Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті «Мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасын жетілдіру мен стандарттауды іске асыру жолдары» тақырыбында республикалық онлайн семинар өтті деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі.
Семинарға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің қызметкерлері, Мемлекеттік тілді оқытудың өңірлік орталықтарының мамандары, ғылыми-әдістемелік кеңес мүшелері, аймақ ғалымдары мен тіл мамандары, Ұлттық тестілеу орталығы ҚАЗТЕСТ жүйесін дамыту басқармасының мамандары қатысты.
Семинар барысында онлайн режимі арқылы мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасын жетілдіру мен стандарттау жолдарын жүзеге асыру қарастырылды. Сондай-ақ озық тәжірибені зерделеу және қорыту, оқытудың қазіргі заманғы әдістері мен технологияларын тәжірибеге енгізу мәселелері сөз болды. Сонымен қатар, әдіскер-ғалымдар онлайн режимі арқылы мемлекеттік тілді оқытудың тиімді технологиялары мен әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Тілдерді оқыту орталықтары мен республикаға белгілі үздік әдіскерлер шеберлік сабақтарын көрсетті.