Қанат Ислам мен Норберто Гонсалес кездесуі АҚШ-тың Флорида штатындағы Бока Ратон қаласында орналасқан «Boca raton resort & club»-та өтті. Майталмандар WBO NABO және WBA Inter-Continental вакантты титулы үшін таласты. Осы кеште Жанқош Тұраров 21-інші жеңісіне жетті.
Бұл Қанат Исламның АҚШ-тағы төртінші кездесуі. Шаршы алаңға «Дүр Қамшы» әнімен көтерілген Қанат Исламның киімі де ерекше безендірілген.
32 жастағы отандасымыз Қанат Ислам кәсіпқой боксқа 2012 жылы ауысып, сол уақыттан бері ешкімге дес берген жоқ. Ол өзі өткізген 22 кездесудің барлығында жеңіске жетті. 20 рет қарсыласын нокаутқа түсірді. Қанат Ислам WBO Intercontinental және WBA Fedelatin чемпиондық атақтарына ие.
Норберто Гонсалес бүгінге дейін 31 кездесу өткізіп, 23-інде жеңіске жеткен: 13 жекпе-жегін нокаутпен жеңіп, 8 кездесуінде жеңіліс тапқан. Норберто Гонсалестің лақап аты – Әзәзіл! Ол өз салмағы бойынша мексикалық боксшылардың үздік төрттігінде.
12 раундқа созылған кездесудің алғашқы раундынан-ақ Қанат басым қозғалыста болды. Көп соққы жіберсе де қарсыласы да осал емес екенін көрсетті. Бесінші раундта Қанаттың бұрышқа қамаған соққыларынан Гонсалестің қабағы жарылып, бетін қан жуып кетті. 9-ыншы раундта Гонсалес өзінің шаршағанын анық көрсетті. Тек қорғанысқа көшкен ол Қанатқа қайта-қайта жабысып алып жатты. Жарақат алса да жекпе-жектен бас тартқан жоқ. Жекпе-жек басынан бастап Қанаттың басымдығында болды деуге болады. 24-інші кездесуінде Қанат ұпай санымен жеңіске жетті. Жеңіс сөзінде жерлесіміз бокссүйер қауымды EXPO көрмесіне шақырды.

Әрбір жекпе-жегін жастар асыға күтетін Қанат Ислам соңғы рет ақпан айында Американың Делавэр штаты Уилмингтон қаласында бразилиялық боксшы Робсон Ассиспен жекпе-жек жасаған болатын. Ойын бастала сала жерлесіміз қарсыласын бір минутқа жетпес уақытта-ақ нокаутқа жіберген еді. Жерлесіміз 22-інші кездесуін Алматыда өткізген болатын. 2016 жылдың айтулы оқиғаларының бірі ретінде есте қалған, 29 қазан «Алматы аренада» өткен бәсекеде Қанат Ислам қарсыласы Патрик Аллотейді ұпай санымен жеңді. Өткен жылдың ең маңызды спорттық оқиғасында Қанаттан бөлек, Жанқош Тұраров та бәсекелесі Айсак Ариені (Гана) 4 раундта жайратып салған еді.
Айта кетсек, бірнеше күн бұрын ғана Халықаралық бокс қауымдастығының (IBF) жаңарған құрлықтық рейтингісінде отандасымыз көш басына шықты.
Qazaq биыл 9 қыркүйекте Астанада жекпе-жек өткізеді деп жоспарланған. Белгілі болғандай оған қызығушылық танытып, «құда» түсіп жатқан промоутерлер көп. Майк Тайсонның жаттықтырушысы болған Стейси Маккинли де оның жаттығуын бақылып жүрген көрінеді. Осы жекпе-жек барысында Қанат Исламмен түрлі келісім шарттар жасалғаны да хабарлады.
Аталған кездесуге меценат Бауыржан Оспанов пен Алматы әкімі Бауыржан Байбек қолдау жасаса, «Қазақстан» мен «Kazsport» телеарналары Қанат Ислам (23-0, 19КО) мен Норберто Гонсалестің (23-8, 13КО) жекпе-жегін тікелей эфирде көрсетті.