25 мамырда Қазақстан жазушылар одағының әдебиетшілер үйінде Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын, сыншы, ағартушы Нұрмұқан Жанұзақұлының 70 жасқа толған күні атап өтілді деп жазады Қамшы ақпараттық агенттігі.
Ақынның Атажұртқа оралған 2010 жылдан бері еңбектенген үш кітабы – «Бір ауыз сөзім - мың ділда» ғақлиялар жинағы, «Өткен ізбен күткен арман» таңдамалы дастандар жинағы «Көктемнен күзге дейін» ғұмырнамалық әдеби шығармаларының тұсауы кесілді.
Шараны белгілі ақын Саят Қамшыгер жүргізді. Шарада Жазушылар одағы төрағасының орынбасары ақын Маралтай Райымбекұлы Жазушылар одағы атынан ақынға оқалы құрмет шапанын жапты. Әрі Қазақстан жазушылар одағының басқарма төрағасы Нұрлан Оразалиннің құттықтау хатын оқыды. Сондай-ақ ұлт жанашыры Ділда Матайқызы Тасмағанбет келінінің, Қытайда шығатын «ғылым-техника» газетінің бас редакторы Бақытқан Біләлұлы мен газет ұжымының құттықтау хатын жеткізді.
Сыншы, одақ төрағалар алқасының алқасы Бақыт Сарбалаев, ҚХР флклор қоғамының мүшесі, Шынжаң жаушылар қоғамының мүшесі, журналист, жазушы Қапас Әсейінұлы қатарлы төрт қаламгер кітаптың тұсауын кесті. Әрі Нұрмұқан Жанузақұлының өмірімен қаламгерлігі, адамгершілігі туралы қысқаша баяндамалар жасады. Қоғам қайраткері Жеттікбай Медеуев, Қазақстан жазушылар одағының мүшелері Данияр Албозин, Болат Бопайұлы қатарлы қаламгерлер Нұрмұқан Жанұзақұлы шығармаларының ерекшеліктері туралы тоқталды.
Бір топ жас оқырмандар ақын өлеңдерін оқыды. Ақын оқыған өлеңдер тыңдарманның алқауына бөленді. Құрманбек Сейтінғазы, Айнұр Қажимолла қатары бір топ әншілер ақын сөздеріне жазылған әндерді шырқады. Ақынның немерелері «бір ауыз сөзім - мың ділдә» кітабынан үзінділерді жатқа оқыды.