ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ КОРПОРАЦИЯСЫНДА ҒЫЛЫМ ДЕКАДАСЫ ӨТУДЕ

/uploads/thumbnail/20260406151946880_big.webp Фото: автор

2026 жылғы 1–16 сәуір аралығында Халықаралық білім беру корпорациясында (Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы) «12 сәуір – Ғылым күніне» және оқу орнының 45 жылдық мерейтойына орай «Ғылым декадасы – 2026»ауқымды іс-шаралар жобасы жүзеге асырылуда.

Бұл бастама – академиялық қауымдастықтың ғылыми әлеуетін күшейтуге, жас зерттеушілерді ғылымға тартуға және білім беру мен ғылым интеграциясын тереңдетуге бағытталған маңызды институционалдық қадам. Декаданың басты мақсаты – профессор-оқытушылар құрамының, студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми белсенділігін арттыру, ғылымды кеңінен насихаттау және ғылыми ынтымақтастықты дамыту.


Ғылым декадасының ашылуы 1 сәуір күні жоғары деңгейде өтіп, ол бірден бірнеше мазмұнды іс-шараларды қамтыды.
Атап айтқанда, зертханалардың ашық есік күні, ғылыми жетістіктер көрмесі және «Алматы тұрақты даму жағдайында: экологиялық, инфрақұрылымдық және әлеуметтік-экономикалық сын-қатерлер» тақырыбындағы дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Бұл алаңда қала дамуының өзекті мәселелері талқыланып, ғылыми қауымдастық пен практик-мамандар арасындағы диалог нығая түсті.



Декада бағдарламасы қатысушыларға ғылыми қызметтің барлық кезеңдерін қамтитын кешенді білім беру алаңын ұсынуда. Оның ішінде «Ғылыми мақаланы жариялау: құрылымнан бастап журнал таңдауға дейін» тақырыбындағы мастер-класстар жас зерттеушілерге ғылыми жарияланым мәдениетін меңгеруге мүмкіндік берсе, студенттік «Structural Stability Challenge» воркшопы инженерлік ойлау мен практикалық дағдыларды дамытуға бағытталды.

Сонымен қатар, «Жастар және ғылым: алғашқы зерттеулерден кәсіби дамуға дейін» атты панельдік сессия жас ғалымдардың кәсіби қалыптасу траекториясын талқылауға арналған маңызды пікірталас алаңына айналды. Белгілі сарапшылардың қатысуымен өткен «Заманауи архитектура: шексіз мүмкіндіктер» мастер-классы да қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Ғылым декадасының негізгі оқиғаларының бірі – 6-7 сәуір күндері өткен XXVI Республикалық студенттік ғылыми конференция. Бұл алаң студенттердің ғылыми нәтижелерін жариялап, тәжірибе алмасуына кең мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «KazGASA Research Vision» постерлік баяндамалар байқауы, «SCIENCE4ENERGY Hack» хакатоны, 17 пән бойынша өтетін Республикалық пәндік олимпиадалар және 3 білім беру бағдарламасы бойынша өтетін студенттердің республикалық ғылыми-зерттеу жұмыстарының конкурсы сияқты іс-шаралар жас зерттеушілердің шығармашылық және ғылыми әлеуетін ашуға ықпал етеді.

Декада бағдарламасында әлеуметтік маңызы жоғары тақырыптар да қамтылған. Соның бірі – студенттердің «Жастар арасында тәуелді мінез-құлықтың қалыптасуына әлеуметтік желілердің әсері» тақырыбындағы зерттеулері. Бұл бағыттағы жұмыстар қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерді ғылыми тұрғыдан зерделеуге бағытталған.

Ғылым декадасының маңызды бағыттарының бірі – ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру. Осыған байланысты «Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін енгізу» тақырыбында арнайы мастер-класс жоспарланып, ғылыми жобаларды нақты экономикалық нәтижелерге айналдыру жолдары талқыланатын болады.

Ғылым декадасы 16 сәуір күні қорытындыланып, үздік ғылыми жұмыстар мен белсенді қатысушылар арнайы марапаттарға ие болады.

Айта кету керек, барлық іс-шаралар Халықаралық білім беру корпорациясының алаңдарында өтіп, оған оқытушылар, студенттер, жас ғалымдармен қатар, отандық және шетелдік сарапшылар, серіктес ұйымдардың өкілдері қатысуда.

«Ғылым декадасы – 2026» тек іс-шаралар жиынтығы ғана емес, ол – ғылым, білім және инновация тоғысқан, жаңа идеялар туындайтын, жас зерттеушілердің кәсіби қалыптасуына серпін беретін стратегиялық алаң.

Халықаралық білім беру корпорациясының Ғылым және инновациялар департаментінің директоры, PhD, қауымдастырылған профессор Лайсханов Шахислам Ұзақбайұлы

 

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар