«ПРЕЗИДЕНТ ТУРАЛЫ» ЗАҢДАҒЫ ЖАҢА ҚАҒИДА - ЕЛШІ БОЛСАҢ ЕЛ БАСҚАРА АЛМАЙСЫҢ!

/uploads/thumbnail/20170710111612807_small.jpg

Наурыз айында Қазақстан конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, Қазақстан президенттігіне үміткерге «соңғы он жылдың» орнына «соңғы он бес жылда» Қазақстанда тұруға міндеттейтін шарт қосылған болатын. Сондай-ақ кандидат «жасарып» еді. Атап айтқанда:  

«41-баптың 2-тармағы мынадай редакцияланған:

      2. Қазақстан Республикасының Президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын және жоғары білімі бар Республика азаматы сайлана алады. Конституциялық заңда Республика Президенттігіне кандидаттарға қосымша талаптар белгіленуі мүмкін.»

Мамыр айында президентке талап тағы күшейді. Мәжілісте заң жобасын таныстырған, Әділет министрі Марат Бекетаев «президенттікке кандидаттарды қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар ғана ұсына алады» деп, азаматтардың президенттікке кандидат ретінде өзін-өзі ұсынуына тыйым салған заңды таныстырған еді.

Арада жарым өтпей Марат Бектаев елдің бәрі «EXPO» деп қарбалас жүргенде тағы да «Президентке кандидат болу» шартын қиындата түскен заң туралы айтты.

Әділет министрі Марат Бекетаев кандидаттардың елші болғандар арасынан шығуы мүмкін емес екенін: «Қазақстанда тұрмайтын елшілердің президенттікке үміткер болуға құқығы жоқ. Себебі Конституциялық заң талабы бойынша президенттікке үміткер Қазақстанда тұруы керек. Ал елшілер Қазақстанда тұрмайды. Сондықтан олар үміткер болуы мүмкін емес» деп жеткізген. 

Алайда сенатор Серік Ақылбаев министрдің сөзімен келіспеген. Оның айтуына қарағанда, Қазақстанның елшілері де Қазақстан азаматтары. «Неге олар президенттікке үміткер бола алмайды? Болады. Ол дұрыс емес. Тіпті, Қазақстан елшілігі орналасқан жер де  Қазақстанның аумағы болып саналады», - деді Ақылбаев. Парламент Сенаты мен Әділет министрлігінің пародоксалды пікірлері халықты да тығырыққа тірегені анық. 

Заңға сай, келесі президент сайлауы 2019 жылы бірінші желтоқсанда өтуі тиіс. Келесі сайлауға екі жарым жылдай ғана уақыт қалды. Ал, сайлау жақындаған сайын Қазақстанда Президентке талап күшейіп барады. Бектаев «Елші президент бола алмайды» дейді, Ақылбаев «болады» дейді. Кімнің президент болғанын кім қаламай жүр?  Конституция кім үшін өзгертілді? Ол жағын түсіне алмадық.

Ақан Бектас

Связанные Статьи