Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен «Дүйсенбілік спорт» жобасы бойынша «Social project management» орталығының ұйымдастыруымен NEET санатындағы жастар арасында үстел теннисінен турнир өтті.
Бұқаралық спортты дамыту және жастарды қолдау мақсатындағы аталмыш іс-шараға базардан, сауда орталықтарында жұмыс істейтін 30 қатысушы бақ сынады.
Сайысқа түскен жастар арасында болашақта үлкен додаларда топ жаруды мақсат еткендер де бар. Турнир Алматы қаласы Didda sport үстел теннис орталығында өтті. Сайысқа «Қазына», «Арлан», «Кенжехан», «Байсат» тағы басқа сауда орталықтарында жұмыс істейтін жастар қатысты.
Алғашқы іріктеу кезінде топ топқа бөлініп, өзара іріктеу ойындарын өткізді. Ширек финал мен жартылай финалдық сайысқа сүрінбей жеткен жастар арасындағы ойын тартысты өтті.
Турнир қортындысы бойынша, бірінші орын алған Жарқын Дүйсенге («Батыр» базары) 250 мың теңгенің, екінші орын алған Абай Нұрғазыға («Жаңа Ялян» базары) 150 мың теңгенің, үшінші орын алған екі қатысушы Алмас Кайпек («Байсат» базары) пен Шахсұлтан Ходжашевке («Алтын орда» базары) 50 мың теңгенің ақшалай жүлдесі бұйырды. Жеңімпаздарға сертификаттарды, медаль, кубоктарды қол күрестен спорт шебері Заманбек Кежденбек табыс етті.
Бұған дейін «Дүйсенбілік спорт» жобасы аясында Алматы қаласы базар жастарының арасында киберспорттан турнир өткен болатын. Енді алдағы уақытта «Дүйсенбілік спорт» жобасы аясында NEET санатындағы жастар арасында волейболдан, суға жүзуден, шағын футболда турнирлер ұйымдастыру жоспарда бар.