Жексенбі күні таңертең АҚШ әскері ресми түрде Ауғанстан аумағындағы әскери міндетін аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Осыған дейін Ұлыбритания да аталған жерден өз әскерінің қызметін тоқтатқаны жөнінде хабарлаған.
Reuters агенттігінің жазуынша, одақтастар тұрақтап келген Camp Leatherneck пен Camp Bastion әскери базаларын жергілікті қарулы күштердің иелігіне тапсырған. Енді америкалық және британдық сарбаздар соңғы тұяғына дейін қалмай ұшақпен елдеріне жөнелтіледі.
Аталған екі мемлекеттің әскерлері ауған жерінде аттай 13 жыл болды. Осы жылдар бойы барлығы 940 сарбаз бақилық болса, соның 360-ы америкалықтар екен.
Өз кезегінде АҚШ шенеуніктері Иракқа қарағанда Ауғанстаннан әскер шығарудың әлдеқайда ауыр екенін алға тартады. Өйткені ел аумағынан осы уақытқа дейін жиналып қалған әскери жабдықтар мен қару-жарақтарды алып кету оңай шаруа емес. Алайда келісім құжаттарына сәйкес, қару-жарақ пен оқ-дәрінің жартысы ауған сарбаздарына қалдырылмақ. Сондай-ақ, құны 230 млн. АҚШ доллары болатын стратегиялық нысандар мен 34 млн. АҚШ долларының штаб-пәтері ауған күштерінің меншігінде қалатын болып шешілген.
Қамшы-ақпарат
