WSB ФИНАЛЫНДА 75 КЕЛІДЕ ӘБІЛХАН АМАНҚҰЛ ЖАРАҚАТЫНА ҚАРАМАЙ ШАРШЫ АЛАҢҒА ШЫҒАДЫ

/uploads/thumbnail/20170716220532305_small.JPG

Бірнеше күн бұрын Qamshy.kz ақпарат агенттігі «Астана Арландарының» бас бапкері Нұрлан Ақүрпеков мырзаның «Куба қабыландары біздің Арландар үшін құбыжық емес» атты сұхбатын жариялаған еді.
Онда, Президент кубогында Әбілхан Аманқұл бір қолынан жарақат алғаны, жуықта дайындық үстінде екінші қолын да жаралап алғаны, сондықтан финалдық кездесуде орнына Сапарбай Айдаров шығатыны айтылған болатын.

Бүкіл әлемдік бокс сериясының WSB жобасы бойынша финалдық кездесу 15 шілде күні Астана қаласындағы «Қазақстан» спорт кешенінде өтетіні белгілі. Жетінші маусымды түйіндейтін бұл додада «Astana Arlans» пен «Cuba Domadores» командалары өнер көрсетеді.

Кубалықтар бұл финалға кілең Олимпиада, Әлем чемпиондарын, тек қана бірінші номерлі боксшыларын әкеліп отыр. Ал «Астана Арландары» командасы екінші, үшінші, төртінші номерлі боксшылардан құралса да Өзбекстан, Ресей, Әзірбайжан, Қытай, Англия сияқты елдердің тек қана бірінші номерлі боксшыларын жеңіп, финалға жетіп отыр.

Күллі жанкүйер көз тіккен осынау шайқасқа Ұлттық құрамадан көмекке келеді деген Васили Левит пен Қамшыбек Қоңқабаевтың майданға шықпайтыны өткенде белгілі болған еді. Ал 75 келі салмақта шаршы алаңға шығады деп күткен Әбілхан Аманқұл жарақатына байланысты алаңға шығар-шықпасы белгісіз қалған. Дәрігерлердің тексеруінен өткен Әбілханның ақтық сында алаңға шығатыны бүгін анық белгілі болды. Осыған байланысты Арландардың бас бапкері Нұрлан Ақүрпеков және команда сапында өнер көрсететін Әбілхан Аманқұлдың өзімен де пікірлескен едік.

«75 келіде Әбілхан Аманқұл рингке шыға алмайтын болды» деген хабар жанкүйерлердің көңіліне суық су сепкендей болып еді...

Әбілханның жарақаты ауырлау болғаны рас. Оның үстіне ол тамыз айында Германияның Гамбург қаласында өтетін Әлем чемпионатына қатысуы керек. Ол додаға байланысты оқу-жаттығу жұмыстары 12-ші шілдеде басталады. Сонымен Ұлттық құраманың бас бапкерімен ақылдасып, ол жаттығудан босаттық. Левит те Қамшыбек те шықпайтын болған соң, 75 келіде жеңіс әкеледі деп күткен бір жігітім осы Әбілхан еді. Жанкүйерлер тарапынан «Бізде мықты жігіттер көп қой, оларды неге шығармайды?» деген сияқты сан түрлі сауалдар болады ғой. Сондықтан қолы ауырса да Әбілханға сенім артуға тура келді. Дәрігерлер рұқсат берді, қазір емнің барлық түрін қабылдап жатыр.

Қамшыбек Қоңқабаев Арландар сапында алаңға шығып қалар деген үміт әлі де үзілген жоқ. Ол жайлы не айтар едіңіз?

Қамшыбек туралы айтар болсақ, «анасы ауырып қалды» деген суыт хабар жеткен күні алып-ұшып маған келді. Жағдайды естіген соң бірінші болып мен қолдадым. «Анаңның қасына бар. Хал үстінде жатқанда қол-аяғын уқалап, қасында отырғанға не жетсін? Аман-есен қасына барғаның анаңа күш береді» деп ұшаққа өзім отырғызып жібердім. Сосын, бірнеше күннен соң хабарластым. «Аға, анам комада жатыр. Сөйлей алмайды. Бірақ, бәрін көріп, сезіп жатыр. Ал мен болсам біраз күн дайындықтан қалып қойдым, маған ренжімесеңіздер, анамның қасында болайын», деп бұл айқасқа келмейтінін білдірді. Сонымен Олжас Бұқаевты дайындауға кірістік.

Бұқаев пен қарсыласы туралы айта отырсаңыз.

Олжас Бұқаев та осал жігіт емес. Менің жорамалым бойынша оның айқасы сондай бір тартысты да қызықты боларына сенемін. Өйткені, кубалықтың да бойы онша ұзын емес, дене келбеті де Бұқаевқа келеді. Екеуінің де бокс мәнері бір стильде, рингтің қақ ортасында тұрып тіресетін нағыз жекпе-жек болады. Ал бірі ұзын, бірі қысқа болғанда сәл ыңғайсыз ойын болары белгілі. Қамшыбек ойнағанда басқаша болар еді, қаша жүріп шабуылға өтеді, дер кезінде соққы жасайды, жылдам да батыл.

Жалпы, Қамшыбекке еш өкпем жоқ. Бұл дүниеде анадан артық кім бар дейсіз? Бұндай жағдай бір өте нәзік нәрсе ғой. Сол үшін жанкүйерлер де оны түсінеді деп ойлаймын. 

Кубалықтар Қазақ жеріне келді ме қазір?

Иә, олар келіп алғалы екі күн болды. Осында келіп жаттығып жүр, бізбен суретке де түсті...

***

Финалдық кездесуде үміт артқан боксшымыз Әбілхан Аманқұлдың өзін де әңгімеге тартқан едік. Ол жалпы жағдайды қысқаша былай баяндап берді:

Алғашында менің бұл майданға шықпаймын деген себебім – осыдан бір жыл бұрын сол қолымнан жарақат алғанмын. Оны емдетіп жақсы болған да едім. Сосын өткен 3-ші маусым күні Қостанайда англиялықтарға қарсы жекпе-жекте тағы ауыртып алдым. Емдеттім, сонда да ауырып жүрді. Одан кейін жақында Астанада өткен Президент кубогында оң қолымды жаралап алдым. Арада біраз күн өтті ғой, тәуір болып қалған сияқты еді. Сонымен, алдыңғы күні өткен спаринг дайындық кезінде екі қолым да қайтадан сыр берді. Кеше дәрігерлер тексеріп, рентгенге түсірді де алаңға шығуыма рұқсат берді. Қазір емнің бар түрін жасап, лазермен, инемен емдеп жатыр. Мен де бар күшімді салып дайындалудамын. Қарсыласым Арлен Лопес әлем және Олимпиада чемпионы, барлық айқастарын интернеттен көріп, зерттеп жатырмын. Өзін де бұрынан танимын, менімен кездеспесе де Жәнібек Әлімхан, Мейрім Нұрсұлтанов сияқты ағаларыммен кездесіп, жеңілген. Алла қаласа, менде бәрі ойдағыдай, жанкүйерлерімнің сенімін ақтаймын. Өз жерімізде өтіп жатқан шайқаста елдің, жердің, қазақтың намысы үшін барымды саламын!

 

Қазақ жұрты көз тіккен айтулы додада ел намысын қорғайтын боксшылардың толық тізімі төмендегідей:

49 келі, Теміртас Жүсупов – Йоханус Аргилагос

 52 келі, Олжас Сәттібаев – Йосбани Вейтиа

 56 келі, Ильяс Сүлейменов –  ХавьерИбаньес

 60 келі, Зәкир Сафиуллин – Лазаро Альварес

 64 келі, Ділмұрат Мижитов – Энди Круз

 69 келі, Асланбек Шымбергенов – Роньель Иглесиас

 75 келі, Әбілхан Аманқұл – Арен Лопес

 81 келі, Арман Рысбек – Хулио Ла Крус

 91 келі, Антон Пинчук – Эрисланди Савон

 91 келіден жоғары, Олжас Бұқаев – Йоандри Тоирак

Нұрсұлтан Аманжолв резервте.

 

Әңгімелескен, суреттерді түсірген Ұларбек Дәлейұлы

Связанные Статьи