Мемлекет басшысы елорданың айналасындағы жасыл аймақты тікұшақпен аралап, оған қырғауылдар мен еліктер жіберудің дәстүрлі шарасына қатысты. Сондай-ақ, іс-шара соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді.
Қазақстан Президенті бүгінде Астана маңындағы 80 мыңға жуық гектар жерге ағаш отырызылғанын және 2020 жылға қарай оның аумағы 100 мың гектарға жететінін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев «жасыл желектегі» жан-жануарлар мен өсімдік әлемінің әртүрлілігіне назар аударып, ағаш егуді көбейту жөніндегі жоспарлар туралы айтты.
– Ғалымдар мен орманшыларға атқарған жұмыстары үшін алғыс білдіремін. Бұл жерде ағаш өсіру оңай шаруа емес. Қазір мұнда үлкен орман алқабы пайда болды. Астананың айналасындағы орман кеңістігі жан-жануарлар мен құстар емін-еркін мекен ететін табиғи алқапқа айналды, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы қала маңындағы орман алқабы елорданың қолайлы климатын қалыптастырып, экологиясын жақсартуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Сонымен бірге, Қазақстан Президенті орман алқабының аумағында рекреациялық аймақ салу нәтижелеріне тоқталып, «жасыл желекті» «еліміздің тынысы» деп атады.
– Адамдар осы жерде қанша жыл өмір сүрсе, орманымыз да сонша уақыт тұрады. Бұл – еліміздің байлығы. Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтіп жатыр. Ол «жасыл дамудың» қағидаттары мен идеясын ұстанатын қала ретінде Астананың имиджін нығайтуға септігін тигізеді. Елорда ішіндегі саябақтар да белсенді түрде жақсартылуда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы болашақ ұрпақты, өз елінің нағыз патриоттарын тәрбиелеп өсіруде табиғатты сақтаудың және туған жерді құрметтеудің маңыздылығына ерекше тоқталды.
Қазақстан Президенті орман алқабының аумағын тікұшақпен аралап көріп, «Балқарағай» демалыс аймағында орналасқан этноауылда болды, сондай-ақ «жасыл аймақты» дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен оны одан әрі көгалдандыру жоспарлары туралы хабардар болды.
Кеңесте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Нысанбаев есеп берді. Вице-министрдің мәліметіне сәйкес, бүгінде 1997 жылдан бастап отырғызылған орман алқабының көлемі 80 мыңға жуық гектарға жетті.
Е.Нысанбаев отырғызылған көшеттердің жағдайына ұдайы мониторинг жасап, республикамыздың кәсіби ұйымдарының қатысуымен ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу Астана қаласы маңында «жасыл желекті» қалыптастыруды қамтамасыз ететін негізгі шара болып саналатынын айтты.
Кеңеске Президент Әкімшілігінің Басшысы Ә.Жақсыбеков, Астана қаласының әкімі Ә.Исекешев, Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин, Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов та қатысты.
Жасыл аймақты қалыптастыру туризм мен рекреацияны дамытуға септігін тигізеді. Бүгінде 10 орман пайдаланушыға «Жасыл Аймақ» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мемлекеттік орман қоры аумағынан мәдени-сауықтыру және рекреациялық мақсатпен орманды ұзақмерзімді пайдалануға учаскілер берілген.
Сондай-ақ, Астана қаласының шетінде елорда тұрғындары мен қонақтарының демалуы үшін Қосшы мен Ильинка кенттері арасында велосипед жолы салынды. Бұл жаңа технологиялық стандарттарға сай салынған және ұзындығы 23 шақырымды құрайтын әрі орманды жерде орналасқан ел аумағындағы бірден-бір велосипед жолы саналады. Қала әкімшілігі Астана айналасындағы велосипед жолы желісін 258 шақырымға дейін ұзартуды жоспарлап отыр.
Оставить комментарий