ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев елордада өтiп жатқан Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммитi барысында ұйым дамудың жаңа кезеңiне «Шанхай сегiздiгi» ретiнде аяқ басқанын айтты. Бүгiнгi отырыста ұйым бақылаушылары – Үндiстан мен Пәкiстан ШЫҰ-ға мүше болып қабылданды, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі Baq.kz тiлшiсiне сілтеме жасап.
«Астанада 12 жыл бұрын екi елге ШЫҰ-ға бақылаушы мәртебесiн беру туралы шешiмге қол қойылды. Бұл елдер – Үндiстан мен Пәкiстан Ислам Республикасы. Бiздiң отырысымыздың маңызы мен тарихи мәнi - бұл елдердiң бiздiң ұйымда (ШЫҰ-агент.ескерт) алғаш рет қатысуында. Осылайша, ұйым кеңеюде. Ендi ШЫҰ жауапкершiлiк аймағы 3 млрд-тан астам адам тұратын аумақты, әлемнiң жалпы iшкi өнiмінiң үштен бiрiн қамтиды. Осылайша, ұйым өзiнiң институционалдық дамуының жаңа кезеңiне «Шанхай сегiздiгi» ретiнде аяқ басты», - дедi Елбасы.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгiнгi таңда ұйым мүшелерi ШЫҰ маңындағы кейбiр аймақтарда әлемдiк геосаяси шиеленiстiң артуына куә болып отыр.
«Осыған орай, бiздiң кеңесiмiздiң ШЫҰ-ға мүше елдерi мемлекет басшыларының халықаралық терроризмге бiрлесiп қарсы тұру мәлiмдемесiн қабылдауы – уақытылы жасалған қадам», - дедi Назарбаев.
Айта кетейік, саммитке Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин, Тәжiкстан президентi Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев келдi.
Маңызды жиынға ШЫҰ-ға мүше 6 мемлекеттің президенттерiмен қатар ШЫҰ бақылаушы елдер басшылары, премьер-министрлерi, ШЫҰ-да тұрақты жұмыс iстейтiн органдар, шақырылған халықаралық ұйымдар делегацияларының басшылары қатысуда.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы құрылған. Оған бұған дейін 6 ел – Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан мемлекеті мүше болып келді. Ал Ауғанстан, Беларусь, Үндістан, Иран, Моңғолия мен Пәкістан ұйымға бақылаушы ел мәрбетесіне ие. ШЫҰ диалогы бойынша әрiптестер – Армения, Әзербайжан, Камбоджа, Непал, Түркия мен Шри-Ланка.