«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» деген бар. Аты жақсы, насихаты да жақсы. Бірақ заңды белшесінен басып, мемлекеттік тілді менсінбей отыр.
Қазақстанның ең өзекті мәселесі баспана мәселесі екені жасырын емес. Аудан, қалаларда тұрғын үй кезегіне мыңдаған адамдар тұрған. Жақында ғана әлеуметтік желіде #ұлыдалаквартиранты атты хэштег танымал болып кетіп, үй жалдап тұратын жұрттың қарасы көптігі білініп еді. Ақшасы көптігінен жалдамайды ғой. Баспанасы жоқтығынан.
Сондай төлем қабілеті бар баспанасы жоқ жандарға, жастарға арналып осы тақырыптағы банк мемлекет тарапынан құрылған. Яғни,құрылғанына 14 жыл болған банк шетелден дендеп кірген банк емес капиталы 100 пайыз мемлекетке тиесілі қазақтың банкі.
Банктің жарнамасын неге «жасап» отырмын. Қараңыз, мынау банк сайтының бас беті. Онда ақпараттар орналасады. Үш тіл де орналасқан(қызылмен сызылып тұр). Түсінікті. Осында интернет-банкинг деген бар. Ол банктің әрбір тұтынушысына ең қажеттісі. Банктің кез-келген салымшысы, заем алушысы осы жеке кабинеттен жинақтағы активтерін бақылайды. Толықтырады. Тұтынушылар сайттың бас бетін ақтарып отырмауы мүмкін, бірақ жеке кабинетте тапсырысты да бересіз, үй алудың мүмкіндігін де есептейсіз. Яғни ақпараттың керектісі сонда. Бірақ онда банк неге екенін қазақ тілін қоспаған... тек жалғыз тіл – орыс тілі. Қаласаң да сол тілді қолданасың. Қаламасаң да.
Банктің сайты жаңа ашылған сайт емес. Әлі толықтырылмады деп құтылатындай. Бұл нені түсіндіреді? Банктің басшылары түрлі тұрғын үй бағдарламаларынан қазақтардың, қазақ тілділердің мақрұм қалғанын қалай ма әлде? Сұрақтың жауабын банк бере жатар. Бірақ бізге керегі ақталған «сандалбай» жауап емес. Нақты нәтиже!
Ақан Бектас