АҚШ-тың Флорида штатындағы Бока Ратон қаласында орналасқан «Boca raton resort & club»-та өтіп жатқан кәсіпқой бокс кешінде Жанқош Тұраров қарсыласынан басым түсті деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі.
Мексикалық Густаво Гарибаймен бокстасқан жерлесіміз алғашқы раундтан-ақ қарсыласынан басым екенін көрсетті. Ал, үшінші раунд ортасындағы сол қолмен ұрған соққысы мексикалықтың жағыны астынан тиді. Ол содан соң қарсыласын қуалап жүріп сабады. Осылайша техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров 2016 жылы өзінің 20-шы жеңісін тіркеп, 14-ші нокаутын тарихқа жазған еді. Ол сәттегі қарсыласы ганалық Исаак Арие болатын
Жанқош Тұраров 1990 жылы 20 қарашада Жамбыл облысы, Ақкөл ауылында дүниеге келген. Бірден кәсіпқой боксқа келген қазақстандық кәсіпқой боксшы, көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы, 2009 жылдың 6 ақпан күні Алматы қаласында кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізді.
Айта кетсек өткен жылдың 18 қарашасында отбасын құрған Жанқоштың бірнеше күн бұрын ғана қызы дүниеге келіп, әке атанған еді.
Аталған бокс кешінде Жанқошпен бірге Қанат Ислам да өзінің 24 кездесуін өткізді. Салмақ өлшеу рәсімінде олардың көңіл-күйі өте жақсы болды. Еске салсақ, биыл 9 қыркүйекте Астанада жерлестеріміз үлкен кездесу өткізетін болады.