Қазақстан заңгерлерін бір ұйымға топтастырып, жауапкершілік жүгін күшейту керек. Бүгін Астанада өткен Жоғарғы сот жанындағы халықаралық кеңестің отырысында осындай бастама көтерілді. Бұл жайында Қамшы ақпараттық агенттігі 24.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Кеңес мүшесі Айгүл Кенжебаеваның айтуынша, еліміздегі заңгерлер мен адвокаттардың басын қосып, бір мақсат-мүдде жолында жұмыс істеуі маңызды.
Сондай-ақ ұсыныс-пікірлері ортаға салынатын арнайы алаң қалыптастыру тиімді тәсіл болып табылады. Оның аясында арнайы үйлестіру кеңесі құрылып, заңгерлер мен адвокаттардың қоғамдағы рөлі артуы тиіс. Бұл ретте Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми тың бастамаларды тиісті органдарға жолдап, жүйелі жүзеге асыру қажеттігін айтты.
Естеріңізге сала кетейік, аталған кеңес осыдан бір жыл бұрын құрылып, сот жүйесін жетілдіру бағытында жұмыс істеп келеді.
Айгүл Кенжебаева, халықаралық кеңестің мүшесі:
- Шетелде заңгер болу жоғары мәртебе саналады. Өйткені оларға зор жауапкершілік жүктелген. Сондықтан біз бұл сала жұмысын бір ретке келтіруіміз керек. Дәлірек айтқанда, заңгерлер мен адвокаттар үшін арнайы ұйым құруды көздеп отырмыз.