комсомолда істедім. Комсомолды жастардың аванграды дейтін. Сол аванградты іштей Саттар әлемімен салыстыра қарайтынымды аңғаратынмын. Бүгінде сонау кезеңді тоқырау жылдары деп атайды. Ол тұста кемелденген социализм делінуші еді. Бірақ қайшылық, көзбояушылық дегендерің – өмірге кітаптан келген пақырыңыздың жанын ауырта, көзге ұрып тұратын. Кітаптағы үлкен иланым мен идеяға адалдық – өмірде соншалықты құрметтелмейтін. Мансап баспалдақтарында өзара астыртын жалғасқан екіжүзділер мен жәдігөйлер  еркін сайран салатын. Заңғар экзистенциалист Ясперсше айтқанда, иланым, сенім дегеніңіз – сенімге сену болып кеткен-тін. Бұл – жоғарғы басшылық нұсқауын бұлжытпай орындауға машықтанған атқарушы-басқарушылар сыбайластығының арта түсуіне аса қолайлы ахуал болатын. Саттар олардың көпшілігіне беймәлім еді... Саттар азшылық санасында ғана қалған...

Саттар батыс және орыс мәдениетінің жетістіктерін жақсы білді, солардан үйрене отырып, ұлттық рухани байлықты шалқыта түсуді қалады. Елеусіз жүрген қарт жырауды тауып, елге танытуға, цирктегі алғашқы қазақ әртісі туралы, аспап жасау шебері жайында, музыка өнерінің даму өрісі жөнінде насихаттық материалдар жазғызуға мұрындық болып отырды. Әдебиетті, балалар әдебиетін өркендетуге септескен істері қаншама. Ол журналистік қызметін орыс газетінде бастағанмен, ұзамай, ұлттық тамырына оралды. Бүгінгі жас оқымыстылар олай ете алмайды, өйткені көпшілігі ана тілінен мақұрым, бірақ оларына қысылмайды, қайта, көсемсіп, мұрнына исі бармайтын ұлт әдебиетіне төбеден қарап, астам пікір айтады. Шошисың. Бүгінгі ұрпақ Саттармен байланысын үзген екен ғой дейсің. Сенгің келмейді... Бір үміт жетегімен, студент Ермек Қасейіновтен: «Ерубаевты оқыдың ба?» – деп сұрадым. «Әрине, – деді ол, сөйдеді де, бірден өлеңдете  жөнеледі: – «Өмір деген өксігімді баса алмастан жүр едім. Өнерімнің барлық гүлін аша алмастан жүр едім...» Шүкір құдайға, кейінгі буын жансерігін жаңылыспай тапқан тәрізді... Мәңгі жаңа қазақпен қол ұстасқан жас ертеңіміздің тұтқасын бекем ұстайды. Мен бұған сенемін.

Коммунистік жастар одағы мен оның әкесі іспетті Коммунистік партия жеке-дара билеуші болудан қалып, тарих сахнасынан ысырылғалы қай заман. Республикамыз  тәуелсіздікке қол жеткізіп, халқымыздың тыныс-тіршілігін қайта құрудың жаңа кезеңіне түскелі ширек ғасырдан асып барады. Осы уақыт ішінде еліміз танымастай өзгерді. Қай салада болмасын өсіп-өркендеу, даму  бастан кешілуде.  Қазіргі заман өзгерісі ұлан-ғайыр. Оқырманның, әсіресе жас оқырманның рухани мұқтаждықтары да, талғамдары да өзгерді. Дей тұрғанмен, олар кеңестік дәуірде жастардың әлденеше буыны сүйіп оқыған Саттар Ерубаевты жатсынбайды деген ойдамыз. Өйткені ол өзінің заманынан озған жаңашылдығымен, баршаға түсінікті қарапайым да әсерлі стилімен жаңа дәуір адамдарына да жақын тұр. Бұған қаламгер шығармаларын қайталап оқыған сайын  көзіміз жете түседі. Сондықтан да қазіргі балғын жас, еліміздің келешегі ретінде үміт артатын мың-сан қыз-жігіт Ерубаевтың қандай азамат болғанын білсе, оның заманын да, замандастарын да, өзін де туындыларынан тани алатындай болса дейміз.  Осы орайда естеліктердегі Саттар бейнесіне, оның кейбір өмірбаяндық деректеріне көз салайық. Профессор Тұрсынбек Кәкішев Саттар шығармаларының жинақтарына оны тікелей білген кісілердің естеліктерін де қосып, 1957 жылдан бері бірнеше рет шығарды. Біз соларды шола кетпекпіз, себебі сол естеліктер арқылы Саттарды мейлінше терең тани түсуге болады. Және аталмыш шолуды жасаудағы көздейтін тағы бір мақсатымыз – Саттардың достарының бірі, тамаша жазушы Зейін Шашкиннің сөзімен айтқанда – оның өмір жолын бүге-шігесіне дейін бастан-аяқ тізіп шығу емес, қазақ әдебиетінің оқушыларына, әсіресе жастарға, бүгінгі жастарға Саттардың адамдық тұлғасын, ақындық талантын дұрыс ұғындырып, ой салу, Саттарды, оның шығармаларын түсініп, түйсініп оқуларына  септесу.

Жазушының балалық шақтағы сипатын жерлесі, журналист, жазушы Әбіш Байтанаев: «Саттармен бір ауылдас, жақын ағайын едік, мен оны алғаш сегіз жасында көрдім, – деп еске алған екен, – Ол – Түркістанның Алақожа ата дейтін, біз – Тоған деген көшесінде тұрғанбыз. Онда мен ескі молдадан оқитынмын. Саттармен өзінің романында жазылған Жақсыбай деген шалдың ауласында ұшырастым. Саттар молданың оқуынан қашып кетіп, Ғани Мұратбаев атындағы интернат балаларының ішінде жататын болыпты. Солармен бірге жүріп, хат таныды. Ол: «Молдаң құрсын!» – деді, содан кейін мен де молдадан қашып кетіп қалдым. Екі жылдан кейін Саттармен Абай атындағы бастауыш мектепте бірге оқыдым. Содан бастап айрылмастай дос болып кеттік». Мектеп қабырғасында шәкірт болып жүрген жылдары Саттардың қазақ әдебиетінен оқымағаны қалмады дейді досы. Айрықша баулып жүрген ешкімі болмаса да, жарып шыққан таланты оған дамыл таптырмаушы еді деп түйеді. «Осы кезде Саттардың қалың-қалың үш дәптер толған өлең, әңгімелері» болғанын айтады. Сондағы бала Саттар өлеңдерінің: «Алақожа ата», «Жеті ата», «Жылаған ата», «ІІІекшек ата», «Алақоржын», «Кірбазар», «Қойшы ата», «Бадашы бала» деген аттары есінде қалыпты... Саттардың тағы бір жерлесі әрі туысы Нұртаза Ысмайылов оның немере қарындасы  Жұмай апайдың естелігін келтіріпті.  Әкесі Саттарды кейде Шойтөбе жағындағы бақшасынан атпен қауын-қарбыз әкелуге жұмсайды екен. Сондайда, артынан қалмай жүгірген Жұмайдың көңілін қимай, Саттар атына мінгестіріп алады. (Бұл 20-шы жылдардың аяқ кезі). Ауылдан ұзаңқырағаннан кейін Саттар «аттың тізгінін қоя беріп, орыс тілінде тақпақ айта бастайды». Қарындасы құлап қалам ба деп қорқып, «Саттарды қапсыра құшақтап алып» ойбай салатын көрінеді. Алайда ағасы оған көңіл аудармай, самбырлап, «өлеңін жатқа айта беретін, – депті апай. –  Мен оның не айтып келе жатқанын түсінбейтінмін... Саттар жанып тұрған от еді ғой, ол біздің маңдайымызға сыймай кетті ғой».

30-шы жылдардың бас кезіндегі Саттар жайында Асқар Лекеров әңгімелепті.  Ол Алматыға келіп бас газетке хат тіркеуші болып орналасқан кезінде, Гоголь мен Красин көшелерінің бұрышындағы физиоемхана үйіндегі газет қызметкерлері тұратын бөлмеде Саттарды алғаш көргенін еске алыпты. «Күңгірт кішкентай бөлмеде үш-төрт төсек тұр. Ортасында ағаш стол, оны айнала қойылған үш-төрт ағаш орындық. Қай төсектің бос екенін білмеймін, аңырып, орындықтардың біріне келіп отырдым. Біраз уақыттан кейін бүйрек бетті, дөңгелек үлкен кара көзді, қою қара шашы ретсіз будыраған, шағын денелі, жеңсіз ақ көйлекті, көк шалбарлы жас бала жігіт кірді. Ол оң қолтығындағы будыраған газет-журналдарын төр жақта шала жиналған төсектің үстіне тастай беріп, менің қасыма келіп отырды». Бұл Саттар Ерубаев еді. Жағдайын сұрап, танысқаннан кейін: «Сен оқуым аз деп қамықпа. Өмір жолы сені түзу бастап алып келген, редакция – үлкен мектеп, үйрене білу керек, үйрене білу керек», – дейді оған...  Олар достасып кетеді. «Оның жай, жолдастық әңгімелерінен өмірге құмарлық қана емес, үңіле қарайтын, ертеңін ойлайтын бір сарын естілетін. Ол сөйлеген сайын маған бұрын естімеген әнімді айтып, тыңдамаған музыкамды ойнап отырғандай әсер ететін». Сосын Лекеров Ерубаевтың екеуара айтылған мына сөздерін еске түсіреді: «Біз адамбыз, жұмбақ адамбыз, кейде басқа түгіл өзімізді-өзіміз түсінбейміз. Шіркін, адамды Горькийше түсінетін болсақ, онда адамды адамша сүйе білген болар едік. Ойлашы, дүниеде адамнан керемет не бар! Егер сен өмірді сүйсең, оның қызығын іздесең, ең алдымен адамды сүйе біл! Білесің бе, барлық керемет адамда. Бірақ есіңде болсын, егіліп жылай білмеген адам, құшырланып сүйе де білмейді. Шын сүйе білу қандай жақсы...» Осындай ойларды Саттар талай рет қайталап айтып, түсініп отырсың ба дегендей, Асқардың бетіне ұзақ қарайтын. Бір кештегі сондай әңгіме үстінде досы оның мөлдір, айқын қара көзіне оралған жасты көріпті. Саттар әңгімесін өзінің үйреншікті әдетінше: «Сен білесің бе? – деп жалғай берген екен.  – Мен адам-өмір туралы кітап жазғым келеді. Осы ойдың үстінде түсімде де талай кереметтерді көріп, кейде шошып, кейде қуанып оянамын. Кейіннен өзімді-өзім «неғылған мазасыз жансың» деп кінәлаймын. Қайта көзім ілініп кетеді. Қаптаған шат көңілді адамдардың ортасында келе жатамын. Айғай салып өлең айтқым келеді. Кезіккен адамдарды құшақтап сүйе бергім келеді. Шексіз қуанамын. Сол кезде шалқыған теңіздің үстінде серуендеп келе жатқандай сезінемін. Бір кезде қатты дауыл тұрады. Нажағай шатырлайды... Тағы оянып кетемін. Осы мен жынданып кетермін деп ойлаймын. Әйтеуір, маған әрқашан да бірдеңе жетпей тұрады, тоймаймын, өмірдің қызығына тоймаймын. ІІІіркін, өлмейтін болсам-шы деймін. Бірақ...» – деп мүдіреді де,  ойын ашып айтпай: «Асығамын, асығамын!» – дейді.  Өзінің бұл сөздерін жете түсінбей, көңілі толқыған қалпында отырып қалған досына ол таяна отырып, қолын ұстап, ұйқыдан оятқан адамдай сілкіп-сілкіп қойып: «Сен адамның туғанын көрдің бе?» деп сұрайды. «Жоқ», – дейді Асқар. «Сен толғатқан ананың қиналғанын көргенің бар ма?» «Иә, көрдім». Сонда Саттар: «Есіңде болсын, өмірде одан артық қиналу болмайды. Міне, мен де қиналып жүрмін. Бірақ қыз табарымды, ұл табарымды білмеймін. Сен түсініп отырсың ба?» – деп бар даусымен күліп, орнынан тұрып кеткен көрінеді. «Осы минутта көз алдымдағы бұрынғы кішкентай Саттар, маған үлкен алыптай болып көрінді»...    

Зейін Шашкин: «Саттар жібек мінезді, достан жанын аямайтын «қыз жігіт еді». Ешқашан да досына, жолдасына қатты сөз айтып, реніш білдірген емес. Саттардың көңілін қалдырған жолдасы болған жоқ – бәрін сыйлап, бәрін жақсы көретін де. Осы мінезінің арқасында, ол сол 30-жылдардағы әдебиет, искусство маңындағы азаматтардың еркелететін «маңдай алдысы» болды, – деп жазды. – Ол әзілді жақсы түсініп, тосыннан жауап қайтара білетін. Кейде әзіл сықаққа айналып, сөз етінен өтіп, сүйегіне тигенде де саспайтын. Қоңырқай жүзі қызарып, күлімсіреп, маңдай шашын саусағымен ширатып, үндемей отыра беретін. Кезек күтетін-ді. Енді бір сәтте оның жауабы мірдің оғындай көздеген нысанасына тиіп, ду күлдіретін». Зейіннің куәлендіруінше, сол шақта бір топ жас «Лениншіл жас» газетінің маңына үйірілген. Ағыл-тегіл әзіл, сықақ, күлкі. Үлгі алатын білім, ой туғызатын шешен сөздер мол. «Осы топтың ішінде жазушы Әбділда Тәжібаев, композитор Ахмет Жұбанов, суретші Әубәкір Исмаилов, талантты журналистер: Әнуар Ипмағамбетов, Несіпбай Манашев, Бейсенғали Тәйкіманов, Әбіш Байтанаевтар болды. Осылардың ортасында Саттардың терең білімі, өткір таланты, жібек мінезі ерекше байқалатын». Зейін: «Сол 30-жылдардағы қазақ совет жастарының алған бағыты, еліктеуге тұратын әдетінің бірі – достықты таза сақтау еді. Кір жуытпай, қиын-қыстауда жанын аямай қолын созып, көмек беру, ұмытпай есте ұстау дәстүр сияқты еді», – дей келе, Саттардың дос сырын жақсы түсінгендігін, жолдасты сыйлап, қадір тұта білгендігін ерекше атап айтып, шығармаларының тақырыбы айрылмас достыққа, кіршіксіз махаббатқа арналғандығын содан көреді. «Енді бір есте сақталған, осы күнгі жас жазушылардың көбінің бойына үйелемей жүрген қасиет, – дейді Зейін Шашкин, – Саттардың қарапайымдығы, кішіпейілдігі, менмендіктен аулақ, үлкенді аға, кішіні іні деп тұратын сыпайы қылығы еді. Ол достарының жақсы мінезіне, ерлігіне, не болмаса күшті шығармасына: өлеңіне, поэмасына шын сүйсінетін. Күндемейтін. Ұнаған өлеңдерін жатқа оқитын. Ешқашанда да қызғаныш білдірмейтін. Жақсы шығармаларға балаша қуанатын: қою қара қастары көтеріліп, бет ажары жарқын ашылатын. Ол Саттардың: «О, мен кеше тамаша өлең оқыдым!.. Кімдікі деп сұрамайсың ба? Әбділда жазыпты: Гейне туралы», – деп қуанғанын айтады. Өзі де лирик ақын бола тұра, ешбір қызғанбастан, ақынның күшіне сүйсініп, шын қуанышын білдіргенін есіне түсіреді. Сол кезде орыс поэзиясының шыңына жарысып екі ақын: Михаил Светлов пен Александр Прокофьев шыққан. Саттар олардың лирикалы өлеңдерін жатқа оқитын да, қазақ ақындарының өлеңдерімен салыстыратын. Зейін бұл жөнінде сүйсіне баяндайды. Сосын оның мінезіндегі тағы бір өзгешелікті атайды. Кіршіксіз таза жан еді дейді: қилы «шылықты» жек көретін, оған жаны қас болатын. Әсіресе өсектен, күндеп арыз жазудан, рушылдықтан – денеге жұққан кір секілді жаны тітіркеніп, жиіркенетін. Осы ретте Шашкин келтірген бір мысалға назар аударайық. «Лениншіл жас» газетінің редакторы Несіпбай Манашов Саттардың жақсы көретін бір досымен қиғаш, араз болыпты, екеуінің айтысы біртіндеп Орталық комсомол комитетіне де жеткен екен. Саттар соған өте қиналып, Несіпбайға реніш білдіреді. Зейін Шашкин сол жәйт хақында: Саттар Несіпбайға «...менің көзімше мағыналы бір сөз айтты» деп, болған әңгімені еске алады. Саттар Несіпбайдан: «Сен Дантенің «Божественная комедиясын» оқыдың ба?» – деп сұрапты. Несіпбай мұның не айтайын дегенін түсінбеген пішінмен: «Жоқ», – деп жауап береді. «Данте тозақты он айналма қуысқа бөледі, – дейді сонда Саттар, – аумаған керосин құятын воронка, түп жағы біртіндеп жіңішкере береді екен. Соның ең түпкі айналмасына ауыр күнәлі адамдар түседі-мыс. Оныншыда – Отанын сатқандар. Бұл – өте ауыр күнә. Одан кейінгі күнә – пәле жауып, өсек айту, оларды тоғызыншы айналмаға салып, тіліне қызған темір басып шыжылдататын сияқты... Енді түсіндің бе?» – дейді оған қара көзін қадап күлімдеп. Анау түсінді, бірақ түс бермей, қарқылдап күлді: «Мені қайсысына жатқызбақ болдың?» «Күнәң бар ма еді? Болса, күні бұрын ойла!» Біз бөлініп жүре бердік. Саттар күрсініп: «О, боже, спаси меня от друзей, а с врагами я сам справлюсь!» – деді... Естелігінде Зейін Саттардың жастарға  үлгі боларлықтай өзгешеліктерін атап-атап айтады.  Саттардың бай қиялын терең білімі жетектеп, әдебиеттің даңғыл жолына салды дейді. Ол әдебиет тарихын: батыс, орыс әдебиетін жақсы білетін. IX–XX ғасырлардағы орыс, француз, неміс, ағылшын жазушыларын түгел оқыған. Әрбір әдеби ағымның философиялық астарын жік-жігімен бес саусақтай талдап, айтып беретін. Әсіресе жақсы көретін ақын-жазушылары: Вальтер, Дидро, Гете, Лермонтов, Блок еді. Осылардың көп өлеңдерін, кейбір ой үзінділерін жатқа айтатын. Эстетика мәселесін терең түсінетін. Әдебиет теориясының, оның ішінде поэзияның нәзік мәселелеріне: өлеңнің мақамы (мотив), сарыны (лейтмотив) дейтін адам сезімі арқылы түсінілетін, ұғылатын, поэзияны поэзия қылатын сырына да қанық еді. «Адам өлең оқығанда – ақынның әрбір сөзінен жүрегінің лебін, тіл ұшына оралып тұрған ойын түсінсе ғана ақын өзін шын ақынмын деп санауы керек. Онсыз ақында шеберлік жоқ деп ұқ», – дейтін Саттар.  Шашкиннің айтуынша, «Саттар кітапты көп оқитын және тез оқитын».  Ол заманда кітапты жарысып оқу, білім салыстыру салт еді, бір ауыз жаңа ой, жақсы өлең табылса, достар біріне бірі жатқа айтып, мақтаныш ететін. Саттар: «Біз Пушкиннен екі есе көп оқуымыз керек, себеп: Пушкинге дейінгі әдебиет тарихын оқудан гөрі, Пушкиннен бастап, XIX ғасырдың әдебиетін оқуға көп уақыт өтеді. Сондықтан... «жат та, тұр да оқы» деп күлетін-ді... Ол өте зейінді еді, бір оқыған өлеңін қолма-қол жатқа айтып беретін. Өзінің өлеңдерін түгелдей жатқа білетін. Кей жолдастары: «Мұның басы грамзапись пе?» деп таң қалатын...

«Мен Саттармен «Лениншіл жастың» редакторы Несіпбай Манашовтың кабинетінде таныстым, – дейді Әбділдә Тәжібаев, – ...өлең оқу Саттардан басталды. Ол өзінің жаңада жазылған балладасының бірін оқыды... Саттар отырған жерінде көзін жұмып, сәл ғана иегін көтерді, титтей паузаның ішінде ол қызарып та үлгерді. «Қазір, – деді ол әрең-әрең ғана естілетін дауыспен... содан соң бастап кетті. – «Күн нұрымен қосылып, Көктем үйге енеді, Араласып көктеммен Лирика да келеді. Жатырсың, міне, қалқатай, Омырауың ашылып, Иығыңнан жастыққа Жібек шашың шашылып, Әуесіне көктемнің Бөлменің іші толып тұр, Күмістей сенің күлкіңе Өлеңнің іші толып тұр. Көктемнің мына әуесін Күлкің сенің жамылған. Өлеңнің де қуаты Сол көктемнен алынған». Ерекше жігермен, интонациямен оқылған өлеңнің түк міні білінген жоқ. Ол кезде саяси поэзияда айтылмайтын «қалқатай», «омырауың» деген сөздерге недәуір елеңдеп қалдық. Саттар енді Михаил Светлов өлеңдерін де дәл өзі жазғандай, өз жанынан шығарғандай шабытпен оқи бастады: «Мы ехали шагом, Мы мчались в боях. И «Яблочко» – песню Держали в зубах, – деп, «Гренаданы» бастағаны бүгінгідей көз алдымда. Сондай жігерлі оқылған өлең өте ауыр аяқталды. Саттар бұл жырды барынша трагедияға айналдырып жібереді екен... Светловтың екінші өлеңін тіпті басқаша оқыды... Бұл жолы ол ұшуға ұмтылған жас бүркіттей қомданып, екі жұдырығын бірдей түйіп алыпты. Жүзінде әлдеқандай тәкаппарлық бар. Тіпті, ыза да жоқ сияқты, біреумен бетпе-бет сөйлесіп, өз ойын ұлы сеніммен айтып тұрғандай сөйлейді: «Советские пули Дождутся полета... Товарищ начальник, Откройте ворота! Туда, где бригада Поставит пикеты – Пустите поэта И песню поэта». Шабыттан қызынған ақынның маңдайы тершіп, даусы саңқылдап шығады. Мен орыс өлеңін осынша қуатты оқыған қазақты содан соң көрген емеспін. Саттар тынған кезде кішкене бөлмеде отырғандар түгел қол соқтық. Ол төмен қарап маңдайын сүртті...» Әйгілі ақын Әбділдә Тәжібаев орыс совет поэзиясындағы  Светлов пен Луговскойды өзіне  толық таныстырған Саттар екенін шын жүректен мойындайды. «Саттар – ақыл-ойы шүпілдеп тұрған, жасына жетпей-ақ бәрін оқып, бәрін тоқып алған үздік талант еді. Мен дәл кезінде Алматыға қайтқаныма, Саттармен табысқаныма осы күнге дейін қуанамын. Егер Саттармен кезікпесем көп нәрседен кенже қалған болар ма ем, әлде қайтер едім... менен бес жасы кіші болса да, ол маған он жас үлкен ағадай үлгі көрсетті: Саттар поэзиядан музыка, философия іздейтін, өлеңнен екпін, дауыл тапса – қуанатын. «Менің ең жақсы көретінім «Р» харпі. Бұл арыстан мен жолбарыстың, Маяковскийдің сүйетін дыбыстары», – дейтін Саттар балаша күліп. Ол жарқ етіп туды да, жалт етіп өше қалды ғой, тым қыршын кетті. Мен ол өлгенде ең жақын адамым, бауырым, ұстазым өлгендей жыладым», – деп ағынан жарылыпты атақты ақын.

«Қарағанды пролетариаты» газеті редакциясында 1934–1935 жылдары бірге қызмет істеген Ғалымжан Мұқатов естелігінде: «Бір кеште журналистер, насихатшылар, әдебиет үйірмесінің мүшелері қалалық партия комитетінде бас қосып, оның киноновелласын талқыладық», – дейді. Сценарий өте ұнапты: «Себебі, академик Вознесенскийдің ескі салт-санадан бірте-бірте арылып, совет оқымыстысына айналуы, Рақмет пен Лизаның өз Отанына деген махаббатының сүйіспеншілік махаббатпен тоғысуы, туысқандықты, интернационализмді, моральді суреттеген жерлері әсерлі-ақ. Бүкіл кейіпкерлерден бүгінгі мәдениетті, білімді жастарымыздың бейнесін көреміз. Әрқайсысының өзінше талабы, мінезі бар, бірақ тұтас алып байқағанда бәрі бір семьяның баласындай». Талқылауға Алматыдан «Қарағанды өмірінен роман жазу үшін» келген әйгілі жазушы да қатысқан екен, ол Саттар туындысын бірден-ақ ұнатпай, теріс пікір айтыпты. Сонда Саттар оның мақтаулы роман, пьесасына өз шығармасын қарама-қарсы қойып, салыстыра сөйлепті. «Сіз, – деді ол ақырында, – бөтен пиғыл, бөгде мақсатпен кемітіп тұрсыз. Халық жаңа фильмді асыға күткенде заманымыздың үлкен шындығын, жаңа адамның биік моральдық қасиетін көргісі келеді, өз ісіне көмек, өз өміріне өнеге іздейді. Совет зрительдерінің талғампаз талабына сай сол жоғары идеялы, терең көркем сырлы картина осы. Үлкен тартысқа құрылған, искусствоға аса қажетті өзіндік бояуы, ұлттық ажары бар бұл тың шығарманың тілін, драмалық желісін, образын, сюжетін, композициясын қанша сынасаң да тозаң жұқтыра алмайсың». Жібек мінезді Саттарда осындай кесімді батыл мінез көрсетушілік те болған көрінеді. Бұған атақты ғалым Мұхамеджан Қаратаевтың сипаттамасы да жақсы дәлел бола алады. Ол  Саттарды Ленинградта, аспирантураға түскен шағында жақын таныған екен. «Саттарды адамгершілік жағынан етене араласып, жақсы білгенім сол жолы еді, – деп еске алады Қаратаев. – Оның адалдығы көзінің нұрынан да, ісі мен мінезінен де көрініп тұратын-ды, күлтілдеу, көлгірсу оған жат, ойындағысын тайсалмай тура айтатын, өзінің шындық, ақиқат деген нәрсесін бар пәрменімен жан сала, жалынды сөзбен дәлелдеп бағатын, ал келіспеген нәрсесін бет-жүзге қарамай айтып салатын, сонымен бірге біреу дәлелге тұрмаған, сөзге қонақ бермеген жағдайда шытыр ете қалатын да мінезі бар еді»...

Саттар Ерубаевтың өмір жолын оңтүстік-қазақстандық жерлестері мұқият зерттеді. 30-шы жылдары Саттарды тікелей білген Мырзай Алтынбекова 60-шы жылдары оның өмір жолы мен шығармашылығын арқау еткен кандидаттық диссертация қорғаған. Ерубаевтың туғанына 90 жыл толуына қарай зерттеуін толықтырып, монография шығарды.  Сонда Мырзай апай аяулы жазушыны көзі тірісінде көріп, онымен аз да болса қарым-қатынасы болғанын өзіне бақыт санайтынын айта келіп, көз алдында нақ бүгінгідей елестеп тұрған кескін-келбеті мен мінез-құлқы жайында әңгімелейді. Саттардың «орта бойлы, маңдайы жазық, аққұба, дөңгелек жүзді жігіт» екенін, ашаң, ширақ, кеудесін шалқақ ұстап, тура қарап, тік жүретінін жазады. «Қысқа ғана шаш қойып, оны оң жағына қарай қайыратын», – дейді. «Бір қарағанда Саттардың пішіні – бойы, бет әлпеті, шаш қойысы ақын Мұхтар Шахановтың жастық бейнесіне көп келеді», – деп, нақтылай түседі.  «Қай кезде көрсең де қасы жоғары керіліп, отты қоңыр көзі күлімдеп, көңілді жүретін», – дейді ол. Көп білгенмен, лепіріп мақтану Саттарға жат еді, ол мейлінше қарапайым, бауырмал болатын. Жұмсақ қоңыр даусымен, үлкен-кіші демей, кім-кіммен де ақ жарқын, ақ пейілмен сөйлесетін.  Осы бір баршаға бірдей сүйкімді бейнесінен мейлінше пәк тазалық, кішіпейілділік пен адамгершілік, өмірге ризашылық, өте бақыттылық сезім ашық аңғарылатынын айта келе, зерттеуші апай қаламгердің шығармашылығын жеке басының қасиеттерімен сабақтастыра талдайды.

Саттардың шыққан тегі, ата-бабасы, отбасы, туып-өскен ортасы жайында Әдіғам Шілтерханов қызықты әңгімелейді. Ол бұл тарапта жан-жақты зерттеу жүргізіп, қаламгердің кіндік қаны тамған Ұзынқұдық ауылында асыр салып бірге ойнаған, Түркістан мектептерде бірге оқыған достарынан, жақын туысқандарынан көп жайды сұрастырып білген.  Жергілікті саттартанушы, сондай-ақ, оның соңында қалған көркем шығармаларындағы өмірбаяндық деректер хақында да танымды сыр шертеді.  Ол  ауыл қарттарының естеліктеріне сүйене отырып, дүрлі деректерді салғастыра қарау нәтижесінде, Саттардың 1933 жылдың қара күзінде дүниеге келгенін айтады. Осындай мерзімді Мырзай Алтынбекова да атай келе, оның өмірбаянына бекем орныққан 1914 жылы туған деген деректің «Менің құрдастарымның» 1939 жылғы алғашқы басылымынан бері жазылып келе жатқанына назар аударады. Сол басылымға алғысөз жазған ақын Қалижан Бекқожинмен сөйлескенінде, ол кісі, жалпы, кітапты автор қайтыс болғаннан кейін екі жыл өткенде ғана, түрлі кедергі жасаушылармен айтысып жүріп әрең шығарғандарын, ал Саттардың өмірбаянын, қолдарында нақты дереккөз болмағандықтан, көп ретте жобалап жазып жібергендерін есіне түсірген екен.

Саттар Ерубаев 1914 жылы туған деп жобамен жазылған деректе, шындап келгенде, оның өзінің мұрасына сүйенгендік жатқан болса керек. Мәселен, Саттар 1934 жылы жазған «Комбайн туралы жыр» атты өлеңінде өзінің жиырма жаста екенін бірнеше рет: «Жиырма жылдың бойында Өсіп ем-ау қойныңда», «Жиырмаға келсем де Геройымды іздемей...»  – деген жолдарымен ескерте кетеді. Яғни, мұны оқыған жан осы жыр жазылған уақыттан жиырма жылды шегеріп, ақынның өмірге келген мезгілі ретінде, анықтамалықтардың бәріне бекем енген  1914-ті шығарған тәрізді. Әділдік үшін айта кету жөн, «Казахстанская правдада» комсомолдың туғанына 15 жыл толған күні Г. Пахомовтың «Саттар Ерубаев» деген очеркі шыққан болатын.   Зерттеушілер осындағы мағлұматтарды пайдаланған. Сонда тек бір мәліметке мән бермеген тәрізді. Очерк авторы Ленинградтан жоғары мектепті бітіріп келіп, республика баспасөзінде белсенді еңбек етумен қатар, жоғары оқу орнында философиядан дәріс беріп жүрген  жалынды жас комсомол мүшесі Саттардың бар болғаны «жиырма жаста» (!) екенін сүйсіне баян етеді. Назар аударайық: 1933 жылғы қазанның 29-ында шыққан мақалада оның 20 жасар екені көрсетілген. Демек, 1913 жылы туғаны да?! Ал бұл Саттардың өзінің 1934 жылғы өлеңіндегі «маңызды мәселелерге көңіл бөлмей келген 20  жасы» жайындағы хабарына  қиғаш емес пе екен?! Әдіғам Шілтерханов нақтылаған  дәлелдерге сүйенсек, екі мәліметте де қателік жоқ екенін көреміз.  1933 жылғы қазанда өмірге келген Саттар Ерубаев «Казправда» авторы очеркін жариялаған 1933 жылғы қазанда 20-ға толды, ендеше, 1934 жылы қырманға барып жоғарыда аталған жырын жазған кезінде ол әлі де 20 жаста. Демек, Саттар жайында санамызға сіңген деректер өзгеріс тілемейді: ол жиырмаға толмай, 19 жасында, яғни 1933 жылғы жазғытұрым жоғары оқу орнын бітірді, 23 жасында, яғни 1937 жылдың жазында, жиырма төртке толмай дүниеден өтті... Жоғары білім алғаннан кейін ол бар болғаны төрт-ақ жыл белсенді еңбекке араласа алды. Сол шақтарда оны көргендер мен білгендердің айтқандарынан түйетініміз сол, өмірден қыршын кеткен Саттар өмірге өлердей ғашық  адам болған. Осындай керемет адам – жас Саттар – қамшының сабындай қысқа ғұмырында халқымыздың әлденеше буынын рухани жебеп, таң-тамаша қалдырып келе жатқан ғажайып шығармалар беріп үлгерген...

Ол замандастары жадында жап-жас қалпы сақталып қалды. Біз де солай қабылдаймыз. Оның туындылары, өлең-жырлары өзінің замандастарын да, біздің ағаларымыз бен қатарларымызды да толғантты. Жүрегімізді тебірентті. Оның «Менің құрдастарымы» аға ұрпақтың ғана емес,  бергі буындардың да құрдасына айналды. Біз бұл сабақтастықтың жалғаса беруін тілейміз. Бізді өмірге көзқарасымен, адал, ақжүрек бітім-болмысымен баураған Саттарды халқымыздың қазіргі буыны да өз құрдастары ретінде қабылдаса ғой дейміз. Бүгінде біз большевизм заманын, жоспарлы экономика кезеңін жақсы атай қоймаймыз. Әйтсе де, қолымызды жүрегімізге қойып мойындайық, қазіргі таңда баршамызды жеркентетін большевиктік жәдігөйліктер жоя ал

Связанные Статьи